Еңбегі өнімді, көңілі сенімді
Елімізде өз күшімен кәсіп ашам дегендерге еркіндік жасалған. Жұмыс жоқ деп сылтауратудың жөні жоқ. Бар мәселе қаражатта дейтін болсақ, бұл жағынан мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Жеңілдетілген несиелер беріп, кәсіп бастасам деген жастарға барлық аймақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы мекемелер бар.
Мәселен, «Жастар жатыпішер болып алды» деген теңеу қазалылық жастарға тән емес. Өйткені, ауданда жыл сайын жас кәсіпкерлер қатары артуда. Тіпті кейбіреуі шағын ғана кәсіпкерлігін кеңейтіп, халыққа көрсететін қызмет санын одан әрі ұлғайтты. Солардың бірі – Мейірімжан Қаниев. Ол өзімен бірге үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мейірімжан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Мұнай және газ» факультетінде «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығын меңгерген. Ауылға келгеннен кейін мамандығына сай дайын жұмыс табыла қоймаған соң, ойлана келе әкесі Тарғын Қани 2003-2004 жылдары тұрғындарды кітаппен қамту мақсатында дүкен етіп салған «Асыл мұра» ғимаратында өз кәсібін бастауды жөн көрді. 2012 жылы өз қаржысы есебінен аудан орталығынан «Асыл мұра» компьютерлік орталығын ашты. Мұнда келушілерге компьютерлік қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Туған күн, мереке күндері жақын жандарыңызға ұсынатын әдемі де бағалы сыйды да осы жерден табуға болады. Кружка, тарелке ыдыстарымен бірге жеңіл киімдерге, әмиан, қойын кітапша, лентаға сурет басып, есте қалар естелік сыйлауға мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ, кристалға фотосурет басу, түрлі көлемдегі фотосуреттер, фотомозайкалар, есімхат жасатып, қолсағат, қаламсап, сақина бұйымдарына есіміңізді де жаздыра аласыз. Қазір жастардың той серуенін ұйымдастырумен де айналысып жүр.
Мейірімжан өз ісін жетік меңгерген. Түрлі компьютерлік бағдарламалармен жұмыс жасайды. Ол 2014 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. «Асыл мұра» дизайнерлік орталығының өнімдері 2016 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстанда жасалған» республикалық отандық өнім өндірушілер көрмесіне қатысып қайтты. Аудан бойынша өткен жылы «Үздік қызмет көрсету саласындағы кәсіпкер» номинациясын алды.
«Мен 2011 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығының курсына қатысып, сертификат иелендім. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында ұсынған жобам қолдау тауып, мемлекет тарапынан 2 млн теңге қайтарымсыз несие алдым. Жақсы қолдаулар болып тұрғанда айналысып жүрген ісімді жетілдіре беремін. «Асыл мұра» компьютерлік орталығының ғимаратын кеңейтіп, екі қабатты етіп қайта жабдықтадым. Оған ауданымыздағы ізденімпаз оқушыларымызбен қатар интернет желісін пайдаланамын деген тұтынушы келе алады. Келушілердің жұмысын сапалы әрі жедел орындап беру бір адамға ауыр болатыны белгілі. Осы тұста маған іні-қарындастарым қолғабыс етуде. Менің мақсатым айқын, кәсібімді одан әрі дамытып, халық қажетіне жарайтын отандық өнім шығаруды армандаймын. Сол жолда тынбай жұмыс істеудеміз. Қазір мектеп бітірушілерге арналған лента дайындаудамыз. Онда оқушының аты-жөні, мектеп атауы жазылып, кез келген дизайнда жазып береміз. Жақында ғана «Ерекше сый» деген атаумен түрлі дизайнерлік қызмет көрсететін орталық аштым. Тапсырыс берушінің талғамынан шығу, біздің ең басты мақсатымыз. Әрдайым қандай іс болмасын сапалы, мұқият жасауға бар ынтамызды саламыз», – дейді Мейірімжан Тарғынұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА