Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Вице-министр ер азаматтар 55 жасында зейнетке шыға алатынын айтты

Вице-министр ер азаматтар 55 жасында зейнетке шыға алатынын айтты

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында зейнетақы төңірегіндегі сауалдарға жауап берді.
Қазақстанда зейнетке ерте шығуға кімдер құқылы? Баспана сатып алу үшін зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға бола ма? Қарағандылық кеншілердің талабы неге орындалмайды? Әйелдердің 63 жаста зейнетке шығуы жұмыссыз жастардың артуына себеп болмай ма? Зейнетақы жүйесіне қатысты осы және өзге де сұрақтарға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жауап берді.
Светлана Қабыкенқызы, қазір зейнетақыға қатысты жұртты мазалайтын сұрақтар көп. Бәрі де бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Осы көптің көкейінде жүрген сауалдардың басын ашып алсақ. Зейнетке кімдер ерте шыға алады?
– Бізде қазіргі таңда зейнетке ерте шығатын бірнеше топ бар. Біріншісі, дүниеге бес бала әкеліп, оларды сегіз жасына дейін тәрбиелеген аналар 53 жасында зейнетке шығады. Екіншісі, Семей полигонында, өте жоғары радиациялық қатер, төтенше радиациялық қатер аймағында 1949 жылдан 1963 жылға дейін тұрған азаматтар. Үшіншісі, зейнетақы аннуитетін сатып алған жағдайда, ер азаматтар 55 жасында, әйелдер 50 жасында зейнетке шықтым деп үйде отыра алады. Төртіншісі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери азаматтар.
Осыған дейін зейнеткердің қалауына қарай бір жылдық зейнетақыны толық көлемде алуға болатын еді. Биылдан бастап тек ай сайын ғана төленетін болды. Мұның себебі неде?
– Біздің зейнетақы жүйеміз үш деңгейден тұратынын білесіздер. Біріншісі – базалық деңгей, қазіргі таңда ол бәріне бірдей 15 274 теңгені құрап отыр. Бірақ біз оның методикасын өзгерттік, яғни 1 шілдеден бастап зейнеткердің еңбек өтіліне қарап төлейтін боламыз. Қазіргі таңда бәрін есептеп, тиісті жұмыстарды жүргіздік. Барлығы дайын деп айтуға болады. Екінші деңгей – ынтымақты зейнетақы жүйесі. Кеңес өкіметі кезінде жұмыс істеген аға-апаларымыздың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Сол еңбек өтілі саналып төленетін төлем ынтымақты зейнетақы деп аталады. Ал үшінші деңгей – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. 1998 жылдан бастап қорға ай сайын аударылып отырған жарна есебінен төленеді. Енді неге біз осы төлемдерді тек ай сайын беретін болдық?
Ынтымақты жүйеде зейнеткерлердің тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі саналады деп айтып кеттім ғой, жыл сайын сол азаматтардың еңбек өтілі төмендей береді. Сәйкесінше ынтымақты жүйеден төленетін зейнетақы мөлшері азаяды. Бірақ оның орнын толтырып отыратын басқа төлемдер жоқ. Сондықтан біз мұны алып тастадық. Әдетте үлкендер зейнетақы қорынан бір жылдық ақшасын алып не істейді?! Дүркіретіп той өткізеді, немесе тұрмыстық техника алады, оңды-солды жұмсайды да, кейін зейнетақының мөлшеріне наразылық білдіреді. Ал негізі бұл төлемдердің мақсаты – бір реттік қажеттілікті қанағаттандыру емес, кәрілікті қамтамасыз ету. Сондықтан осындай шешім қабылдадық. Егер адамдарға зейнетақыны пайдалану мәдениетін үйретпесек, осы қалпында қалайын деп отыр. Осы үш төлем – базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы азаматтың жоғалтқан табысының кем дегенде 40 пайызын өтейді. Ал қазіргі уақытта біз оның 46 пайызын беріп отырмыз.
Зейнетақы қорындағы ақша қандай жағдайда толық көлемде төленеді?
