Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауданның сүйеніші – ауыл шаруашылығы

Ауданның сүйеніші – ауыл шаруашылығы

Мұрат Ергешбаев:
Ел ішінде жасалып жатқан жұмыс жетерлік. Қазалы көз алдымызда қарқынды дамып келеді. Асыра айтқандық емес, шынында да солай. Осынау сенімді пікірге бейсенбіде аудан әкімі Мұрат Ергешбаевпен өткен бейресми кездесу барысында көз жеткізгендей болдық. Жүздесуде аудан ­бойынша атқарылып жатқан істермен қатар, көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар сауалды іркілмей жолдаудың да сәті түсті.

«Озат» болмасақ болмайық, Сырда су болса екен
Алдымен ақша... Иә, қағыс естімедіңіз. Аудан басшысы сөздің басын Қазалының қаражатымен, яғни бүгінгі бюджетінен бастауды жөн көрді. Мұрат Нәлхожаұлының айтуынша, аудан экономикасы тұрақты дамып келеді екен. 2020 жылға нақтыланған бюджет көлемі 24 миллиард 438,7 миллион теңгені құрапты. Аз ақша емес. Оның ішінде – өз кірістеріміз 1,5 миллиардқа жеткен.
«Кәсіп түбі – береке» демекші, биылғы 9 айда өнеркәсіп кәсіпорындарында 11 миллиард 740 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салада жеткен жетістік те айтарлықтай. Мысалы, аудан кәсіпкерлерінің 713 жобасы бойынша 1954,5 миллион теңге несие, грант алынған.
Биылғы карантин жағдайы көпшіліктің көңілін күпті етіп, талабына балта шапқаны бесенеден белгілі. Дағдарыстың өзі кәсіпкерлік саласының дегбірін қашырып, талапшылдардың тауын шақты. Осыған қарамай тәуекелге бел буған азаматтар жетерлік. Соның бірі – жұрт «Милиция көл» атап кеткен, нақтысы «Қашқан су» көлінің жағасынан жеке кәсіпкер Б.Ерхатов көп салалы қызмет көрсету үшін жоба құны – 350 миллион болатын демалыс орнын жасапты.
Ауданның сүйеніші – ауыл шаруашылығы саласы. Биылғы судың тапшылығын көзіміз көрді. Сырдың суы сирақтан келмей қалғаны рас. Бір кездері буырқанып, тасынып жататын қасиетті Сыр ана сарқылып, суы әрлі-берлі өткен жанның тобығына жетпей қалғаны мәлім. Соның өзінде жеңін білегіне дейін түріп, қарқынды қимыл көрсеткен қазалылықтар 17675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылын орналастырған. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артқан.
«Төккен тердің жаздай – өтеуін де жазғай» демекші, нәтижесінде облыста Қазалы ауданы үздік шығып, жуырда «Озат аудан» номинациясын иеленгенін айта кеткен жөн.
– Иә, биыл Сырдарияда су деңгейі өте төмен болды. Соған қарамай ­ облыста «озат» атандық. 2018 жылы да дәл осындай жағдай орын алған. Дегенмен сол жылы да үздіктер қатарынан көріндік. Байқағаным, біз дарияда су болмаған кезде алдыңғы шептен көрініп келіппіз. Бұл да болса Жаратқанның Қазалы халқының пейіліне бергені шығар. Әйтсе де келер жылы озат болмасақ болмайық, бірақ Сырдарияда су мол болса екен, – деді аудан әкімі.
Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда ауылдық жердегі екі жігіттің басы қосылса айтатын әңгімесі – мал жинау. Бұл жақсы үрдіс. Жастардың ішінде бос жүрмей жылқы мен сиырға үйір жігіттерді көргенде еріксіз сүйсінесің. Қазір бұрынғы «совхоздың малы» деген сөз келмеске кеткелі қай заман?! Бәрі қара-құрасын өз қорасында баптағанды жөн санайды. Сондықтан болар аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 68,3 % жеке тұлғалардың қолында. Ал 29 проценті ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 2,7 проценті шаруа қожалықтарының үлесінде. Осы жылы «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 9 айда 297 миллион теңге несиеге 2026 бас мал алыныпты.

