Кәсіпкерлік палатасы аралдық кәсіпкерлердің несие төлеу мерзімін шегеруді сұрайды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Аралдағы ахуалға орай ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің жағдайына алаңдаулы екендігін жеткізді.
Стастистикалық мәліметтерге сай 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Арал ауданында 56 575 ірі қара мал, 40 570 жылқы мен 33 020 түйе, 109 751 бас қой мен ешкі бар екен.
«Биылғы елдегі қуаңшылық пен жем-шөптің жетіспеушілігі салдарынан Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғандығынан өздеріңіз де хабардарсыздар. Сырдария өзеніндегі судың аздығы, жауын-шашынның аз түсуі, оның үстіне күннің қатты ыстықтығы салдарынан аудандағы жайылымдық жерлердің 90 пайызы жарамсыз болып отыр. Ресми 559 малдың өлгендігі туралы ақпарат бар. Бейресми сандардың бұдан көп екендігі сөзсіз. Оның үстіне мал арасында инфекциялық аурулар да кездесуде», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата директоры бүгінде мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолға алынғандығын, сондай-ақ кәсіпкерлер де сырт қалмай, қолдан келген көмектерін көрсетіп жатқандығын айта келе, Аралдағы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің бір проблемасына тоқталып өтті.
«Аралдағы ауылдық елді мекен тұрғындары арасында кәсіп жүргізу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан», «Аграрлы несие корпорациясынан», «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан несие алған азаматтар бар. Қазір ауданда қалыптасқан жағдай кәсіпкерлік саласына да айтарлықтай зиянын тигізіп тұр. 1 шілдедегі мәлімет бойынша жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 3699-ды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға аз», – дейді Палата басшысы.
Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, Арал ауданынан өзге аудан, Қызылорда қаласында өсім бар екен. Облыс көлеміндегі өсім 6,1 пайызды құрап отыр.
Жоғарыда айтылған жайттардың барлығын саралай келе, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Арал ауданындағы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің несиесін 1 жылға тоқтата тұрған жөн деп санайды.
«Аралдағы шаруалар қолдарында бар малдарын қазір сата алмайды да. Себебі қоңды емес. Ауданда қабылданған төтенше жағдайды негізге ала отырып, несиелерін және оның үстіне қосылатын пайыздарын 1 жылға тоқтатуды ұсынып отырмыз. Несиені тоқтатып, бірақ үстінен пайызы жүре беретін болса бұл кәсіпкер үшін бәрібір тиімсіз», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.