Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Басты мақсат – емделушілер үдесінен шығу

Басты мақсат – емделушілер үдесінен шығу

Құбыл Ршымбетов Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігерілік қызметін ширек ғасырдан астам атқарып келеді. 47 жылдық жұмыс өтілінің 42 жылында басшылық қызметте шыңдайды.
Бес жүзге жуық адамы бар үлкен ұжымды ширек ғасырдан бері нарық дауылына ұшыратпай, алып шыққан қайраткерге елдің берер бағасы өлшеусіз. Осындай бар салмақты көтере алған терапевт-дәрігер әрі І санаттағы ұйымдастырушы атағын иеленген ақ халатты інімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Құбыл Ршымбетұлы, Қызылорда және Қазалы теміржол ауруханасында мамандығыңыз емдеу ісі болса да, инфекционер-дәрігер және бөлімше басқардыңыз. Институт қабырғасынан жаңа шыққан жас маманға бұл жүктеме ауыр тиген жоқ па?
– Әрине, қос мамандықты бірдей алып жүрудің қиындығы болғаны рас. Осы тұста бұған рұқсат етілген-ді. Және өзімнің де талабым болған шығар. Оның үстіне Э.Файт, А.Абдуайтов, А.Ким, Ж.Қазмағамбетов, Г.Қанатова, В.Лим, К.Сансызбаев, А.Сейсенов, А.Жұбатов, А.Ержанов сынды тәжірибелі дәрігерлерден көмек алдым. Олар білгендерін айтуға әркез дайын еді.
– Қызметке кіріскен 5 жылдан кейін бас дәрігердің орынбасарлығы қызметіне көтеріліп, осында 15 жыл отырдыңыз. Тым ұзақ емес пе?
– Батыс теміржолының Ақтөбедегі санитарлық қызметінен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бас дәрігерлікке ұсыныс болды. Бірақ, өзім бас тарттым. Мұндай үлкен іске дайын еместігімді, іс-тәжірибемнің аздығын айттым. Осы ауруханада екі бас дәрігер: В.А.Ким және Қ.Сансызбаевпен әріптес болдым. Қ.Сансызбаев 14 жыл бас дәрігерліктен зейнеткерлікке шықты да маған: «Орынбасарлықтан шөлің қанған шығар, Батыс Қазақстан теміржолы дәрігерлік-санитарлық қызметінің бастығы Я.Маруфов саған бұйрық бергелі жатыр, тартынба, іске кіріс, тәуелсіздік алған еліңе аянбай қызмет ет» деді.
– Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларын айтпағанда, шетелдерде де болып, әлемді көрдіңіз. Солардан бірлі-жарым дерек келтірсеңіз...
– 2013 жылдары Гонконгте медицина мекемелерін басқарудың, ал Испанияның Барселонасында жоғары менеджемент мектебінің мамандырылған 75 сағаттық іскерлік бағдарламасына, 2014 жылы «Денсаулық сақтаудың әлемдік үрдістері, Үндістан тәжірибесінің» көшпелі семинарына қатыстым. Сол сияқты «Жүйені реформалау кезіндегі» экономиканың өзектілігі және кәсіптік мекемелердің жұмысшыларына медициналық көмек ұйымдастыру тақырыптарында 144-162 сағаттық жиындарында да көптеген іс-тәжірибеге қанықтым.
– Біраз уақыт бұрын Қызылорда облысы денсаулық сақтау департаментінің «Аудан деңгейінде емдеу диагностикалық жұмыстарына жаңа технологияларды белсенді енгізу» номинациясы бойынша дипломмен марапатталыпсыздар. Сол кезден бастап қандай алдыңғы қатарлы елдердің технологиясын енгіздіңіздер?
– Сол жылы сандық УЗИ, гострофиброскоп, плазмафорез, Ресейден заманауи үлгідегі электрокардиограф аппараты, Қытайдан автоматты геоматологиялық және жартылай автоматты биохимиялық сараптама, тағы басқа да жабдықтар сатып алынып, орнатылды.
Бүгінде технологиясыз, оны жетік білетін мамансыз медицинада ілгерілеу жоқ. Арал, Қазалы, Қармақшы ауданы тұрғындарының өтінішіне сәйкес 2011 жылдың шілде айынан «Реn medical» компаниясының филиалы есебінен аурухана ішінен гемодиализ бөлімшесі жұмыс жасауда. Оған дейін созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар Қызылорда қаласына күн сайын қатынап немесе пәтер жалдап ем қабылдайтын-ды.
