Сарымсақ пен пияз коронавирусқа ем бе?
Мың бір аурудың емі, вирусты өлтіретін өсімдік деп халық қатты бағалайтын сарымсақтың (чесноктың) коронавирусты өлтіре алатын қасиеті бар ма? Әлде мұның бәрі жай сөз бе?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми парақшасында сарымсаққа бөлек бір бөлім арнап, оның коронавирустан қорғайтын қасиеті жоқ екендігін жазған.
- Сарымсақ – микробтарды өлтіретін қасиетке ие салауатты ас. Алайда оның SARS-CoV-2 вирусынан қорғай алатындығы жайында қазір еш дерек жоқ, - деп жазады ұйым.
Ал АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институтына қарасты Комплемантар орталығы (NCCIH) сарымсақтың тұмау мен суық тиюден емдеуге қолдануға болатындығын, алайда бұл тұжырымның клиникалық түрде дәлелденбегенін алға тартады. Яғни, сарымсақты тұмау тигенде жеген дұрыс, бірақ оның ауруды жалғыз өзі емдей алады дегеннен аулақ болу қажет дегенді айтады.
Ал «сарымсақ коронавирустан емделуге көмектесе ме?» сауалдың жауабы оңай. Бұған ресей ғалымы былай деп жауап берген.
- Тұмаумен ауырғандардың көбі сарымсақпен емделуді жөн көреді. Бұл – халық емінің бір түрі. Бірақ оны халық емі екен деп барлық жерде қолдана берген жөн емес. Ол COVID-19 инфекциясынан қорғай алмайды, - деп кесіп айтады РАН мүшесі, профессор Сергей Нетесов.
Сарымсақ пен пияздың иммунитет көтеретіні рас. Бірақ иммунитеті жоғары адам коронавирусқа шалдықпайды деген сөз тағы жоқ.
- Бұл инфекция адам талғамайды, иммунитеті жоғары адамға да жұғады. Ең қызығы мынада, шошқа тұмауы тараған кезде ең көп зардап шеккендер де дәл осы – иммунитеті жоғары адамдар еді. Індет қуатты иммунитетпен күресіп, адамды өлімге жеткізген кездері көп болған. Инфекциядан сақтану үшін таза, пайдалы, салауатты ас ішіп, көп жеміс-жидек, ет, салат жеп, майлы тағамнан және ішімдіктен бас тартқан абзал, - дейді медицина ғылымдарының кандидаты, инфекционист Иван Коновалов.
massaget.kz