Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халықтың ризашылығынан артық құрмет жоқ

Халықтың ризашылығынан артық құрмет жоқ

Қырық жылға жуық халыққа қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жанның бірі – Берік Бисембаев. Зейнеткерлік жасқа жетсе де қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, елмен етене араласып жүрген Берік Әбиұлымен әңгімелескен едік.

– Берік аға, зейнеткерлік демалысқа жетсеңіз де көпшілік ортадан аалыстай қоймағаныңыз белгілі...
– Иә, өткен жылдан бері зейнеткерлік демалыстамын. Бір жыл аудан әкімінің кеңесшісі қызметінде болдым. Қазір «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігі Қазалы аудандық филиалында директордың орынбасарымын. Бірлестік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті және орталық, жергілікті орган басшыларының жеке жауапкершіліктерін барынша күшейту жөніндегі мәлімдемесін қолдай отырып, жұмыс істейді. Жұмыс жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау шараларын жүзеге асырады. «Пара алмау, пара бермеу және өзгелерге осыған жол бермеу» ұраны әрбір қазалылық азаматтың міндеті мен берік ұстанымы болуы тиіс.
Бұдан бөлек өмір жолым мен қызмет еткен кезеңдер туралы кітап жазуды қолға алдым. Оның атын «Үкілі үміт» деп атауды жөн көрдім.

– Қырық жыл қызметте болдыңыз. Алғаш еңбек жолыңыз қалай басталып еді?
– Мен Арал ауданының Жақсықылыш ауылдық кеңесінде туғанмын. 1977 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік интитутында оқыдым. Мамандығым зооинженер. Кейіннен республикалық басшы кадрларды дайындайтын арнайы курсты тәмамдадым. Түрлі еңбек сатысынан өттім. Райым балық шаруашылығында балықшы, Қазалы локоматив депосында слесарь, Арал ауданының ауыл шарушылығы бөлімінде зоотехник, Приарал кеңшарының ферма зоотехнигі болдым.

– Қазалыға қашан келдіңіз?
– Қазалыға 1981 жылы келдім. Сол жылдан 1997 жылға дейін Қазалы ауданының Жанқожа батыр кеңшарында бас зоотехник, партком хатшысы, кеңшар директоры, Арықбалық ауылдық округінің әкімі, серіктестік төрағасы қызметтерін атқардым. Бұл кездері шаруашылық Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінің «Алтын кітабына» еніп, 27 мәрте Одақтық, республикалық жүлдеге ие болды. Аудандағы мал шаруашылығы озат тәжірибе мектебіне айналды. 1992 жылы ауылға Жанқожа батыр есімі берілді.
1997 жылы аудандық ауылшаруашылығы бөлімін басқардым. Ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне, жекешелендіру кезеңінде елдің тұтастығын, ауызбіршілігін сақтауға, жергілікті кәсіпкерлердің сенімді жұмыс істеуіне ықпал жасадым деп айта аламын.


– Өзіңіз он жыл басқарған Ғани Мұратбаев ауылдық округінде қолтаңбаңыз көп қалды...
– Ғани ауылы көріктілігі және тазалығымен республикаға танымал. Бұнда Үкімет басшысы Б.Сағынтаев, бірнеше мемлекет және қоғам қайраткерлері, өзге облыстан келген делегация өкілдері де қонақ болды. Ауылда «Ғани бағы», «Тәуелсіздік бағы», «Атамекен», «Орталық саябақ» бар. Оларда 5000 түп тал мен 10 мыңға жуық гүл егілген. Әлеуметтік нысандардың барлығы дерлік жаңа. Сор жерге гүл мен тал өсіру үлкен еңбектің нәтижесі. Мен таңертеңгісін ерте тұрамын. Бақша өсіру, гүл егу менің ерекше ықыласпен атқаратын ісім. Тұрғындардың да тазалық пен тәртіпке мән беруін қолға алдым. Ауыл адамдарының экономикалық-әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық деңгейі заманауи өмір сүруге бағытталған.
Ауылда Ғани Мұратбаевтың 110 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өттік. Тұрғындар ажары көз тартатын ауылымен мақтанады. Өзім басқарған Жанқожа батыр және Ғани Мұратбаев ауылдарына қарап, бірнеше жылдық еңбегімнің еш кетпегенін аңғарамын.