Қазір біздегі 8 гемодиализ аппаратынан науқастар аптасына үш мәрте ем алады. Ол жерде жедел және созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар 24 науқас емделуде. Көпшілігі Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан келеді. Мұнда жылына 5500-ден астам науқас емделеді.
2012 жылы облыс аудандарының алды болып, «Nel Viz Dial» маркалы компьютерлік томография сатып алынды. Арал, Қазалы, Байқоңыр тұрғындарына қызмет етеді. Жылына 3700-4000-дай зерттеу жүргізіледі.
2020 жылы көп қатпарлы компьютерлік томография алынып, іске қосылды. 2016 жылдың ақпанынан бері облыстық денсаулық басқармасының арнайы бұйрығына сәйкес, аурухананың төсек қоры шеңберінде 10 төсектік нейроинсульттік және 10 төсектік ерте нейроинсульттік оңалту бөлімшесі ашылды. Қабылдау бөлімі оларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін қажетті құрал-жабдық пен құрылғы, дәрі-дәрмектер мен тасымалдау арбасы, лифтімен жабдықталды. Үлкен және кіші операциялық зал тәулік бойы нейрохирургиялық ота жасау үшін дайындалып, арнайы жабдықпен қамтамасыз етілді. Реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтілді әрі заманауи қондырғылар қойылды. Отадан шыққаннан соң ем алатын тағы да қосымша 4 төсектік реанимациялық палатаны жарақтадық.
Бұдан бөлек Италиядан шыққан «MELODV» маркалы маммография аппаратымен қызмет көрсетеміз. Бұл туу және 35-49 жас аралығындағы әйелдердің сүт безі ауруларын тексеріп, мастопатияны, қатерлі ісіктің ерте кезеңін анықтай алады. Австриядан өндіріске енген ИФА аппараты да ерекше жетілген. Бұл құрылғы жүктіліктің 20-шы аптасында шарананың түрлі жұқпалы аурулар мен кемістіктерін анықтайды. Онымен бірге әйелдер мен еркектердің жыныстық гармондарын, жұқпалы және гепатит ауруларын зерттейді. АҚШ-тан жеткізілген «NICOLET companion» маркалы аппаратының қызметі зор. Ультрадыбысты допледограф деп аталады. Осы аппарат арқылы бас, ми қабығының жабық және ашық жарақаттарынан кейінгі өзгерістер, бас-ми қысымының жоғарлауы, жедел және өтпелі ми-қан айналысының бұзылуы, ұйқы артерияларының окклуюзиясы, мойын-омыртқа артерияларының қосылуы мен таралуы, қол басы артериялары мен аяқ-қан тамырларының ангиопатиялары, цереброваскуляр, ауруларын дәлме-дәл анықтай алады. Артериялық гипертензия, қант диабеті, жедел түрде болған қан айналуының бұзылысын диогонистикалық анықтауға көмектеседі.
– Жергілікті басылымда ауруханада «Ортан жіліктің сынған ұршығына жаңа технология бойынша егде жастағы науқасқа жасалған ота сәтті шықты» деген ақпарат жарияланды. Жалпы бұл қалай ­болды?
– Травматолог-ортопед А.Қанатов егде адамның сынығы жақын айларда бітіп, жазылып кетуі екіталай екенін пайымдап, сүйекті буынға арналған протезбен бекітуді ұсынды. Оған біз де келістік. Бұл облыстағы алғашқы ота болды. Ол Ресейден арнайы дайындықтан өтіп, 2012 жылы – 20, 2013 жылы – 24 ота жасады. Ал мемлекеттік тапсырыс республика мен жергілікті бюджет және денсаулық министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы келіп түседі. Соған сәйкес қаржы бөлінеді. Әрине қаржы босқа берілмейді. Оны уақытылы игеріп, тапсырыс деңгейінде қызмет етеміз.
– Теміржол мекемелерінен сауықтыру кабинеттерін ашу, рейс алдында медициналық тексеру пункттерінің қойылуының мәнісі не?
– Теміржол мекемелерінің талабына орай жұмыстан қол үзбей емделу мақсатында өздерінен профилактикалық кабинеттер ашты. Емдеу бізден, қаржы олардан болып келісілді. Рейс алдында медициналық тексеру қызметі Қызылорда магистралдық желі бөлімшесімен қағаз жүзінде іске асырылды. Ол үшін Арал, Сексеуіл, Қазалы, Төретам стансаларында төрт медициналық пункт жұмыс істейді. Онда сертификаттандырылған маман шартқа сәйкес қызмет көрсетеді. Теміржол бойындағы Алтай, Байқожа, Көбек, Майлыбас, Ойынды және 99-101 нөмірлі бекеттерде де мамандар жұмыс істейді.
