Кеспелерде кесір көп
Қазір жұртшылық тез әзірленетін кеспелерді тұтынуға әуес. Оған уақыттың тапшылығы, жұмысбастылық сеп болса, кейбірі қаржысын үнемдеу үшін осы тәсілді қолданады. Дегенмен мамандар дабыл қағуын тоқтатпауда. Олардың айтуынша, аталған өнімнің денсаулыққа зияны бар екені нақты дәлелденген.
Осы ретте ресейлік диетолог маман Маргарита Королёва: “Тез дайындалатын кеспелерді жиі жеу – диабет ауруына шалдықтыруы мүмкін”, – дейді. Ол мұндай өнімдерде қоректік заттар мен минералды-витаминдік кешендер аз екенін атап өтті.
Сонымен қатар ақуыз компоненттері толығымен жойылады. Бұл аталған азықта гликемиялық индекс пен қандағы қантты жоғарылататын қарапайым көмірсулар ғана қалады дегенді білдіреді.
Диетологтың пікірінше, тез дайындалатын кеспені жиі қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Себебі оның құрамында адам ағзасына зиянды заттар өте көп. Мұндай өнімді әсіре қолдану – инсулинге төзімділік пен тұрақты түрдегі 2 типті қант диабеті пайда болуына әкеледі.
Біздің елде де бұл тұжырымды қоштап отырған мамандар табылады. Атап айтсақ, жақында Қостанай облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 5-10 минутта дайын болатын кеспеден зиянды қоспалар анықтаған. Департамент өкілдері адам өмірі мен денсаулығына қауіпті генетикалық түрлендірілген сояның сандық құрамы артқан тамақ өнімдерін арнайы талдама арқылы байқады.
Мамандардың мәліметінше, кореялық жедел дайындалатын кеспе түрлерінде соя сорттарының ГМ сандық құрамы белгіленген мөлшерден 10,25%-ке дейін жоғары болған. Бұлардың қатарына «Jin Ramen (Mild)», «Jin Ramen (Spicy)», «Jin Ramen (Mild)» кореялық жедел дайындалатын кеспелер де жатады.
Бұдан бөлек жартылай дайын кеспенің адам миына зияны бар екені де ғылыми нақтыланған. Егер тұтынушы үстіне қайнаған су қосса, бес минутта дайын болатын «Доширак», «Бик-бон» атаулары бар кеспені жиі тұтынса, ондағы қоспалар адамның миына барып жинала береді-мыс. Бара-бара олар томпайып ісік тәрізді қатып қалады екен. Мұндай кеспелерге өнімнің сапасын сақтап тұру үшін глютомат қосылады. Ол қатерлі ісік дертін бірден-бір қоздырушы зат, – дейді ғалым Жандос Ақаев.
Жылдам әзірленетін кеспе өндірісінде көбіне гендік қоспалардың мөлшерін арттырып жіберуге жол берілетін көрінеді. Бұл жағдай азық-түліктің сақталу мерзімін ұзартуға, өнімділігін арттыруға және зиянкестерге төзімді етуге қолданылады. Зиянды тұсы – иммунитетті төмендетеді. Аллергиялық реакциялардың өліммен аяқталуына алып келеді, ісік ауруларын тудырады. Гастрит, бүйрек, қан қысымы мен жүрек ауруларын тудыратын элементтер де кездеседі. Соған қарамастан бүгінде жылдам әзірленетін кеспелердің саудасы қызып тұр. Әсіресе студенттердің сүйікті әрі қолжетімді тағамына айналған.
– Тез тоясың, дәмді әрі арзан. Күнде қолдана бермеймін, анда-санда пайдаланғанға ештеңе етпес. Асығыс болғанда, қаражат таусылғанда алып жеуге мәжбүр боласың, – дейді студент Назгүл Саржанова.
Қарап отырсаңыз, халықтың көбі осы тағамдарды жолға шықса ала жүреді, үйінде де тұтынады. Дегенмен адам дертінің 70 проценті астан. Сондықтан ауру-сырқатсыз өмір сүру салтын ұстанған абзал.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА