Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді
Бүгін, 1 наурыздан бастап республикада карантин жеңілдейді, көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. Көктемнің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Кейбір оқушылар мектепке оралса, мешіттерде жұма намазына рұқсат етіледі, халықаралық әуе рейстерінің саны артады.
Оқушылар аралас форматқа көшеді
1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі. Тек мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілері көп тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарында аралас форматқа рұқсат жоқ.
Мектеп бітіретін 9, 11, 12 сынып оқушылары да аралас форматта оқиды. Пәндердің 70 проценті штатты режимде, қалған отызы қашықтан оқытылады. Бір сыныпта 15 баладан аспауы керек.
Сонымен қатар, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімімен оқушыларға сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда жеке оқуға рұқсат етіледі.
Екінші семестрден колледждер мен университеттердің I курс студенттері де штатты режимде оқиды.
Мешіттерде жұма намазы оқылады
Жеті күн бойы коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймақта тұрған өңірлерде жұма намазына рұқсат етіледі. Бірақ, мешіттерде залдың толуы 30%-тен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, залдың толуы 30%-тен, адам саны 50-ден аспаған жағдайда ас беру рәсімін өткізуге болады.
Қазақстан мешіттерінде жұма намазын оқуға өткен жылдың наурызынан бастап тыйым салынды. Кейін кейбір өңірлерде ауыл мешіттерінде жұма намазына рұқсат берілді. Ол үшін сол ауылдың өзі де, облыс та "жасыл" аймақта болуы тиіс еді.
Сауда орталықтары жексенбіде де ашық
7 күн бойы "сары" аймақта болған өңірлерде 1 наурыздан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, бір апта бойы "жасыл" аймақта тұрған өңірлерде цирктер, бильярд клубтары, балалар ойын-сауық орталықтары ашылады.
Спорттық іс-шараларды өткізуге де рұқсат етіледі.
Әуе рейстерінің саны артады
Бүгіннен бастап тағы төрт елге халықаралық әуе рейстері артады: Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина.
Мұндай шешімді коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратынша, Қазақстан Түркістаннан Ыстамбұлға халықаралық рейстер ашады. Қазақстандық әуе компаниялары ("Эйр Астана" және SCAT) бұл бағытта аптасына төрт рейс орындайды.
Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Украинаға мына бағыттар бойынша рейстер саны ұлғайтылады:
Алматы-Ташкент-Алматы: аптасына 4-тен 8 рейске дейін ("Эйр Астана" мен Uzbekistan Airways 2 рейсі қосылады);
Алматы-Бішкек-Алматы: аптасына 3-тен 5 рейске дейін ("Эйр Астана" 2 рейсі қосылады);
Алматы-Киев-Алматы: аптасына 1-ден 2 рейске дейін ("Эйр Астана"1 рейсі қосылады).
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сай орындалады.
Вакциналаудың екінші кезеңі
Наурыз айында республикада коронавирусқа қарсы вакцина салудың екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының педагогтеріне, медицина қызметтерінің жұмысшылары мен әскери қызметшілерге екпе егіледі.
Қазақстандықтарға 1 ақпаннан бастап ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіле бастады. Бірінші кезеңде екпе вирус жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлеріне салынды.
Жуырда бас мемлекеттік санитар дәрігер 65 жастан асқандарға да вакцина салуға рұқсат еткен еді.
Жыл соңына дейін денсаулық сақтау министрлігі алты миллионға жуық қазақстандықты вакциналауды жоспарлап отыр.
Ескі банкноттар қабылданбайды
3 наурыздан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік банкноттар айналымнан шығады. Оған дейін ескі купюраларды Ұлттық банктің филиалдарында айырбастауға болады.
3 наурыздан кейін банкноттарды қабылдау және айырбастау тоқтатылады.
Айта кетсек, 1 000 теңгелік банкноттарды ауыстыру 2017 жылы 2 наурызда басталған еді.
Бұған дейін мәжіліс депутаттары Ұлттық банктен ескі банкноттарды ауыстыру мерзімін ұзартуды, сонымен қатар Ұлттық банктің филиалы жоқ елді мекендерде банкноттарды екінші деңгейлі банктерде айырбастау мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Олардың айтуынша, карантиндік шектеулерге байланысты көптеген тұрғынның банкноттарды уақытылы айырбастауға мүмкіндігі болмаған.
