Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қашықтан білім беру – бүгінгі уақыт талабы

Қашықтан білім беру – бүгінгі уақыт талабы

Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылын аяқтадық. Биыл білім беру саласында біршама өзгерістер орын алды. Осы орайда оқырмандар ойында жүрген сауалдардар төңірегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали мырзамен сұхбаттасқан едік
– Бектұр Асанханұлы, сұхбатымызды биылғы жылы білім саласы бойынша жеткен жетістіктерден бастасақ...
– Ұстаздар мен оқушылардың 2019-2020 оқу жылындағы жетістіктері мен толағай табыстары жеткілікті. Жылма жыл артып келе жатқанында мақтанышпен айтуға болады.
Өткен жылы облыстық пәндік олимпиадаға қатысқан 16 оқушының 6-уы жүлдегер атанып, екеуі республикалық олимпиадаға қатысса, 2020 жылы облыстық пәндік олимпиадаға қатысқан 22 оқушының 17-сі жүлдегер атанып, 7 шәкірт республикалық пәндік олимпиадаға жолдама алды. Республикалық пәндік олимпиаданы шілде айында өткізу жоспарланып отыр. Халықаралық сайыстарда 12 оқушы мен 1 мұғалім жүлде иеленді. Республикалық кәсіби байқаулардан 3 педагог жетістікке қол жеткізді. 2020 жылы халықаралық байқаулардан 19 оқушы мен 2 мұғалім жүлдемен оралса, республикалық кәсіби байқаулардан 7 педагог жүлдегерлер сапынан көрінді.
Жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған Абай оқуларының республикалық кезеңіне қатысқан №225 мектептің 11-сынып оқушысы Эльмира Жанызақова екінші орын және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің грантын жеңіп алды. Абай атындағы №90 мектептің 9-сынып оқушысы, жас ақын Әлихан Махашов «Ақберен» ақындық пен шешендік өнер байқауының облыстық кезеңінде бірінші, республикалық сайыста өз шығармашылығымен екінші орын тұғырына көтерілді.
№95 мектептің 7-сынып оқушысы Рамазан Сайфулла мен №91 мектептің 4-сынып оқушысы Ақберен Бақытберген республикалық «Зерде» конкурсының ең жоғарғы жүлдесі ГРАН-ПРИ-ді алды. «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінің «Білгірлер» бәйгесі бойынша бірінші орын жүлдегері №93 мектептің 9-сынып оқушысы Ақылбай Нағашыбай республикалық байқауға жолдама алды. «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының ұйымдастыруымен өткен «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының ақтық мәресіне №170 мектептің 8-сынып оқушысы Гауһар Әзен, 9-сынып оқушысы Аяулым Әзен, №249 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Гүлзира Қонысбай қатысып, нәтижесінде Гүлзира Қонысбай бірінші орын және 1000000 теңге, Әзен Гауһар үшінші орын және 300000 теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.
– Елдегі жағдайға байланысты төртінші оқу тоқсаны қашықтан оқытылғаны белгілі. Осы орайда қандай қиындықтар туындады? Бұл жүйенің тиімді тұстары болды ма?
– Қашықтан білім беру технологиясы бүгінгі заманның талабы, ертеңгі күннің көшіне ілесу жолдарының бірі екендігін мойындауымыз қажет. Біріншіден, осы тәсілді төтеннен жаппай енгізу жаңалық болғанымен, қашықтан білім алу ұстаздарымыз бен оқушыларымызға таңсық еместігін, бұрыннан да білім беру саласына қатысты әлемдік және қазақстандық ақпараттық сайттарда жарияланатын оқу семинарлары мен сабақтарына, форумдар мен сайыстарына белсене қатысатынын, Білім министрлігінің бастамасымен kundelik.kz электронды журналымен, білім беру бағытындағы bilimland.kz, bilimal.kz сияқты және басқа да білім беру сайттарымен жұмыс та үшінші жылға аяқ басып, оған да төселіп қалғандығын атап айтамыз.
Қашықтан оқыту технологиясын әріптестестермен, оның ішінде директорлармен, әдіскерлермен, мұғалімдермен және ата-аналармен пікірлесіп талқылай келе төмендегідей тиімді тұстарды айтуға болады.