Қарлаңға көпір түсе ме?
Мұрат Нәлхожаұлы өзінің есепті кездесуі мен кейбір жиналыстарында «Ағайындар, бұл қаншама қаражатты республикалық бюджеттен ауданға қарай тарту оңай шаруа емес. Қазақстанда барлығы 163 ауылдық, 18 қалалық аудан бар. Біз соның біреуі ғанамыз. Ортақ қазынадан өздеріне қарай тартуға барлық аудан жапатармағай атсалысады. Елге тартылып жатқан инвестицияға жоғарғы жақта жүрген осы елдің түлектерінің де үлесі зор екенін айтқым келеді» дегенді жиі тілге тиек етеді.
Ел дегенде ет-бауыры елжіремейтін қазақ кемде-кем. Қаршадайынан қазақы тәрбиемен сусындаған жандардың бүйрегі ауылға қарай бұрып тұрса, оның несі айып?!
Ол да болса өзіңнен туған ұлдың туған жердің көркейіп-гүлденуіне деген жәрдемі.
Қазалы ауданына Мұрат ­Ергешбаевтың әкім болып келгеніне биыл үшінші жыл толды. Әкімнің жолы ақ, пейілі таза екен. Көп ұзамай ғасырлық жоба саналатын мыңдаған жанның арманына айналған «Әлсейітке» көпір түсті. Мұнаң соң тізбектеліп, аудандық аурухананың, көпқабатты бірнеше пәтерлердің құрылысы бітіп, лентасы қиылды. Тағы басқа бірнеше мектеп, балабақша бой көтерді. Айта берсең, іліп алар ілкімді істер көп-ақ. Сондай жағымды жаңалықтың биыл да жалғасын тауып, жатқаны айқын.

Аудан басшысының сөзінше, біздегі құрылыс жұмыстарына 4 миллиард 400 миллион теңге қаржы қаралған. Жыл бойы 2 миллиард 766 миллион теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 6 қоныстану аймағы игерілу үстінде. Әңгіме барысында аудан әкімі:
– Қазалы қаласынан 261 гектар, Әйтеке би кентінен 460 гектар жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаж 1000-нан астам адам кезекте тұр.
Өздеріңіз білесіздер, Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 тұрғын үй құрылысы басталған болатын. Ағымдағы жылы барлығы да аяқталып, 108 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек, Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүруде. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде 40 отбасы қамтылатын болады, – дегенді алға тартты.
Халықты баспаналы ету – басты мәселе. Ал бос жатқан жерге газ, жарық, су тарту да оңай шаруа емес. Су демекші, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспеген. Осы уақытқа дейін тек 3 ауылдан бөлек, басқа ауылдардың барлығына сервистік желі тартылған еді. Бұрынғы қалып қойған ауылдардың да мәселесі жуық арада шешілмекші. 1 қарашадан бастап Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарында құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Байқожа локалды су құбырын қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 35,8 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Тағы бір жағымды жаңалық, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ­Бекарыстан би ауылына жалпы құны 845,8 мың теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауылға сервистік ауызсу желісін тарту жұмыстары да қаралыпты.
«Аудан әкімі сұқбат жасайды» дегенін естігенімізде ойымызда «қандай сұрақ қойсақ екен?» деген сауалдың туындағаны айқын. Осы ретте бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің өздері тікелей айналысатын жұмыс төңірегінде емес, нақты көпке ортақ тақырыпта мәселе көтергіміз келді. Осылардың ішінде өзіміз талай қалт-құлт етіп өткен «Қарлаң» көпірінің жайы толғандырған болатын. Кездесу үстінде бізден бұрын мұны әкімнің өзі бастады.
Бір білгеніміз, аталмыш көпірдің жоба-сметалық құжаттарын жасау үшін 95 миллион қаржыны керек етеді екен. Әдепкі жұмыстарын бастап кетуге сессиядан 15 миллион ақша бөлініпті. Аманшылық болса, келер жылы бұл мәселе жалғасын табады.
Қазақ «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді ғой, басталған істің әйтеуір бітетіні, қыруар қаржының желге ұшпайтыны көңілге – медеу, жанға – қуат.
Тек ақырын күткен абзал.

