Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер сұлулықта емес

Өнер сұлулықта емес

Туған жерден түлеген таланттар қатары аз емес. Бірі медицинада, бірі ғылымда, бірі өнерде өз жолын тауып, еңбегімен еленуде. Халықтың батасын басты орынға қоятын мұндай азаматтар мен азаматшалардың бағасын қашан да уақыт береді.
Саналы ғұмырын өнер саласына арнаған, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы, Мәдениет қайраткері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Кәмилә Әбжанованың өнегелі ғұмыры соның айғағы. Жақында актрисамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Бала Кәмилә туралы айтып өтсеңіз...
– Өзім 1949 жылы 25 шілдеде Қазалы ауданы, Майлыбас ауылында жарық дүниеге келдім. Балдырған балалығым осында өтті. Отбасының тұңғышы, тоғыз баланың үлкенімін. Біздің балалық шағымыз – соғыстың ауыртпалығы ұмытыла қоймаған қиын кез. Материалдық тапшылық көп. Бар мен жоқтың қадірін сезініп, ерте есейдік.
Әлі күнге дейін есімде, сол жылдары фин соғысы жүріп жатты. Әкеміз майдан даласынан ауыр жарақатпен елге оралды. Алайда, өмір бойы сол аурудың зардабын тартты. Соғыстан кейінгі жылдар ешкімге оңай болмады. Туыстарым әкемнің Роза Бағланова ән айтқанда домбырамен сүйемелдеуші болғанын, екеуі бірге біраз жерде өнер көрсеткенін айтады. Еміс-еміс есімде, Роза апамыз сахнаға шыққанда, шымылдықтың тасасына тығылып ән тыңдайтынмын. Ауылдың сахнасы ұядай ғана. Бәрі естіліп тұрады. Ауылдағылар концертке тайлы-тұяғы қалмай жиналатын. Бірде ол кісі «Менің Қазақстаным» әнін төгілте шырқағанда, өзімнің қайда тұрғанымды ұмытып, әуенге қосыла айтыппын. Өз дауысымнан өзім селт етіп, қарасам, әнші апам маған жымиып тұр екен. Анамыз да өнерден құр алақан емес. Ауыл ішінде халық әндерін нақышына келтіріп орындаушылардың бірі болған. Міне, сондықтан өнер маған әкенің қаны, ананың ақ сүтімен дарыса керек. Кішкентай кезімде-ақ бұлбұл үнді әнші атанып, атақты «Гүлдер» ансамблінің құрамында болуды армандайтынмын. Алайда есейген соң өмірге, өнерге көзқарасым өзгеріп, актриса болуға аңсарым ауды.
– Театрға қалай келдіңіз?
– Актерлық өнерге келуіме қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов себепші. Режиссердің шақыртуымен 1972 жылы Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясын, 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының драма актері факультетін бітіріп, кәсіби білім алып шықтым. Осылайша балалық арманыма қанат бітіп, бойыма қуат біткендей сезіндім.
Кәсіби білім алғаннан кейін 1972 жылы Қызылордадағы театрға жұмысқа орналастым. Қасиетті шаңырақта жүріп, жүзге жуық кейіпкерді сомдаппын. Алайда соның ішінде «Мақпалымды» ешкімге қимаймын. Жаныма жақын.
– Жырау Алмас Алматов «Өнерге бір күнде және бір күнге келген жоқпыз» дейді. Осы уақытқа дейін сахнада қаншама бейнені сомдадыңыз. Десе де «осы бір кесек тұлғаны әлі ойнамадым» деген ішкі өкініш бар ма?
– Әрине, сахнада ән айтуым керек еді деп өкінемін. Өйткені әнді, ән айтуды жақсы көретінмін. Алғаш студияға барғанда, эстрадаға студенттерді қабылдау уақыты бітіп қалды да, мені театрға шақырды. Сол кездері қалай актриса боламын деп ойлайтынмын. Баянды ойнай алмаймын, көзім көк. Мен қараторымын, актриса деген әдемі болу керек деп өзімді сұлу санамайтын едім. Шынында да мен қалаған рөлдер маған берілмеді. Алайда сахна – кие. Берілген әр образды жаныммен сезінуге, алып шығуға тырыстым.
– Өнер жолы – қиын жол. Осы жолға бағыт алғандар қандай қиындыққа төтеп беруі тиіс?
– Кез келген өнерге қадам басқан жас үшін басты қиындық – материалдық тұрақтылықтың болмауы. Өзіміз де жас болдық. Мемлекет немесе театр тарапынан қолдау жоқ. Басында баспанасы болса, жастар жергілікті театрда жұмыс істеуден қашпайтын еді. Үлкен қаладағы актер, актрисалар киноға, жарнамаға түсіп, қосымша табыс таба алады. Бірақ бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Ал аз ғана уақыт сахнаға шықпай қалсаң, қарайып қалғаныңды сезінесің. Сахнаны аңсап жүресің.
Облыс, аудан көлемінде дарынды жастар жетерлік. Тек алғашқыда олардың аяғынан тік тұруына көмектесіп, қолдау көрсету керек. Өнерді дамыту үшін алдымен өнерпаздарды қолдау маңызды.
