Қызылорданың агроөнімдері 20-ға жуық елге экспортталады
Бүгінгі күні жиырма шақты елге экспортталатын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тізбесі 3-тен 19 түрге дейін артты. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов халық алдындағы есепті кездесуде айтты, - деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Өткен жылы экспорт көлемі 7 пайызға өскен, экспорттың 90 пайызы қайта өңделген өнім болып табылады.
«2017 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізілген болатын. Соның негізінде аймақта агроөнеркәсіптік кешенінің «Агрокартасы» жүзеге асырылуда. Оның мақсаты экспорттың өсуін және жергілікті өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – дейді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге жаңа технологиялар тартылуда. Мәселен, 2019 жылдың қазанында, толығымен автоматтандырылған, әлемдегі өңдеу технологиясы жағынан озық, заманауи күріш өңдеу зауыты (шамамен 500 млн теңге) пайдалануға берілді.
Сандық технологиялар кәсіпорынға өнімділікті арттыруға және қалдықсыз өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда күріш өндірушілер толықтай жоғары өнімді күріш тұқымын пайдалануда. Нәтижесінде, былтыр диқандарымыз әр гектардан орта есеппен 60,3 центнерден өнім алған.
«Өкінішке қарай, жыл сайын күріштің жоғары өнімін қамтамасыз етіп отырғанымызбен, бізде ет өнімі мардымсыз. Қысқы және көктемгі кезеңде көкөніс, жеміс бойынша қажеттілікті жаппаймыз. Сондықтан, өнімнің бір бөлігі көрші өңірлерден әкелінеді, ал, бұл бағаның тұрақсыздығына әкеліп соғады. Көкөністер мен жемістердің қорын жинақтауға болатын қоймалар, жаңа үлгідегі жылыжай, ет комбинаты, бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермалары жеткіліксіз. Дегенмен, тауарлардың әлеуметтік маңызы бар түрлеріне тұрақтандыру қорының серіктес сауда желілері арқылы бағаны тұрақты ұстап тұруға қол жеткізіп отырмыз», – дейді аймақ басшысы.
Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі республика бойынша біздің облыста ең төменгі өсімді, яғни 9,1 пайызды көрсетті.
«Осы жылдың көктемінде Маханбетов аулындағы 2 гектарды құрайтын және испандық технология негізінде жұмыс жасайтын автоматтандырылған жылыжай кешенінде өсірілген көкөністердің алғашқы өнімін жинайтын боламыз. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңгені құрайды», – дейді Қуанышбек Ысқақов.