– ата-аналардың (әсіресе бастауыш сыныптардағы) оқу процесіне белсене араласуы, білім беру мазмұнындағы оқу бағдарламаларымен танысуы, сәйкесінше мұғалім жұмысына басшылар емес шәкіртінің, ата-аналардың, яғни халықтың баға беруі мен бақылаудың артуы, әрі қарай мұғалімдіктің қиын да жауапты қызмет екендігін жете түсінуі;
– оқушылардың білім алуға деген қызығушылығының артуы;
– оқушылармен жеке-дара жұмыс жүргізу мүмкіндігі, соған сәйкес олардың жауапкершіліктерінің жоғарылауы;
– ұстаздардың ақпараттық технологияға негізделген шығармашылық еркіндігінің ұлғаюы, мұғалімнің де, оқушының да өзіндік ізденісіне мүмкіндік берілуі;
– сабақ кестесінің жылжымалы болуы немесе сабақ уақытын оқу процесіне тікелей қатысушылардың өздері белгілеуі уақытты тиімді пайдалануға әкелуі;
– ата-аналардың, балалардың және мұғалімдердің білім беру бағытындағы интернет платформаларды белсенді қолдануының артуы, сол арқылы олардың ақпараттық технологияларды пайдаланушылық деңгейлерінің артуы.
Ал, қиындығы – шалғай ауылдарда әлі де болса интернет желісінің жетімсіздігі.
– Дәстүрлі түрде алған білім деңгейі мен қашықтан алған білім деңгейінде айтарлықтай алшақтық болды ма? Сіздің ойыңыз...
– Дәл осы алшақтық мәселесін анықтау үшін екі бағытты салыстыруға әлі ерте деп есептеймін. Себеп, дәстүрлі білім беру тарихы өздеріңіз білесіздер ғасырдан ғасырға жалғасқан тарихы, мол тәжірибелік қоры бар жүйе болса, қашықтан оқытудың жаппай қолданысқа енгізілгені 1,5 ай ғана. Бұл жұмыс алдағы уақыттың еншісінде.
– Мектептер тарапынан оқушыларға қандай қолдаулар көрсетілді? Мәселен, ұялы телефоны немесе компьютері жоқ отбасы балалары қандай көмек алды?
– Көктемгі каникул күндерінде қашықтан оқыту туралы шешім қабылданған соң бірінші кезекте күндізгі нысандағы 37 білім беру ұйымындағы білім алушыларды қашықтан оқыту үшін қажетті электронды құрылғылары мен олардың интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне байланысты мониторинг жүргізілді.
Қорытындысында үй жағдайында 329 отбасындағы 653 балаға қашықтықтан оқыту үшін қажетті мектеп теңгеріміндегі электронды құрылғылар /компьютер, ноутбук, планшет/ қайтарымды негізде таратылып берілді. Сонымен қатар, интернет желісіне қосылуға еш мүмкіндігі жоқ 275 отбасының 519 оқушысы демеушілік есебінен мобильдік, «Қазақтелеком», «Транстелеком» провайдерлері арқылы интернет желісіне қосылды.
Кең жолақты интернет платформаларын 3321 оқушы (2145 отбасы) пайдаланып білім алса, 11819 оқушы (7381 отбасы) «Балапан», «Ел-Арна», «Қазақстан-Қызылорда» телеарналары арқылы бейнесабақтарды көріп, тиісті үй тапсырмаларын орындап, WһatsApp мессенджері арқылы мұғалімдермен кері байланыс жасау негізінде қашықтан білім алды.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан, интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ Сарбұлақ, Ажар, Шәкен және Шилі елді мекендердегі 309 оқушы /144 отбасы/ «Отау ТВ» «Балапан» телеарнасы арқылы қашықтан білім алды және мектептерден жасақталған арнайы курьерлер оқушылардың тапсырмаларын таратып, орындалған жауап парақтарын жинап беру арқылы мұғалімдермен кері байланысты орнатты.
Аудандық білім бөлімі мен барлық мектептерде қашықтық оқыту технологияларын енгізуге орай ата-аналар мен оқушыларға қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға байланысты электронды құрылғыларды пайдалану, үй тапсырмаларын алу, кері байланысты орнату сұрақтары бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, Call-орталықтары жұмыс жасады. Білім бөлімі мен мектептердің әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде хабарламалар мен ақпараттар беріліп, ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Аудан бойынша қанша түлек мектеп бітіреді? Оның нешеуі алтын белгіге, үздік аттестатқа үміткер? ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендер саны қаншалықты?