– Жарыңыз екеуіңізге жұрт сүйсіне қарайды. Жұлдызды жұп қалай табысты?
– Екеумізді таныстырған да, табыстырған да – өнерге деген құштарлық, өмірге деген сүйіспеншілік. Бәкең екеуміз Алматыда бірге оқыдық. Ұстазымыз Алексей Лакшин өте мейірімді, шыншыл жан еді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Фараби даналығына сай шәкірттеріне өмірде де, өнерде де бағыт беруден жалықпайтын. Ұстазым Бақытбекті мақтап, есімін жиі айтатын. Оралдағы концертте алғаш таныстым. Осылайша бүкпесіз шынайы достығымыз үлкен махаббатқа ұласып кетті. Студенттік жылдардан бері біргеміз. Қазір, міне, бір әулеттің атасы мен әжесіне айналдық. Алғашқы сыншым, әріптесім әрі кәсіби кеңесшім де осы кісі. Сахнада берілген рөлді де, отбасылық ортақ мәселелерді де бірге талқылаймыз. Оның пікірі мен үшін өте маңызды.
Өнер жолы – қиын жол. Десек те, бір-бірімізге көрсеткен қолдау мен түсіністіктің бағасы биік. Бірге ойнаған образдарымыз да жеткілікті. Бірде Лидия Егембердиеваның «Көресінді көрмей» пьесасы бойынша тағдыр тауқыметін тартқан қос ғашық – Өмірсерік пен Ақдидардың рөлін ойнап, халықтың қошеметіне ие болдық.
– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
– Театрда шәкірттерім көп. Қарлығаш Айтжанова, Айгүл Байдалиева, Зағипа Төлепова сынды бізден кейінгі буын жұмыс істей жүріп, тәрбиеленді. Олар да қазір орта буынға жатады. Олардың артынан тәуелсіздік алғаннан кейін туған жастар келді. Біздің ұжымдағы тәжірибелі өнерпаздар – соларға үлгі. Бір ұрпақ бір ұрпаққа қарап өсіп келеді. Тек осы жастардың бағы жансын деп тілейміз.
– Сәбира Майқановамен жолыққаныңызды көпшілік біле бермейді. Естелігіңізбен бөліссеңіз...
– Майқанова – біздің жерлесіміз. Туған жерге жер жете ме? Оның Сырға бүйрегі бұрып тұратын. «Әй, қыз, бері кел. Қарның ашып жүрген жоқ па?» деп үйіне жиі шақырып, тойдырып жіберетін. Қазір сол кездерді есіме алып, не деген құрмет, бауырмалдық деп ойлаймын.
Сәбира апаммен танысқанша «Актрисалар сұлу болады. Мен қараторымын, көзім де көк. Ендеше, бұл оқуға неге түстім?» деп іштей таңдауымның дұрыстығына күмәнданумен жүретінмін. Ешқашан Қарагөзді ойнай алмаймын деп қынжылатын едім. Ал оны көргеннен бастап өнер сұлулықта емес, сенім мен дарында екенін шын ұқтым. Ол кісінің жақсы тұстары көп, үлгі алатын болдым. Бір рет Сәбира апаның үйіне барғанымда, сыйлыққа орамал берді. Оны мойнымнан тастамай, ырымдап жүрдім. Сол орамал Сәбира Майқановадан қалған тәбәріктей, ұлылық пен шынайылықтың символы іспетті үйімде сақтаулы.
– Көпшілік театрлар бұрынғы репертуармен қалып кеткендей. Жаңа, жас драматургтер шығармашылығы неге жолға қойылмай келеді?
– Жақында ғана Астанада фестиваль болды. Сонда қазақ театрына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.
Қазір Қазақстанда 35 жас режиссер бар екен. Бірақ оның 3-4-еуі ғана елімізде қызмет етуде. Қалғаны шетелдерге көшіп кеткен. Шығармашылығын сыртта жүріп дамытып, елдегі фестивальдерге қатысып кетеді. Яғни, жастар шығармашылығына кедергі жоқ. Қайта жаңа толқынның көзқарасын танытып, қойылымдарды өзгертіп отыруға мүдделіміз. Жыл сайын театрдың көркемдік кеңесіне жаңа туындылар келіп түседі. Кеңестің шешімімен қойылымға лайықты деп танылғандарын репертуарға қосып отырамыз.
Кешегі фестивальде тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанына қарамастан, әлі де театрлық қойылымдарда тарихымыз толық көрсетілмегенін, осы бағытта туындылар керектігі сөз етілді. Бұл рас. Алайда көзі тірісінде жазып кеткен талай мықты жазушылар бар ғой. Тарихи, көркем шындықты ұштастыра, драмаға тігісін жатқызып алсақ, қаншама қойылым туындар еді. Мәселен, Шыңғыс Айтматов та драматург емес. Есесіне оның жазған дүниелерін кино, драма, пьеса ретінде көріп жүрміз. Бүкіл әлем Айтматовты таниды. Осы қырынан да ойланып, әрекет етуіміз керек сияқты.
– Кәмилә Әбдіғалиқызы, әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ
09 қараша 2021 ж. 497 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031