– Ел үшін еңбек еттіңіз. Бәрі де айтуға лайық. Дегенмен, «Мен халқым үшін мынаны жасай алдым» деп ерекше қай ісіңізді атай аласыз?
– Басшылық сенім артып, қызмет берген соң, қолымнан келгенше орындауға күш салдым. Үйттім-бүйттім дегеннен гөрі, халық біліп, бағаңды беріп жатса, міне, сенің еңбегіңнің еленгені. Ерекше есімде қалғаны, 1988 жылы «Арал экологиялық проблемасы» жайындағы комиссия құрамында болып, Р.Бағланова, М.Шаханов, Е.Көшербаев, Н.Уәлиев, Ж.Қизатовтармен бірге Мәскеуге барғаным. Осы сапардан кейін Арал, Қазалы аудандары тұрғындарының айлық жалақысына экологиялық аймақта тұратындықтан үстеме қосу мәселесі біржолға қойылды.
Қазақстанның қырық жылдығы атындағы кеңшардың партком хатшысы кезім. Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев шұғыл кабинетіне шақырды. Елекең: «Сіздің ауылда Жанқожа батырдың дүниеге келгенін білесің. Батыр бабаға аудан орталығынан ескерткіш-кесене орнату көзделуде. Осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Елге беделді азаматтармен тілдес. Кездесу уақытын белгіле. Мен де барамын», – деді. Ауыл тұрғындары бұл мәселені қызу қолдады. Жанқожа батыр ұрпақтары Айдарбек Табынбаев, Әбибулла Қосболов басқа да ардагерлер құнды пікірлерін айтты. Осы бастаманың нәтижесінде қала мен кент орталығынан баба кесенесі тұрғызылды. Бұл 1989 жыл болатын.
Сондай-ақ 2008 жылы аудан бойынша алғаш рет «Көкпар» ұлттық ойынынан сайыс ұйымдастырғанымды ізгілікті ісімнің бірі деп санаймын.


– Ауылдастарыңыз әкеңіз Әбиді еңбекқор, жұмысқа деген жауапкершілігі мол жан еді деп еске алады. «Әкеге қарап ұл өсер...» дегендей өзіңізді әкеге тартып туған ұл деп санайсыз ба?
– Әкем жастайынан ауылшаруашылық жұмыстарына белсене араласқан. Ол балықшы, диқан, ұста да болды. Энгельс, Бірінші май, Калинин кеңшарларында төрағалық қызмет атқарды. 30 жылдық Қазақстан, Жартыкөл, Қызылту, Большевик, Райым, Қарақұм кеңшарында төрағаның орынбасары, Қуаңдария базасында балық инспекторы, Қарақұм қой фермасының басқарушы қызметін атқарды. Райым балық колхозында бақша бригадирі болды.
Билік басында болса да қолынан кетпені түспеген өте еңбекқор жан еді. Қай жерде іс бітпей жатса, екі білегін сыбанып, кірісіп кететін. Ақбай, Райым, Қызылжар, Қарақұм жерінде «Әби аңызы», «Әби жармасы», «Әби базы», «Әби бұлағы» деген атаулы орындар қалды. Қарақұм қой фермасын басқарып жүргенде дипломсыз мал дәрігері атанды. Төрт түліктің қай уақытта төлдейтінін, тіпті қайсысының егіз табатынын көзбен топшылайтын. Егін салатын жердің құнарлылығын, топырақтың тілімін болжай білетін.
Сейістігімен де ел есінде қалды. Ағаштан түйін түйген ұсталық қабілетінің өзі бір төбе. Сырдың сәмбі талын шыбықша иіп қайық, ағаш үй, домбыра жасайтын. «Сегіз қырлы, бір сырлы» әкем құралайды көзге атқан мерген де болды. Әркез әділеттіліктен айнымады. 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Райым колхозында ауылдағы ақсақалдарды жинап, бақша екті. Халықты ауызбіршілікке, жастарды еңбек сүйгіштікке тәрбиеледі. Мен де әкем секілді гүл отырғызуға, бақша егуге құмармын. Әкемнен асып түстім демеймін. Бар күш-жігерімді жұмсап елдің, жердің көркеюіне еңбек етіп келемін. Әлі де халыққа қызмет етуден қашпаймын.


– Бір сөзіңізде қазақ билері мен шешендерінің нақыл сөздерін үнемі оқып отыратындығыңыз жайлы айттыңыз...
– Иә, кітапты жиі оқимын. Әсіресе қанатты сөздерді қойын кітапшама түртіп аламын. Мәселен «Ел басқаруға естілік керек», «Шындық та саумал секілді, кейбіреуге жақпайды» деген сияқты.


– Ұстанымыңыз қандай?
– Халыққа әділ, адал, аянбай еңбек ету. Абыройлы болып, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашаққа, қоғамға пайдалы іспен айналысу.
– Әңгімеңізге рақмет.


Әңгімелескен,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
24 сәуір 2019 ж. 1 903 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930