Ұйымшыл ұжымның ұтары көп
Кеңес Одағы тұсында, дәлірек айтсақ, 1988 жылы жергілікті қаржы басқармалары мен бөлімдерінің құрамында 3 адамнан кем емес салық инспекциясын құру жайлы КСРО Қаржы министрлігінің бұйрығы шығып, бас салық-ревизоры деген лауазым енгізілген. Одан бері 1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақ КСР-і Президентінің №380 Жарлығымен дербес Мемлекеттік Салық қызметі құрылды. Міне осы кезеңнен бастап Қазалы аудандық салық инспекциясы өз қызметінің бастауын алады. Сол кезеңде аудандық салық инспекциясының басшысы болып Базархан Ақжігіт тағайындалды.
Алғаш құрылған уақытта басқарманың штаттық саны 14 адам болды. Кейін 36 адамға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда 13 қызметкер еңбек етеді.
Егемендік алып дербес салық органдары құрылған жылдары ауданымызда заңды тұлғалар саны 255-ті, ал кәсіпкерлер саны 171-ді құраған. Ал, 2000 жылдардың басында ауданда 290-ға жуық мекеме, 900-ге жуық жеке кәсіпкер болса, қазір 603 заңды тұлға, 5137 жеке кәсіпкер бар. Заңды тұлғалар 2, ал кәсіпкерлер 6 есеге дейін өскен.
Қазалының өзге аудандардан ерекшелігі жер астынан өндіретін пайдалы қазбалардың, яғни, табиғи ресурстардың жоқ болуында, ал оның есесіне адами ресурстардың болуымен ерекшеленеді. Бұл жерде адами ресурстар деп аудан халқының жоқтан барды құрап, бірден екіні жасап, шағын болса да өз кәсібін жасауға ықыласты екенінде. Халқымыз сауда жасап, түрлі қызмет жасау, даярлау орындарын ашуда облысымызда көпке үлгі.
Ақша ауысып, теңге тұрақтанып ел экономикасында өсім кезеңі басталған 2000 жылдары бюджет көлемі 550 миллион теңге, оның ішінде республикалық бюджет 135, жергілікті 416 миллион теңге болған. Мемлекет бюджетінің түсім көлемі де жыл сайын артып келеді. Өткен жылдың 8 айына Мемлекеттік бюджеттің болжамы 1 328, 2 мың теңге болса, түсімі 1 613, 8 мың теңгені құрап, болжам 285, 5 мың теңгеге артық немесе 121,5%-ке орындалуы қамтамасыз етілді. Ал, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Мемлекеттік бюджеттің түсімі 178,4 мың теңгеге артық немесе өсу қарқыны 112, 4%-ті құрап отыр. Бұлда қазіргі бюджеттің сол жылдармен салыстырғанда 3-4 есеге өскендігін аңғартады.
Мемлекеттік салық инспекциясының құрылу кезеңінен басшы болып тағайындалған Б.Ақжігіт 1991-1997 жылдар аралығында қызмет атқарды. 1997-2007 жылдары Т.Бөріқұлақов, 2007-2012 жылдары С.Бабанаев, 2012-2013 жылдары П.Якия, 2013-2019 жылдары Ф.Қожабергенов басқарма басшысы лауазымын атқарса, 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Т.Қожаназаров қызмет атқарып келеді.
– Басқарма басшылығының кадрды тәрбиелеу, баулу жұмыстарын жолға қою нәтижесінде елеулі табыстарға қол жеткізілуде. Атап айтқанда, Басқарманың ең бірінші басшысы Б.Ақжігіт облыстық салық департаменті басшының орынбасары қызметін, басқа да басшылық лауазымдарды атқарып, 2021 жылдың мамыр айында мезгілсіз дүниеден өтті. Алғаш құрылған кезеңдегі басшы орынбасары М.Байсалбаева құрметті зейнет демалысында. Т.Бөріқұлақов Қазалы аудандық мәслихатының 2 шақырылымының депутаты, мәслихат хатшысы және ауданымызда басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленген. С.Бабанаев Ақмола облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, бірнеше аудандық салық инспекцияларының басшысы, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, қазіргі таңда Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы лауазымында жемісті еңбек етіп келеді. П.Якия бірнеше аудандық салық инспекцияларын басқарып, қазір жеке секторда өз кәсібімен шұғылдануда. Ф.Қожабергенов те бірнеше аудандық салық инспекцияларын басқарған, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары лауазымында елге қызмет жасап, бүгінде Қызылорда облысының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келе жатқандығын мақтанышпен айтуға болады, – дейді мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров.