– Қазір зейнетке шыққандардың бәрі зейнетақысын толық алғысы келеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Біріншіден, егер Қазақстан азаматы басқа елге қоныс аударып, сол мемлекеттің азаматтығын алса, онда төлем толық аударылады. Екіншіден, азамат қайтыс болған жағдайда, отбасы мұрагер ретінде алты айдан кейін ақшаны алуға құқылы. Үшіншіден, зейнетақы аннуитеті арқылы. Азамат зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырады. Кейін сақтандыру компаниясы оған ай сайын төлейді немесе бір жылдың ақшасын бір-ақ аударады. Ол үшін қорда жинақталған зейнетақы жарнасының сомасы аннуитетті сатып алуға жеткілікті болуы керек.
Аннуитет үшін ерлер мен әйелдердің шотында қанша теңге жиналуы керек сонда?
– Ер адамдар үшін – 9 миллион, әйелдер үшін – 13 миллион теңге. Қазіргі таңда Ұлттық банк есептеу әдістемесін өзгертеміз деп жатыр.
Депутаттар зейнетақы жинағын оқу, баспана алу мақсатында азаматтарға алдын ала шешіп алуға рұқсат беруді ұсынған болатын. Мұндай халықаралық тәжірибеде де бар екен. Болашақта қазақстандықтарға осындай мүмкіндік беріле ме?
– Бүгінде бұл Сингапурдың тәжірибесінде бар. Бірақ ол елде жарнаның мөлшері – 20 пайыз. Ал біз жинақтаушы қорына 10 пайыз ғана аударып отырмыз. Сондықтан сингапурлықтар 20 пайыздың 10 пайызынан жиналған ақшаны баспана алу үшін немесе оқу ақысын төлеу үшін жұмсай алады. Ал қалған он пайызы тек зейнетақы төлеуге қалады. Қазіргі таңда Ұлттық банк депутаттардың ұсынысын қарастырып жатыр. Жоғары кірістілікті қамтамасыз ету үшін қандай да бір өзгерістер қажет. Әйтпесе бес теңге кіргізіп, сол бес теңгені қайта алған дұрыс болмайтын шығар. Бес теңгені мен қырық жыл бұрын кіргізгем, енді 40 жылдан кейін де сол тиынды алғаным дұрыс емес қой. Әзірге бір нәрсе деу ертерек, анық-қанығын ұлттық банк айта жатар.
Өткен жылдың соңында Қарағанды облысында ереуілге шыққан шахтерлердің қойған талаптарының бірі зейнет жасын төмендету болған еді. Осы мәселе қарастырылып жатыр ма?
– Иә, кеншілердің бұл мәселені көтергені рас. 2014 жылдан бастап біз бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне бөлек жарна, яғни кәсіби зейнетақы жарнасын енгіздік. Жұмыс беруші өз тарапынан әр жұмысшы үшін қосымша бес пайыз аударып отырады. Ал жұмысшы өзінің жалақысынан 10 пайыз аударады. Сондықтан 15 пайыздан аударылған жарнадан жиналған ақшаға зейнетақы аннуитетін сатып алып, зейнетке ерте шыға алады деп айтамыз. Алайда біз сараптама жасадық. Сонда байқап қарасақ, 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін үш жыл ішінде ол жарналар аннуитет сатып алуға жеткілікті соманы бере қоймайды екен.
Аннуитет сатып алу үшін ерлердің зейнетақы шотында 9 миллион теңге болуы керек деп айтып өттім ғой жоғарыда. Бірақ қазір олардың зейнет жасын төмендету міндеті тұрған жоқ, алдағы уақытта қаралмайды да. Өйткені, біріншіден, ынтымақты зейнетақы онсыз да біртіндеп кетіп барады. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі азаюда. Мәселен, 1960 жылы туған әйелдер зейнетке шығып жатыр, солардың еңбек өтіліне қарасақ 20 жылдан аз.