Үш ауылға газ барады
О заманда бұ заман ауылға газ кіріпті дегенді естігеніңіз бар ма? Тіпті кейбір аудандар тұрмақ, үлкен қалалардың іргесіндегі таяқ тастам жерге газ бармағанын естіп жүрміз. Бізде бұл мәселе өз арнасымен шешіліп келеді. Биылғы ең ауқымды жұмыстың бірі – кент іргесіндегі Ғ.Мұратбаев ауылына газ апаруға 239,5 миллион теңге қаралуы болды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда әкімнің қынжыла айтқан бір сөзі бар. Ол – мердігер мекемелердің бір-бірінің үстінен жазылған арыздары. Әрине қаржыға талас, ұтып алып жұмыс жүргізу деген мәселелердің айналасында түрлі дау-дамайдың туындайтыны рас. Әйтсе де жекелеген құрылыс фирмаларының бақталастығы халықтың мүддесіне үлкен кесірін тигізеді. Мысалы, тендер жарияланғаннан кейін ұтып алған бір мердігердің үстінен екіншісі арызданса, ол міндетті түрде сотта қаралып, оның шешімі шыққанша жұмыстың барлығы тоқтап, кешуілдеуге әкеп соғады.
Мұратбаев ауылынан бөлек, биыл Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 3,7 миллион теңге бөлініп, сатып алу жұмыстары басталыпты.
Шындығында, осы уақытқа дейін ұзынқұлақтан Қазалы қаласы мен Ғани Мұратбаев ауылдарына газдың баратынын естіп қойғанбыз. Үлкен тракторлардың жұмысын бастағанын да көрдік. Бірақ осы жиналыс үстінде жоғарыдағы екі жерден бөлек, Жалаңтөс батыр мен Қашақбай Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16 миллион теңге бөлінгенін естігенде ерекше сүйсіндік. Келешекте осы ауылдардан таяқ тастам жердегі Басықара ауылына да көгілдір отын тартылады. Бұл – қолы от жағудан босамай, сықырлаған аязда бүрсеңдеп ошақтан күл алып, тамызықтық отын жаратын күннің ауылдағы ағайыннан алыстайтын да мезгіл жақындады деген сөз.

Қанды шеңгелден қалай құтыламыз?
Әңгіме басталған тұста аудандағы медицинаның қазіргі ахуалы жайы айтылатыны белгілі еді. Оған себеп – әлемді қанды шеңгеліне іліндіріп тұрған «Covid-19» індетінің өршіп кетуі.
Әкім осы ретте аудандағы медицина саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тікесінен айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл аудан тұрғындары үшін де, медицина қызметкерлері үшін де оңайға соқпай тұр. Әлемді дүрліктірген жұқпалы инфекция біздің жерлестерімізге де зиянын тигізді. Сол сәтте дәрігерлер күндіз-түні науқастардың жанынан табылып, аянбай еңбек етті. Қиын кезде қолынан келген барлық медициналық көмек көрсетілді.
Ауданда пневмония диагнозы бойынша жалпы 499 адам есепке алынған. Оның 443-і ауруынан жазылып шықты. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік, – деді.
Осы ретте аудан әкіміне «Коронавирустың бірінші кезеңінде ауданда қарапайым ғана дәрі-дәрмектің табылмай, маска бағасының қымбаттап кеткенін білеміз. Алдағы уақытта екінші кезеңі болады деп күтілуде. Осыған аудан қаншалықты дайын?» деген сауалды жолдадық.
Бұған Мұрат Ергешбаев:
– Коронавирус инфекциясының алдын алу, емдеу мақсатында жұқпалы аурулар бөлімінде 35 провизорлық, 20 инфекциялық төсек орны жасақталған.
Эпидемиологиялық ахуал кезінде бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратынан 150 инфекциялық төсек орны жасақталды. 32 оттегі концентраторы алынып берілді. Аурухана мен емханаларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды, – деген жауап алдық.
Қатерлі індеттің уысынан шығармай тұрған бірден-бір басты себептің бірі – аудандағы той, ас-жиын, құдажолы секілді көпшілік шоғырланатын жерлер екенін М.Нәлхожаұлы да атап өтті. Оған тойхана иелерінің көңілжықпастығы мен халықтың бұл ауруға деген немқұрайлы қарауы болып отыр.
Мысалы, кейбір кәсіпкерлер әкімшілік тарапынан салынатын айыппұлды той жасайтын адамға екеуара келісіммен төлетіп, есікті іштен жауып алып өткізіп жатқаны да жасырын емес.

