Болгар бұрышының пайдасы
Тәтті бұрыштың отаны – Оңтүстік Америка. Бұл көкөністі Еуропаға Христофор Колумб әкелген. Ал біздің дүкендерге ол Болгариядан келді. Сондықтан оны "болгар бұрышы" деп атайды. Сонымен, болгар бұрышының адам ағзасына қандай пайдасы бар? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрейік.
Оның құрамында көптеген пайдалы заттар бар: А, В, E, P дәрумендері, калий, натрий, кальций, мырыш, магний, фосфор, кремний, темір және йод. Бұл көкөністі С дәруменінің рекордтық мөлшері үшін аса бағалайды. 100 г болгар бұырышында С дәруменінің 3 тәуліктік нормасы бар – ол лимон мен қара қарақаттан да көп.
Болгар бұрышын кімдер жеу керек?
Болгар бұрышын тұтынуға қатысты қатаң шектеу жоқ. Ол Паркинсон сынды көптеген аурулардың алдын алады.
Болгар бұрышын төмендегідей ерекшелігі бар адамдар жеуі керек:
- Темекі тартатын адамдар. Себебі олардың ағзасы С дәруменін нашар сіңіреді;
- Қан тамырлар жүйесі аурулары бар адамдар. С және Р дәрумендерінің үйлесімі қан тамырларды бекітеді және олардың иілгіштігін арттырады;
- Қан қысымы жоғары және асқазан ішек жолы аурулары бар адамдар. Бұрыштың құрамындағы капсаицин асқазан жұмысын ынталандырады, артериялық қысымды төмендетеді, қанды сұйылтады және қан ұйығының түзілуіне қарсы тұрады;
- Жүрек ауруы бар адамдар. Болгар бұырышының құрамындағы ликопин жүрек бұлшықетін қатайтады.
Болгар бұрышының сұрыптары
Заманауи селекционерлер күлгін түсті болгар бұрыштарын алды. Алайда, бұрыштың ең пайдалы түрлеріне бұрынғыша қызыл, жасыл және сары болгар бұрыштары жатады. Олардың құрамының айырмашылығы мынадай:
- Жасыл бұрыш артық салмақтағы адамдарға пайдалы: оның калориясы аз. Сонымен қатар, жасыл бұрыш – қатерлі ісікті алдын алатын өнім. Италиялық ғалымдар бұрыштың басқа сұрыбына қарағанда жасыл түрінде қатерлі ісікті алдын алатын бета-каротиндер көбірек екендігін дәлелдеген. Алайда жасыл бұрыш құрамындағы А дәруменінің мөлшері бойынша төменгі қатарды алады.
- Сары бұрыш жүрегі ауыратын адамдарға пайдалы: оның құрамында қан тамырлар қабырғасын қатайтатын калий мен рутиннің (Р дәрумені) максималды мөлшері бар.
- Қызыл бұрыштың құрамында А дәруменінің мөлшері көп болғандықтан, оны көз ауруларының алдын алу үшін жеу ұсынылады. Бірақ аллергиктерге қызыл болгар бұрышын өте көп жеуге болмайды.
Болгар бұрышын кімдерге жеуге болмайды?
Созылмалы ауруы бар адамдарға болгар бұрышын жеуге болмайды: ойық жара, гастрит, бауыр ауруы, бүйрек ауруы, қояншық, жүйке жүйесінің қозуы, жүректің ишемиялық ауруы және аллергия. Болгар бұрышын қалай таңдау керек?
Болгар бұрышын таңдауға қатысты бірнеше кеңес ұсынамыз:
- Көкөніс ашық түсті және еш зақымсыз әрі ұстағанда қатты болуы керек;
- Дақтары бар бұрыштан бас тартыңыз: нүктелер, қараю мен ісіну көкөністің саңырауқұлақ жұқтырып алғандығын білдіреді;
- Егер қаптамада тұрған бұрыш алсаңыз, ішінің ылғал еместігіне көз жеткізіңіз.
Себебі ылғалда тұрған көкөніс жылдам бұзылады;
- Көкөністің сабағы жасыл және иілгіш болуы керек: құрғақ және қарайған сабақ оның бұзылғандығын көрсетеді;
- Болгар бұрыштарын тоңазытқышта сақтаңыз: балғын (жаңа піскен) көкөніс бір аптаға дейін сақталады.