Ал заң бойынша егер сіздің еңбек өтіліңіз 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылды құраса, онда зейнетақы мөлшері де толық болады. Сондықтан азаматтардың еңбек өтілі аз болғаннан кейін, ынтымақты жүйеден төленетін зейнетақы мөлшері ең төмен болып шығып отыр қазір. Осындай жалақымен 2008-2015 жылдары зейнетке шыққан әйелдердің зейнетақысы жүз мыңға баратын еді. Ал қазір шығып отырған әйел азаматтардың зейнетақысы аз, қырық бес мың ғана. Сондықтан егер біз 50 жасқа дейін төмендетсек, ынтымақты жүйе мүлде жойылады. Мысалы 1981-82 жылдары туған азаматтардың еңбек өтілі ынтымақты жүйеде онсыз да жоқ. Сонда 50 жасқа келгенде қай қордан ақша төленеді? Ақша болмайды. Әр азамат өз жалақысынан жарна аударып отыру үшін жинақтау жүйесін енгіздік. Бірақ оны істеп отырған ешкім жоқ. Салық төлемінен босатылса да, өз еркімен зейнетақы жарнасын аударып отырғандар өте аз.
Қазақстан халқының тұрмыс деңгейіне, әл-ауқатына қандай баға бересіз?
– Орташа деп айтар едім. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан халқы санының 2,9 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейін алады. Соған қарағанда тұрмысы төмен азаматтар болмауы керек елімізде. Олардың кейбіреуі қиын жағдайға тап болғандар, енді біреулері жұмыс ұсынсаң да, істегісі келмейтін, ол жұмысты өзің істе дейтіндер. Білім деңгейі де төмен, жоғары білімі жоқ, 11 сыныпты ғана бітірген. Бірақ қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орнына жіберсең, бармаймын деп бастарын ала қашады. Қазір былай қарасаң, жастар төмен сатыдан бастап, азға қанағат етіп, бірте-бірте көтерілу дегенді білмейді, оны қаламайды да. Бізге жоғары білімі бар жастар жұмыс іздеп келеді ғой, сол кезде ең бірінші қоятын талабы "маған жалақысы кем дегенде 200 мың теңге болатын жұмыс беріңіз" дейді. Сондай сәттерде маған өзімнің еңбек жолымды қалай бастағаным еске түседі.
1993 жылы теңге ұлттық валюта ретінде енді ғана енгізілгенде, менің еңбекақым алты мың теңге ғана болатын. Мен өзім еңбек жолымды мектепте бастадым. Бірақ барлық мекемеде орташа жалақы сол шамада болды. Сонда менің жолдасым айтатын "несіне жұмыс істейсің, үйге бәрібір жарытып ақша әкелмейсің, үйде отырсаңшы одан да" деп (күлді). Бірақ мен ақша үшін емес, өзім үшін еңбек еттім. Себебі жұмысымды қатты жақсы көретін едім. Алты мың теңге қолыма тигенде, ең қымбат қағаз-картон сатып алып, балаларға түрлі карточка, әдістемелік дүниелер жасайтынмын. Бар тапқан-таянғанымды бүлдіршіндерге жұмсайтын едім.
Жұмыспен қамту орталықтарына барғанда, жастармен сөйлесесің, сол кезде бәрінің айтатыны "жалақысы осынша болмаса, маған ондай жұмыстың керегі жоқ" деп кетіп қалады.
Әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке көтеріп тастадық. Егер әрбір зейнеткер алпыс үшке дейін жұмыс орнын босатпай, қызметін жалғастыра берсе, бұл жастар арасында жұмыссыздықты ұлғайтпай ма?
– Жоқ, бұл мәселеге басқа қырынан қарау керек. Мен айтып өттім ғой, ынтымақты жүйеде әйелдердің еңбек өтілі азайып бара жатыр. Бұған қоса, олардың жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аудару мерзімі қысқа. 58 жасында зейнетке шығатын әйел 63 жаста шығатын ер адамға қарағанда аз жарна аударады. Яғни еңбек өтілі де, аудару мерзімі де аз, тиісінше зейнетақы шамалы шығады. Сондықтан әйелдер жинақтаушы қорына көбірек жарна аударып үлгеру үшін осындай шешім қабылданды. Сонда олардың зейнетақысы ерлердікімен тең болады. Біз қазір гендерлік теңдік деп айтып жүрміз ғой. Бізде ерлердің табысы әйелдерге қарағанда анағұрлым көп. Статистикада бұл ап-айқын көрсетілген.
