Туысы бетінен сүйген нәресте шетінеп кетті
Келли Айнесон мен Томас Камминстің ата-ана атанғандарына екі апта ғана болған. Олар қыздарын Кьяра деп атаған екен.
Келлидің сөзінше, нәрестені ерніне ұшық шыққан туыстары сүйген екен. Көп ұзамай сәби салмақ тастап, тыныс алуы тарыла бастаған.
Кьяра шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер вирустың салдарынан нәрестенің бүйректері істен шыға бастағанын хабарлаған.
Көп ұзамай қыз балада сепсис басталып, комаға түскен. Алайда дәрігерлер Кьяраны құтқара алмаған.
"Сүйгеннен балам шетінеп кетеді деп ешқашан ойламаппын. Басқа ата-аналардың осындай жағдайға душар болмасын деп хикаямды айтып отырмын", - дейді жүрегі қан жылаған ана.
Сәбилер герпеспен өте сирек ауырады екен, бірақ әрқашан да ондай қауіп бар. Мысалы, анасы герпеске шалдыққан болса, босанған кезде ол нәрестеге берілуі мүмкін. Омырауында герпес жаралары болса, емізу кезінде де жұғуы мүмкін.
Баланың жағдайына аса мән беріп, дәрігерлерден көмек сұраудан қорықпау керек. Бала ұйықтай беріп, тәбеті болмаса, дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы тарылып, үстіне бөртпелер шықса дереу дәрігер шақыртқан жөн.