Алдағы 4 күн демалысқа 4 идея
Алдағы 4 күн демалысты ұйықтап өткізуге қимайсыз ба? Егер, расымен, солай өткізгелі жатсаңыз, өз қалауыңыз. Ал, басқа қандай іспен айналысуға болатынын ойлап жүрген болсаңыз, мақалаға назар салыңыз.
№1 идея.
Таңғы ас - күннің сәтті бастауы Ұйқыдан тұрған соң, таңғы асты әдеттегідей жұмысқа асығып апыл-ғұпыл іше салғандай демалыстың шырқын бұзудың қажеті жоқ. Қала ішіндегі бір дәмханаға барып, бір жыл жиналған ұйқысын 4 күнде қалпына келтіремін деп әлі шырқ ұйқыда жатқан қалаға қарап отырып тамақтаныңыз. Тым романтикалық идея ма?!
№2 идея.
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер... 4 күн демалыстың себебі ғана емес, азат еліміздің төсінде шалықтап өмір сүрудің басты алғышарты болған "Тәуелсіздік күніне" орай алаңға барып тағзым етуге міндеттісіз. Таңғы астан кейін асықпай сол жаққа бет алыңыз.
№3 идея.
Күніңізді джаз немесе кино барда өткізіңіз Шыны керек, ұзақты күні джаз тыңдап не кино қарап отыратын уақыт бола бермейді. Жұмыс күндері уақыттың бәрі кеңседе өтсе, weekend-те көбіне базарға барып азық-түлік алу, үй жинау, кір жуу сынды тұрмыстық жұмыстарды тындырамыз. Сондықтан, құрбыңыз не сіңліңіздің қолынан жетектеп алып, көптен көргіңіз кеп жүрген кинематографиялық туындыларды тамашалаңыз.
№4 идея.
Табиғат аясына аттаныңыз Соңғы 2 күнді достарыңызбен бірге қала сыртында өткізсеңіз болады. Тауға шығып, шаңғы теуіп, таза ауамен тыныстаңыз. Табиғат-анаға оралу - демалудың үздік тәсілі. Ал өз жоспарыңыз қандай?
massaget.kz