Неміс ғалымы сынған сүйекті жазатын цемент ойлап тапты
Неміс ғалымдары кальций фосфаты негізінде сынған сүйекті бекітетін цемент пен өзін-өзі қалпына келтіруші қасиетке ие имплантат ойлап тапты. Зерттеу нәтижесін жариялаған – Scientific Reports журналы.
Адам ағзасы өзін-өзі қалпына келтіруге, жарақаты мен жарасын емдеуге қабілетті. Алайда кейде ауыр, қиын жағдайларда шамасы жетпей қалады, сол кезде ота жасауға, хирургияға жүгінуге тура келеді. Ота жасаған кезде дәрігерлер арнайы материалдар қолданып, сүйектің сынған, бүлінген жерлерін жартылай не толықтай қалпына келтіреді. Мұндай материалдарды имплантат (жасанды сүйек) дейді әдетте.
Фридрих Шиллер атындағы Йен университетінің ғалымдары Вюрцбург университетіндегі әріптестерімен бірігіп кальций фосфатынан жасанды сүйек және сүйектің бүлінген жерлерін жамайтын көміртек талшығынан жасалған цемент ойлап шығарды.
Талшық сынған, сызат түскен сүйек пен жасанды сүйектің тезірек қалпына келуіне септігін тигізеді. Кальций фосфатынан дайындалған имплантат пен оны жабыстыратын цементтің басқа импланттардан айырмашылығы да сонда – ауық-ауық жөндеп, ауыстырып отырудың қажеті жоқ.
Кальций-фосфатты цементтің медицинада қолданылып келе жатқанына көп болды. Сүйектің қалпына келуін тездетіп, қан тамырларының жылдам өсуіне көмектеседі. Оның үстіне, оны адам ағзасында желім зат ретінде енгізіп, сүйектің сынған жерлерін бекітуге қолдануға болады.
– Алайда кальций-фосфаттың бір кемшілігі бар: сүйекке не имплатантқа күш түскен кезде, сынып кетеді. Ал сызат түссе, тез шытынайды. Сондықтан оны жай сүйектерге қолданады да, ағзаның негізгі, тірек сүйектеріне көп қолданбайды. Мәселен, бас пен жақ сүйектеріне қолдана алмайтын едік, – дейді Йен университетінің профессоры, зерттеу тобының жетекшісі Фрэнк Мюллер (Frank A. Müller).
Ғалымдар осы олқылықты жою үшін зерттеу жүргізген. Кальций-фосфатынан жасалған цементті жетілдіріп, көміртек талшығын қосып, мықты цемент жасап шығарды.
– Біріншіден, көміртек талшығы цементтің беріктігін арттырып, ұзақ уақыт шыдауына ықпал етеді. Екіншіден, көміртек талшығын химиялық жолмен өзгертіп, сынған сүйектің жан-жағында жиналып қалған сұйықтықты ыдыратуға болады, содан минерализация үрдісі басталады. Ал бұл сүйектің сынған, сызат түскен жерлерінің тез жабылуына себепші болмақ, – дейді ғалымдар.
Эксперимент нәтижесі жаңа материалдың ауыр салмақ пен күшті көтере алатынын әрі тез қалпына келу қасиетіне ие екенін дәлелдеген. Зерттеу авторлары аталмыш цементтің жасанды сүйек өндірісінде кең қолданысқа ие болады деген сенімде.
massaget.kz