Көктемгі әскерге шақыру
1 наурыздан Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. Науқан 1 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18 бен 27 жастағы 13,5 мыңнан астам адам әскерге жіберіледі деген жоспар бар.
Халықпен тікелей қарым-қатынасты азайту әрі көктемгі әскерге шақыру барысынан хабардар ету процесін автоматтандыру мақсатында пилоттық режимде мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарға SMS-хабарлама тарату жоспарланып отыр. Хабарламалар "1414" арқылы жіберіледі.
Әскерге шақырылғандар ПТР-тестен өтіп, коронавирусқа қарсы вакцина да салынады.
Көлік картасын қайта шығару құны өседі
1 наурыздан қоғамдық көліктің жеңілдігі бар немесе мектеп оқушыларына арналған Transcard көлік карталарын қайта шығару бағасы екі есе өседі.
Бүгіннен бастап көлік карталарын қайта рәсімдеу құны 1 000 теңгені құрайды. Ал картаны алғаш алатындар үшін баға өзгерген жоқ – 500 теңге.
CTS компаниясы бұл шара валюта бағамы мен жеткізушілерден сатып алу бағасының көтерілуіне, көлік карталарын жасауға арналған операциялық және күрделі шығындардың өсуіне байланысты қабылданғанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, орнатылған NXP чипі бар Mifare Plus EV1 стандартындағы байланыссыз микропроцессорлық смарт-карталардың бағасы өсті. Сондай-ақ, аппараттық-бағдарламалық кешенге қызмет көрсетудің құны жоғарылады.
Пойыз билеттері қымбаттайды
1 наурыздан бастап әлеуметтік маңызы бар бағыттарда теміржол билеттерінің бағасы 7 процентке көтеріледі.
Ресми мәліметке сәйкес, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда халық жиі жүреді. Сол себепті осы санаттағы пойыздарға мемлекет тарапынан субсидиялар бөлініп тұрады. Олар 106 бағытта жүреді. Соның ішінде 9 мемлекетаралық бағдар бар.
Бүгінде COVID-19 пандемиясына байланысты мемлекетаралық пойыздардың қатынасы тоқтатылды. Ал ішкі бағдарлардың саны қысқарып отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар 32 бағдарда теміржол тасымалы ұйымдастырылған.
Түрмедегі кездесулерге рұқсат берілді
Бірінші наурыздан бастап түрмеде жазасын өтеп жатқандар жақындарымен кездесе алады. Тиісті қаулыға елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов қол қойды.
Түрмедегі ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерге санитарлық талаптар сақталған жағдайда рұқсат етіледі.
Абақтыдағы туысымен кездесу үшін адамдар коронавирусқа ПТР-тест тапсыруы керек. Анықтама мерзімі бес күннен аспауы тиіс. Сонымен қатар, кездесу кезінде бетперде режимі сақталуы қажет.
Туыстарымен кездескеннен кейін сотталғандар екі аптаға карантинге жабылады.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылуы мүмкін
Наурыз айында "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасы басталуы мүмкін. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев мәлімдеген еді.
Жаңа бағдарлама 35 жасқа дейінгі жастарға баспаналы болуға мүмкіндік береді.
"Бөлінетін кредиттің шегі 13 миллион теңгенің шамасында есептеліп отыр. Алғашқы жарна – 10 процент. Одан кейін қолданыстағы заңнама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында кезекке тұра алмай жүрген жастарды қамту карастырылған. Қазіргі тұжырымдамада бұқаралық ақпарат құралдарында істейтін азаматтар да бар. Сосын бюджеттік салада еңбек етіп жүрген мұғалімдер, полицейлер, одан кейін өнер мен әлеуметтік сала қызметкерлерін де қамту мәселесі алдын ала көрсетіліп отыр", - деді Матаев.
Баспанаға үміткерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен кредит беріледі. Қарызды өтеу мерзімі әр жағдайда жеке-дара қарастырылады. Мерзім 3 жылдан 25 жылға дейін болуы мүмкін.