Шетелдік инвесторларды қандай салалар қызықтырады?
Шетелдік инвесторларды қандай салалар қызықтырады? Бұл жайлы ranking.kz зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде олардың шикізаттық емес салаларда бірқатар жобаны іске асырып жатқаны анықталды.
Коронавирус пандемиясы Қазақстан экономикасын 2,6% деңгейінде төмендетті. Әйтсе де бүкіл әлемдегі ірі державалардың экономикасына қарағанда бұл көрсеткіш соншалықты құлдырау емес. Мәселен, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, COVID-19 індетінің салдарынан жаһандық жалпы ішкі өнім 4,4% төмендеген. Атап айтқанда, АҚШ экономикасы 4,3%, Үндістан 10,3%, Жапония 5,3%, Германия 6%, ал Ресей 4%-ға құлдыраған. «Дағдарыстың ел экономикасына әсерін барынша азайту үшін Қазақстан шикізаттық емес салалардағы инвестициялық белсенділікті арттырып, шынайы сектордың өсімін қамтамасыз етті, сауда балансының оң сальдосын сақтап, экономиканы несиелендіру көрсеткішін ұлғайтты. 2020 жылы шынайы сектордың өсімі 2% құрап, экономикалық драйверге айналғанын атап өту керек. Шынайы сектор мен қызметтің жекелеген түрлерінің барлығында оң өсім байқалады. Мәселен, бұл көрсеткіш құрылыс саласында 11,2%, ақпарат және байланыс саласында 8,6%, ауыл шаруашылығында 5,6%, өңдеу өнеркәсібінде 3,9%, білім саласында 2,3%-ға артқан», - делінген зерттеуде. Жалпы экономиканың құрылымы да сапалы түрде жақсарып қалғанын атап өту керек. 2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің ішінде өңдеу сегменті 39,4%-дан 48,8%-ға артты. Жеңіл өнеркәсіпте, автокөлік құрауда және дайын металл бұйымдарының өндірісінде екі есе өсім байқалған. Өңделген және дайын тауарлардың экспорты да артты. Осылайша экономиканы әртараптандырып, шикізаттық емес сектордың дамытуға бағытталған бағдар дағдарыстың теріс салдарын еңсеруге көмектесті. 2020 жылғы қазан айының басындағы мерзімге қарағанда елде шетелдік инвесторлардың қатысуымен шикізаттық емес салалаларда 200-ге тарта инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан. Атап айтқанда бұл жобалар агроөнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, көлік құрау, мұнай-газ химиясы мен химиялық өнеркәсіп саласы, баламалы қуат көздері, көлік және логистика салаларында іске асырылған. «Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына шетелдік инвестицияларды көбірек тартып, инвесторларға инвестициялық процестің барлық сатысында қолдау көрсету үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығында «Қазақстанның инвестициялық даму қоры» қоры жұмыс істейді. Бұл ретте басымдыққа ие инвестициялық салаларға агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылымдық жобалар (энергетика, көлік, логистика, ІТ және тағы басқа) жатады. 2020 жылы Қазақстанның инвестициялық қорына 103,8 млрд теңгеге дейін капитал салынған. 2020 жылғы 17 қарашада Шетелдік инвесторлардың кеңесінде Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті салаларды атаған еді. Олардың ішінде ІТ саласына алдағы 5 жылда 500 млрд теңге тарту көзделген. ІТ нарығын, инжинирингті және басқа да жоғары технологиялы қызметтерді дамыту экспортқа салмақты мүмкіндіктерді ашып, кәсіпорындарға сәтті түрде өзара бәсекелесуге жол ашады. Артықшылығы мол тағы бір сала – фармацевтика. 2025 жылға дейін Қазақстан жеке фармөндірістің үлесін 50%-ға дейін арттыруды көздейді.