Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы ұйымдары халыққа қараса ма?

Қаржы ұйымдары халыққа қараса ма?

Бірнеше күннен бері ел арасында алып-қашпа әңгіме көбейіп кетті. Әрине барлығы тәжвирусқа қатысты. Бірі елдің ахуалы қалай болатынына алаңдаса, екіншісі індеттің емі табылғанын тағатсыздана күтеді. Билік басындағылар да құр қарап отырған жоқ. Оған дәлел күн сайын елдегі қолға алынып жатқан шаралар. Көпті елең еткізген жайттың ішінде вирусқа байланысты төтенше жағдай кезінде несиесі бар азаматтарға қандай жеңілдіктер жасалатыны да бар. Нақтыласақ, қазіргі жағдайда кезінде тұтынушылық несие бойынша қарыз болса, өсімпұл мен айыппұл есептелмейтін көрінеді. Банктер мен кәсіпкерлерге берешегін кейін төлеуге мүмкіндік жасайды екен. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және оларды дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді.
– Кепілсіз тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырманы іске асыру үшін мынадай шаралар көзделеді: төтенше жағдай кезінде және тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 90 күн өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады. Бұдан ары аталған шара заңнамалық негізде енгізіледі. Жеке тұлғалардың несие тарихын қалпына келтіру үшін 50 проценттен астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз несие тарихын түзету бойынша мүмкіндік көзделеді, – деді ол.
Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова халық және бизнес үшін борыш өтемесінің өсуіне жол бермеу бағытындағы шараларын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, экономиканың жекелеген салаларына шектеу енгізілуіне байланысты халық пен ШОБ субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Агенттік елдегі қаржыгерлер қауымдастығымен, екінші деңгейлі банктермен және несие нарығындағы басқа да субъектілермен бірлесіп, біршама мәселелер пысықталған.
Жеке және заңды тұлғалар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты төлемдерін кешіктірсе, қарыздар мен микронесиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуі тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктер ғана емес ломбардтарды және несиелік серіктестіктерді, қарыз беретін барлық кредиторды қоса алғанда барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылады.
Бұл тұрғыда жергілікті банктер тұрғындарға қажетті жеңілдіктер көрсетіп отыр. Себебі жоғарыдан берілген пәрмен осы. Осы жөнінде аудандағы «Халық банк» басқармасының басшысы Тұрар Ақмырзаевпен пікірлескенімізде:
– Биылғы жылдың 16 наурызынан бастап 15 сәуір аралығындағы төлемдерге несие төлеушінің шотында қаржы тұрған жағдайда оны тұрақты түрде ұстап қалады. Ал ақша болмаса, оның үстіне ешқандай үстемақы қосылмайды. Мысалы, несие төлеуге мүмкіндігі жоқтықтан уақыты өтіп кеткен болса 15 сәуірге дейін қай күндері болса да, төлеп құтыла алады, – деген уәжді алға тартты.
Шыны керек, елде вирусқа қатысты бірсыпыра өзгерістер орын алып, түрлі мәселенің шешімі табылып жатыр. Бұл туралы теледидардан күн сайын көрсетіліп те, айтылып та жатыр. Анығында індетке қатысты беріліп отырған ақпараттар жалған емес. Сондықтан қиын-қыстау уақытта билік басындағылардан қолдау көрсетілгені көптің көңілін біраз марқайтып тастады.

А.БАҚЫТҰЛЫ
22 наурыз 2020 ж. 787 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031