– Ауруханада ұста, токарь цехтарын ашудың нендей қажеттілігі болды?
– Бұл қаржы үнемдеуден туған идея. Қазақ «Кісідегенің кілті аспанда» демекші, жабдықтар сынбай ма, істен шықпай ма? Кімге қол жаямыз әрі жөндеу пұлы қымбатқа түседі. Сондықтан да бұл цехтарды өзімізден аштық. Әрі тапсырыс қабылдап, ақылы түрде қызмет еттік. Бұл жұмыссыздарға да күнкөріс көзі болды.
– Ауруханаішілік дәріханада 49 түрлі дәрілік зат дайындалады. Оның сапасы тексеріле ме?
– Бұл іс мен бас дәрігерлікке тағайындалғаннан кейінгі екінші жылы басталды. Дәрілік заттарды дайындайтын шикізат мемлекеттің сатып алу қаулысы бойынша салыстырмалы баға ұсынысы арқылы алынады. Ал сапасын аурухананың зертханасы мен дәріхананың провизор аналитигі және дәрілік нысандарды сараптаудың ұлттық орталығы ай сайын тексереді. Дәрілердің сапасына жауапты Қ.Қарабала мен С.Қабылова. Бірі дәріхана меңгерушісі болса, екіншісі – провизор-аналитик. Бұлардың жұмысына еш күмән болмауы тиіс.
– Бірнеше рет халық депутаттары поселкелік және аудандық кеңестер депутаттығына сайландыңыз. Осы аралықта бірқатар марапатқа ие болдыңыз. Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерекелік медалін омырауыңызға таққанда қандай күйде болдыңыз?
– Тәуелсіз елдің алғашқы 10 жылдық мерекелік медаліне ие болу әркімнің қолы жете бермейтін бақыт. Тәуелсіздікке аз да болса қосқан үлесімді бағалағаны үшін Елбасына аса риза болдым. Ал аудандық мәслихаттың депутаттығына Қазалы теміржол ауруханасының ұжымы ұсынып, №92 учаскеден додаға түстім. Сайлаушылар аманаты – емханада диспансерлік есептегі науқастарды диагностикалық аппаратпен қамтып, профилактикадан толық өткізу, дәрігер мамандарын дайындау, 5-кварталдың көшелерін асфальттау, жылу және кәріз жүйелерін орталықтандыру, маршрутты автобустарды уақытылы жүргізу еді. Мұның бәрі де жергілікті биліктің назарына алынып, жұрт күткендей дәрежеде орындалды.
– Жоғарғы санаттағы дәрігер-терапевтсіз. Мұның сипаттамасы және ол атақ кімдерге тиісті?
– Ол үшін еңбек өтілі 10 жылдан асып және кейінгі 5 жыл көлемінде 216 сағат біліктілігін жетілдіргені жөнінде куәлігі болу тиіс. Ұжымда менен басқа үш дәрігер де осы атаққа ие. Олар: Е.Дәрібаев – дәрігер-рентген, Қ.Қарабала – провизор, Ш.Байбазарова – дәрігер-педиатор. Мекемеде жалпы 424 қызметкер бар, оның 65-і дәрігер. Біліктілік санаты бары – 48. 199 мейірбекенің біліктілік санаты бары – 139.
– Жергілікті басылымда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановтың «Болса екен басшылардың бәрі осындай» тақырыбында ой тербеді. Аудандық ардагерлер үйіне медициналық жабдықтарды тегін бергендеріңізді жазды...
– Орекең елге танымал ағамыз. Қарттарға, әсіресе, өзімізден зейнетке шыққан ардагерлерді мереке сайын шақырып, дастарқан жаямыз. Ақшалай-заттай сый-сияпат жасалып, отын-суына қолғабыс беріледі. Басқа жаққа емделу шығынына қаржылай көмектесеміз. Сол сияқты мүгедектер қоғамына, тұрмысы төмен жандарға, КВН командасына, шахмат федерациясына және тағы басқаларына да қолұшын беруден аянып қалған емеспіз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
(сұхбат ықшамдалып алынды)
16 қазан 2021 ж. 876 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930