Қай мінезді өзгерту керек? (психологиялық тест)
Сонымен, өзгерту үшін, өзгеру үшін не істеу керек? Бұл тұрғыда психологтар сізге қандай ақыл айтады? Білгіңіз келе ме? Онда суреттегі алты алманың біреуіне қол созыңыз.
Мен «Тағдыр ғой, көнеміз ғой көнбегенде қайтеміз» дейтіндермен келіспеймін. Тағдыр – бұл таңдау. Өміріңіздің қандай болмағы таңдаған мамандығыңызға, көп қыздың (жігіттің) ішінен таңдаған жарыңызбен қатар, мінезіңізге де байланысты. Меніңше, кез келген адам мінезінің кейбір тұстарын өзгерту арқылы өміріне өзгеріс енгізе алады. Сонымен, өзгерту үшін, өзгеру үшін не істеу керек? Бұл тұрғыда психологтар сізге қандай ақыл айтады? Білгіңіз келе ме? Онда суреттегі алты алманың біреуіне қол созыңыз.
1-АЛМА
Қиындықты, бақытсыздықты салмақты қабылдайсыз. Басыңызды бұлт шала қалса кейбіреулер секілді еңсеңіз иіліп өмірден түңілмейсіз. Өмір алдыңызға тосқан тосқауылдан, сынақтардан оңай өте аласыз. Айналаңыздағы адамдардың пікірі сіз үшін – бос әңгіме. Өзіңіздің «адресіңізге» бағытталған жағымсыз пікір мен өсек сөзді елемейсіз. Психолог мамандардың болжауынша, мұндай адамдарды тым ақылды немесе тым ақылсыз деуге болады екен.
Психолог кеңесі: «Алма ағашынан алыс түспейді. Айтқан сын шын болғанымен, түзелетіндер аз. Тым турашыл болмаңыз. Турасын айтып, туғаныңызға да жақпайсыз Бетке айтатын тік мінезіңізді өзгертіңіз».
2-АЛМА
Энергиясы мол, шыдамсыз жансыз. Сіздің дұшпаныңыз – бырсыдырғылық, бірқалыптылық. Біріне-бірі ұқсаған күндер жалықтырады. Сондай күндерді өзгерткіңіз келеді, өйткені, қызықты оқиғалар сізге шабыт береді. Адам өмірге бір-ақ рет келеді деп, барлығының дәмін татып көргіңіз келеді. Сіз үшін бәрі тәжірибе. Тіпті, отбасы құруға да солай қарайсыз.
Психологтың кеңесі: «Алма піскен соң өзі жерге түседі, күте біліңіз. Піспей жұлып алған соң әрине, бәрі де сіз үшін дәмсіз, қызықсыз. Ұстамдылыққа, салмақтылыққа үйреніңіз».
3-АЛМА
Айналаңыздағылар сізді ешкімге ұқсамайтын ерекше жан деп санайды. Ақыл мен кеңес сұрайды, құрметпен және қызығушылықпен қарайды. Нақтырақ айтқанда, олар үшін сіз білмейтін нәрсе жоқ, данасыз. Шын мәнінде бұл өзгені өзіңізге тартып тұратын Табиғат сыйлаған магниттік қасиет ғана. Әйткенмен, бұл қасиетті дамытып, дұрыс пайлана білсеңіз, көзіңіз жеткенмен, аяғыңыз жетпеген көп биіктерге шыға аласыз.
Психологтың кеңесі: «Алма ағашы жемісті көп салған сайын бұтақтары төмен иіледі. Құрметтеу басқа да құрметке лайық болу бір басқа. Ешқашан астамшылық танытпаңыз».
4-АЛМА
Аз сөйлеп, көп тыңдайтын өте қырағы адамсыз. Алдыңызда сөйлеп отырған адамның сөзінің ғана емес, әр қимылының астарына үңілесіз. Уақытыңыздың көп бөлігін өзіңізді дамытуға, өміріңізге қажетті кітаптарды оқуға арнайсыз. Қарым-қатынаста ұстамды, салмақтысыз, ынжықтық та жоқ емес. Тек өзіңізге ең жақын адамдар ортасында ғана өзіңізді еркін сезіне аласыз.
Психологтың кеңесі: «Оқығаныңыз бен білетініңіз көп болғанымен, оны қажетіңізге жарата алмасаңыз, пайдасы жоқ. Көрсетпесеңіз ешкім көрмейді. Ашық болыңыз».
5-АЛМА
Өмір керемет – бұл сіздің өмірлік девизіңіз. Өзгенің жетістігіне шын көңілмен қуана аласыз. Тіпті, сіз жауған жаңбырға, күнге қарап та қуанып, өмірден ләззат таба аласыз. Көңілі ақ, жүрегі таза адамсыз. Сіздің риясыз күлкіңіздің өзі айналаңыздағы адамдарға қуаныш сыйлай алады. Бәрін-бәрін қуантқыңыз келеді-ау. Бірақ бұл мүмкін емес.
Психолог кеңесі: «Құрт тәтті алмаға түседі. Кейде қышқылдау да бола біліңіз».
6-АЛМА
Адамдарға сақтықпен қарайсыз, сенбейсіз және ешкімге сырыңызды да айта бермейсіз. Ұшқыр ой, мықты есте сақтау қабілеті ұштасқан жансыз. Кез келген нәрсенің, жағдайдың ұсақ детальдарына дейін көз алдыңызда «жаттап» қала аласыз. Бұл сіздің ерекшелігіңіз. Алайда бұның жаман жағы да бар, реніш пен өкпені ұзақ жыл ұмыта алмай жүресіз. Сізді өкпешіл, кекшіл, шағымданғыш адамдар тобына қосуға да болады.
Психолог кеңесі: «Жеріне қарай жемісі. Адамның бәрінен өзіңізге ұнаған қасиетті іздеп әуреленбеңіз. Әр адамды сол қалпында қабылдауға үйреніңіз». Конфуций «Аса ақылдылар мен аса ақымақтар ғана өзгермейді» дейді. Сіз қайсысына жатасыз? Егер, бұл екі топқа да кірмейтін болсаңыз, онда психолог кеңесін орындап, мінезіңізді өзгертетініңіз анық. Өзгеруге, өзгертуге әрекет етіңіз. Ағаш екпей жеміс бермес, іс бітпей жеңіс келмес!