Бүгінгі күні мемлекеттік кірістер басқармасында 2 бөлім, 12 қызметкер, 3 штаттан тыс қызметкер жұмыс жасайды. Олар басқарма басшысы Т.Қожаназаров, бөлім басшылары А.Кайрбаев, К.Бабанаев, мамандар Н.Ержанов, О.Шамшаева, Д.Салмурзаев, Г.Умирзаков, Е.Канатов, М.Дакибаев, Ж.Табынбай, Г.Жаксыбаева, Ж.Жанназар, Ә.Срайл, А.Алшын, Б.Бұхарбай барлығы да аудан қазынасын толықтыруда аянбай еңбек етуде. Халыққа тынымсыз қызмет етумен қатар, мәдени-қоғамдық өмірде де қызметкерлер ауданымызда белсенді ұжымдардың қатарынан көрініп келеді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» басқарма қызметкерлері 2020 жылы «Абайдың 175 жылдығы» мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық сайыстан 1 орын иеленді. Мемлекеттік қызметшілер арасында эссе жазудан республикалық конкурстың 2 орын иегері атанды. 2021 жылы 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесі қарсаңында аудандағы мекемелер арасында өткізілген кіші футболдан жарыста ұжым құрамасы жеңімпаз деп танылса, жасы елуді еңсерсе де спорттан қол үзбеген басқарманың бас маманы Н.Ержанов жарыс қорытындысымен «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Осы жылы Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында басқарманың бас маманы Ж.Табынбай Қызылорда облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметшісі» атанды.
Ұйымшыл ұжымда ұзақ жыл қызмет етіп, бүгінгі күні құрметті зейнет демалысына шыққан Ерғали Адиров, Бекбатыр Айдосов, Оңдасын Махамбет пен Мариям Байсалбаева, Ұлтуған Әбдібай, Жақсыбике Жұмахмет секілді ардагерлер ұжым өмірінен тыс қалмай, ақыл-кеңестерін беріп келеді.
– Көпшілікке мәлім, соңғы жылдары ауданымызда ашық экономикалық саясаттың дәйекті жүргізілуінің нәтижесінде және бюджет жоспарының артығымен орындалып отыруының арқасында аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар да қолдау табуда. Бұл бірінші кезекте салық органдарының уәкілетті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүйелі жұмыстар жасауының арқасы деп білеміз, – деген басқарма басшысы 2022 жылдың 6 ай қорытындысымен мемлекеттік бюджеттің жоспары 119, 4 процент, яғни, 1 032, 2 миллион теңге жоспарда болды. 1 226, 4 миллион теңге түсім түсіп, жоспар 194, 0 миллион теңгеге артық орындалып отырғандығын айтты.
– 2021 жылы аудан бюджетінің орындалуы өте қиын жағдайда өтті. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның аудандағы «Қорқыт Ата» компрессорлық станциясын салықтық жеңілдігі бар «Бейнеу Шымкент Газ құбыры» ЖШС-не сатуына байланысты бюджетте үлкен сомаға жоғалтулар орын алды. Дегенменде, бюджетті толықтыру мақсатында жүргізілген әкімшілендіру жұмыстары нәтижесімен есепті кезеңде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджетке 70,4 миллион теңге артық түсім қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бюджеттен қаржыландырылатын кейбір салаларда айлық жалақының өсуіне байланысты төмендегі салықтар бойынша түсім артық болды.
Бұған қоса, кент, қала, ауылдық округ әкімдерімен және Қазалы аудандық прокуратурасы, Қазалы ауданының полиция бөлімі, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен бірлескен мүдделі топ құрылып, рейд жұмыстарын тұрақты жүргізу нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда көлік салығынан 4, 5 миллион теңге түсім артық қамтамасыз етілді, – деді бізбен сұхбатында Темірлан Нұрланұлы.
Басқарма тарапынан қосымша кіріс көздерін ұлғайту мақсатында ақпараттық жүйелерден, уәкілетті органдардан және үшінші тұлғалардан алынған мәліметтер негізінде салық төлеушілердің салық есептілігіне талдау, камералық бақылау, әңгімелесу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде жыл басынан бері бюджетке 101 948,0 мың теңге қосымша түсім түсіріліпті.
Бересі мен берешек сомаларды мәжбүрлеп өндіру бағытында тиісті шаралары мен тәсілдер қолданылуда. Сонымен бірге, берешегі қалыптасқан салық төлеушілерге 5 кассасының шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің орындалуы және 5 дебиторын анықтау сұрағы бойынша салықтық тексерулер жүргізілді. Есепті кезеңде 12 СТ-ден инкассалық өкіммен дебиторы есебінен 10 171, 6 мың теңге салық берешегі өндірілген.
Салық кодексіндегі өзгерістерді насихаттау мақсатында және басқа да күнделікті туындап отырған салық саласындағы сұрақтарға байланысты 459 рет әлеуметтік желілер арқылы жарияланым жарияланса, 21 рет дөңгелек үстел, баспасөз беттерінде 10 рет түсіндірме жұмыстары, 10 рет онлайн семинар-кеңес өткізілген. Сонымен қатар, радио арқылы 4 рет хабарландыру беріліп, 5 рет тікелей эфир мен брифингтер ұйымдастырылған. Екі рет ашық есік күні болған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА