Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Корейлер қалай көгерді?

Корейлер қалай көгерді?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Корей елінің экономикасы адам төзгісіз құлдырады. Тіпті әлемдегі ең кедей мемлекеттердің қатарына қосылды. 1962 жылғы даму көрсеткіші бойынша Оңтүстік Корея Азия елдерінің ішінде соңынан санағанда Үндістаннан кейін екінші орында тұрды.
Халқының қамыс шақай мен шиден тоқылған дөңгелек қалпақтан басқа іліп алар киімі болмады. Осы тұста елді мұндай күйден құтқаратын тек ұлттық идеология екенін түсінген зиялылар ел басында отырған тұлғаларға барып: «корей халқы тауықтан жақсы ма, әлде жаман ма?» деп сұрақ бойынша бүкілхалықтық сауалнама жүргізуге үгіттейді. Сауалнама жүргізіледі. Әрине ел тұрғындары түгелдей «Корей адамы тауықтан жақсы» деген жауапқа тоқтайды. «Олай болса» дейді жоғарыдағы зиялылар: «Әрбір корей тауықтан бұрын оянып, іске кіріссін!» деп үндеу тастайды. Осы бір қарапайым ғана сауалнама күллі халықты ерте тұрып, еңбекке жұмылдыра алған. Бұл – бір.
Екіншіден, елдің экономикалық әлеуетін көтеріп, өндіріс орындарын ашу үшін аса қомақты қаржы керек болады. Оны қайдан таппақ? Ел ағалары ақылдаса келе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қақ жарылған неміс жұртының бір бөлігі Германия Федеративтік Республикасынан қарызға қаржы сұрап елші аттандырды. Ол тұста немістер қанды соғыста қирап қалған өндіріс ошақтарын жандандыру үшін жанталасып жатқан. Ауыр жұмыс атқаратын шахта мен емханаларда тазалықшылар жетіспейтін. Корейлер осы екі жұмысты өздері атқарып, алған қарызды жұмысшылардың еңбекақысы арқылы төлеуге келісіп, 140 миллион марка несие алады.
Сөйтіп үкімет күллі корей жастарына сауға салады. «Корей халқының болашағы үшін жас жанын пида етіп, шетелге ақысы аз жұмысқа кім барады?» деді. Сол арада 46 мың қыз-жігіт білек сыбанып шығады. Көбі орта мектептің жоғары сынып оқушылары. «Елімнің ертеңі үшін – еңбегім садақа», – деп Кэмпу әуежайынан ұшаққа отырған жанкешті жастар Германияны бетке алады. Жас қыздар адам аяғы баспаған қиырдағы ауылдық емханаларға жіберіледі. Олардың істейтін жұмысы – өлген адамдардың мүрдесін тазалап, жуу. Буыны қатып, белі бекімеген бойжеткен үшін таңнан кешке дейін мәйітпен бірге болу қандай қиын. Бірақ олар төзді. Бірде-бірі кері қайтқан жоқ.
Ал 1000 метрлік терең шахтаның астына түскендер ше?! Тар қапаста тұншығып, көмір қазды. Немістер 8 сағат жұмыс істесе, корейлердің күндік нормасы – 10 сағат. Себебі белгілі. Алғашында даланың жабы жылқысындай тапалторы корейлерге күле қараған жергілікті жігіттер кешікпей олардың шыдам-төзіміне бас шайқады.
1963 жыл туғанда Федеративтік Германия басшысының шақыртуымен Оңтүстік Корея президенті Пак Жон Хи елдің астанасы Боннға келді. Корей елінің басшысы Германия канцлерімен бірге елінің ертеңі үшін «құрбандық тоқтысына» айналған ­жастармен жүздесуге барады. Корей басшысын жерлестерімен жүздестіру үшін 500 орындық зал дайындалыпты. Залға кіріп келген Пак Жон Хи қарсы алдында қарақожалақ, күйелеш күрте киген жұмысшы ­жастарды көреді. Барлығының бет-әлпеті қара қойдың үйітілген басындай күрең қошқыл. Бауырластарының жүзін көрген президент еңіреп қоя беріпті. Тіпті өз елінің Әнұраны шырқалған кезде де көз жасын тыя алмапты.
Сондағы жылап тұрып: «Уа, менің қырандарым, сендер корей халқының жарқын болашағы үшін мың метрдегі жан баласы шыдамайтын тар қапаста еңбек етіп жатсыңдар. Уа, бойжеткен арулар, сендер артта қалған аш-жалаңаш бауырларыңды тамаққа тойдырып, киімге кенелту үшін жат жерде өлген адамның мәйітін жуып жүрсіңдер. Сендердің осы бір жанкешті істеріңді корей халқы мәңгі ұмытпайды!», – деді. Президентінің еңіреген түрін көрген жанкешті жастар да жылап тұрып: «Біз ешқашан алған беттен қайтпаймыз», – деген екен.
Қызық болғанда, мұндай оқиғаны көзі көріп, куә болған Германия канцлері Людвиг Эдхардтың өзі шыдай алмай, көзінен моншақ-моншақ жас үзіпті. Өйткені корей президенті қонақ үйде де, көлік ішінде отырып та, ресми кездесу кезінде де тек жылаумен болған екен.
Ресми кездесудің үшінші күні Жоғары палата депутаттары алдында сөз сөйлеген Пак: «Сіздерден өтінерім, бізге сеніп несие беріңіздер, біз де сіздер сияқты көркейейік. Корей халқы уәдесін орындайды. Қарызды қайтарамыз», – дейді. Нәтижесінде аса көп мөлшерде көмек алады. Осы қаржының арқасында 1965 жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасы әлем нарығына тауар экспорттауға қол жеткізді. Қазіргі қал-ахуалын өздеріңіз көріп отырсыздар.

Ғ.САЗАНБАЙТЕГІ
31 қазан 2020 ж. 940 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930