Сонда қараңыз, әйелдер аз жалақы алып, зейнетақы жарнасын аз аударады, оның үстіне жарна аудару мерзімі де қысқа. Егер мәселен ер адам еңбек нарығына 20 жасында келсе, 63-ке дейін 43 жыл еңбек өтілі болады. Ал дәл сол жаста келген әйел 58 жасында шықса, онда 38 жыл. Бірақ бұл аралықта әйел декреттік демалысқа шығатынын ұмытпау керек. Сол себепті бұл жерде әйелдердің құқығы шектеліп тұр. Әрине, егер ер адамдар әйеліне зейнетақы аннуитетін сатып әперіп, мол мұра қалдырып, кәрілігін қамтамасыз етсе жақсы. Бірақ біз қазір статистикаға қараймыз. Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы 65 жастан сәл ғана асады, ал әйелдер 80 жасқа дейін өмір сүреді. Сонда есептеңіз, сексен жасқа дейін ол әйелді кім асырайды?
Жаңа өзіңіз статистика бойынша ерлер аз өмір сүреді деп айтып қалдыңыз. Осыны негізге алып, ерлер жағы зейнет жасын 58 жасқа дейін қысқартуды талап етуі мүмкін бе?
– Олай айтпайтын шығар енді, ер болғаннан кейін ондай талап қоймас деп ойлаймын (күлді). Алайда қазір қоғамда парадигма өзгеріп бара жатыр. Біз жұмыс істейтін әйелдер үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында бала күтіміне байланысты төлем енгіздік. Яғни ана бала күтіміне байланысты мемлекеттен ақша алады. Қазір біз нені байқап отырмыз? Бізде қаңтар айында 8 мың ер адам үйде бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеген. Иә, заң бойынша ерлерге тыйым салынбаған, бізде теңдік. Бірақ, өзіңіз ойлаңызшы, бұрынғы уақытта ер адам декретке шықты деген болды ма?! Әйеліне "сен бар, жұмыс істе, ал мен үйде бала бағамын" деген болды ма сондай? Біз әйелдер баланы тамақтандыру керек, тәрбиелеу керек деп ойлаймыз, ал сонда ерлер қай бетімен декретке кетеді?
Қазақстанда әйелдердің барлығының тұрмысы бірдей емес. Ауыр жұмыс істейтіндері бар, бала тәрбиесімен айналысады дегендей. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдерді 63 жасқа дейін жұмысқа жегіп қою әділетсіздік емес пе? Вице-министр ретінде емес, қарапайым әйел ретінде не айтар едіңіз?
– Бізге бұрын Тамара Қасымқызы (бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – автор ескертп.) айтатын, "сендер не әйел, не ер емессіңдер. Сендер мемлекеттік қызметкерсіңдер" деп (күлді). Мен үнемі өз апаларыма қараймын. Менің үш апам бар, ең үлкені 70 жаста, кішісі биыл 65-ке келеді. Үшеуі де жұмыс істейді. Жұмыс істеп, ақша табамын деп отырған жоқ, оларды тәжірибесі, көргені мен түйгені мол қызметкер ретінде айналасындағылар жібергісі келмейді. Тым болмаса ақылшымыз, кеңесшіміз болып отыра беріңіз деп. Апаларыма қарасам, олар өз ісін сүйетін, өз ісіне берілген еңбекқор жандар. Мұндай жаста оларға еңбек ету тіпті де ауыр емес, керісінше.
Жаңа басшының келуімен министрлік жұмысына қандай өзгерістер енді? Мадина Әбілқасымованың қарамағындағы қызметкерлеріне қоятын басты талабы қандай?
– Әр министрдің басты талабы – нақты әрі тиімді жұмыс істеу. Уақытты босқа өткізу деген болмау керек. Қазір мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жұмысты жалғастырып жатырмыз.
Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
16 наурыз 2018 ж. 1 292 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930