– Биылғы оқу жылында аудан мектептерінен 632 оқушы 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басады. Оның 527-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірді. «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер саны – 54 болса, «Үздік аттестатқа» үміткерлер – 31.
– Биыл соңғы қоңырау салтанаты қалай өтеді?
– Биылғы жылғы 25 мамырда 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау сынып сағаты онлайн түрде өткізілмек. Бұл балалардың денсаулық қауіпсіздігін сақтау мақсатында қабылданған шешім деп түсінуіміз керек. Ал мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатты шарасы 3-4 маусым күндері 45 минуттан аспайтын уақытта және аттестат тапсыру рәсімімен бірге өткізіледі. Іс-шара мектеп ауласында таза ауада, қонақтарсыз, тек мектеп мұғалімдері мен 11-сынып оқушыларының қатысуымен барлық санитарлық шаралар сақтала отырып өтеді. Бұл арада егер бір мектепте айталық 3 бітіруші сынып болса, оларға арасына 30 минуттық үзіліспен әр сыныпқа бөлек өткізіледі.
Шаралар кезінде мектеп оқушыларынан, ата-аналардан қандай да бір қаражат жинауға, сыйлықтар жасауға, мерекелік дастарқан жаюға, автокөліктермен кортеж ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады.
– Кейбір мектепте мектеп бітіруші түлектердің тең жартысы, яғни елу проценті ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатыспайды. Бұл әр оқушының еркіндегі мәселе. Дегенмен, 11 жыл бойы алған білімді сынап көруге не кедергі? Оқушының өзіне деген сенімсіздігі ме, әлде мектеп басшылығының ықпалы бола ма?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнына түсу емтиханы болып табылады. Жоғарғы оқу орнына түскісі келетін кез келген мектеп бітірушінің ҰБТ-ге қатысуға толық құқығы бар. Оған мектеп басшылығының ешқандай кері ықпалы жүрмейді. Жоғарыда айтып өткенімдей биылғы 2019-2020 оқу жылында 632 оқушы мектеп бітірсе, қазіргі таңда оның 527-сі сынаққа қатысуға онлайн түрде өтініш білдіріп отыр. Бұл бітіруші түлектердің 83 процентін құрайды. Ал қалған 105 оқушы арнаулы оқу орындары мен кәсіптік колледждерде білімін жалғастыруды жөн санады.
– Көптің көкейінде жүрген сауалдардың бірі – қыркүйекте оқушылар мектеп табалдырығын аттай ала ма? Әлі де қашықтан оқыту жүйесі жалғаса ма?
– Ағымдағы оқу жылының соңғы тоқсанын төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқыту жүйесімен өткізгеніміз келер оқу жылы да осы жайт қайталанады деген сөз емес. Бұл сұрақтың жауабы уақыт еншісінде. Нақты ақпаратты 2020-2021 оқу жылының басталар сәті жақындағанда құзырлы органдар жариялайтын болады.
– Ауданда апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Алайда күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларының бар екені рас. Осы ретте биылғы жылы жөндеуден өтетін ғимараттар туралы айтып өтсеңіз...
Биылғы жылы 3 мектепке күрделі жөндеу (№24, №226, №165), 6 мектепке (№17, №70, №88, №96, №100, №190) және «Шағала» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда барлық мектептер үшін арнайы тәртіп бойынша өткізілген конкурспен жеңімпаздар анықталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жаңадан уақытша 217 жұмыс орны, оның ішінде жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 109 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Барлық мердігерлер жұмыспен қамту орталығына сұраныстар жолдап, жолдамалар арқылы жұмысқа қабылдауда.
Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының барлығы дерлік басталды. Жаңа оқу жылына дейін барлық білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары аяқталатын болады. Ал, «Шағала» лагеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары қыркүйек және қазан айында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
– Толыққанды мәлімет бергеніңізге рахмет. Алдағы сынақта түлектерге сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
26 мамыр 2020 ж. 842 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031