Жүйкені жұқартқан жұмыссыздық
Биылғы жылы ауданда «Жол картасы» бойынша 42 жобаны жүзеге асыруға 3 миллиард 11 миллион теңге қаралған. Ол бойынша 860 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі күнге бұл 950 болып, 110,5 процентке орындалған.
Ағымдағы жылдың 9 айында жұмыс іздеуші ретінде 2355 адам хабарласып, 1095 адам жұмысқа орналасыпты. Есепті кезеңде 1436 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 1142-сі тұрақты, 294-і уақытша қызметке кірген.
Мұндай жұмыс орындарынан мүмкіндігі шектеулі жандар да шет қалмаған. 2020 жылдың 9 айында 50 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 19-ы жұмысқа орналасқан.
Ал жазасын өтеп келгендер мен пробация қызметінің есебінде тұрған 27 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Сонымен қатар 302 отбасының 1709 мүшесіне 73,2 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген.

Қос аралық қосылса...
«Сыбырлағанды құдай естімей ме?» деген бар. Осы бір сыбырды Жаратушыдан бөлек, аудан тұрғындары да естіп, айтып жүр. Ол – Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің қосылып, үлкен бір қаланың іргетасын қалау мәселесі. Бұл – бұған дейін де көтеріліп, айтылған. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан қос аралықта жұмыс қарқынды. Кезінде кенттің шеті саналатын Жанқожа батыр кесенесінің арғы жағына да ақшаңқан үйлер шаңырақ тіккен. Жұрт «Ащыканал» атайтын маңда да жер тегістеліп, инфрақұрылым жүріп жатыр. Қосылса несі бар, қос аралық жақын аралықта бірігіп кетуі де ғажап емес. Тек көптің көкейін қозғаған бір мәселе кей-кейде айтылып қалады. Ол – Қазалы қаласының емес, әсіресе Әйтеке би кенті тұрғындарын алаңдататыны жалақыдан 25 процент «селскийдің» қысқарып кетуі. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасынан кент жастарының тыс қалуы еді.
Бұл жайында аудан басшысы:
– Қос аралықтың қосылуы жайы көпшіліктің талқысы мен тыңдауына салынады. Халықтан асып ештеңе айта алмаймын. Барлығын уақыт көрсетеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы менің ойымша, Әйтеке би кенті орталығына қарағанда ауылдық округтерге қажеттірек. Тіпті ауылға барамын деген жастарға берілетін сыйақы мөлшерін көбейту керек. Себебі ауылдық жерлерде біліктілігі жоғары маман тапшылығы кездеседі. Ауылдың ­жастары сауаттанса, ауыл гүлденсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар ауданда ауылшаруашылығы саласын жандандыруымыз керек. Ауданның сүйеніші – ауылшаруашылығы саласы, – дегенді алға тартты.

P.S: Мұнан басқа кездесу барысында ауылдық округтердегі жайылымдық жерлердің тапшылығы да айтылды. Айталық, Қазалы қаласы, Сарыкөл, Бірлік, Құмжиек секілді бірқатар ауылдық округтерде шаруаларға жер мәселесі қиындық туғызып тұрғаны сөз болды. Оның жайын аудан әкімі тікелей назарға алып, алдағы уақытта комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Есет ТАБЫНБАЕВ
07 қараша 2020 ж. 964 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930