Өзімді басқа салада елестете алмаймын
Қазіргі таңда әлем бойынша спорт түрлерін дамытуға аса ден қойылып отыр. Бұл адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп, өмір сүру деңгейін көтеру үшін жасалып жатқан ілкімді іс екені белгілі. Спорт тарихына жаңа күрес түрі ретінде еніп, Батыс және Еуропа елдерінде танымалдылыққа ие болған грэпплинг күресі Қазақ елінің спортшыларын да қызықтырып үлгерді. Жақында елордасы Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық “Asia Open” турнирі өтті. Байрақты бәсекеде Қырғыстан,Үндістан, Ресей, Өзбекстан елдерінен 400-ге жуық спортшы бақ сынады. Аталған турнирде грэпплинг күресі бойынша 70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазалылық Жансая Мұрат чемпион атанып, әлем чемпионатына жолдама алды. Бірер күн бұрын турнир қатысушыларын шеберлігімен тамсандырған жерлес чемпионмен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Грэпплинг күресіне келуіңізге не түрткі болды? Қанша жастан бастадыңыз?
– Бала кезімнен спортты өте жақсы көрдім. Қандай жағдай болса да жаттығумен уақыт өткізген қатты ұнайтын. Сол себепті 14 жасымда дзюдо күресіне қатыса бастадым. Бертін келе бұдан бөлек қазақша күрес, самбо, грэпплинг әдістерін де меңгеріп, бәрін қатар алып жүремін деп шештім. Ал чемпиондық әкелген спорт түріне ауысқаныма жылдан аса уақыт өтті. Нәтижесіне көңілім толады.
– Есте қаларлық жеңіс пен жеңіліс туралы айтсаңыз?
– Мен үшін өте қиынға түскен сайыс халықаралық деңгейдегі кездесу. Ол Ақтау қаласында болды. Онда тұншықтыру әдісіне түсіп қалып, жеңісті қолдан беріп қойдым. Алайда үш айдан кейін спорт шеберлігі үшін болған белдесуде жеңіске қол жеткіздім. Бұдан кейін Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында самбодан, Қарағанды қаласында өткен ҚР чемпионатында қазақ күресінен спорт шебері атағын алдым. Ал осы жылы Таразда өткен чемпионатта грэпплинг күресінің спорт шебері атандым.
– Спортта демеушіңіз бар ма? Жаттықтырушыларыңыз туралы айтып берсеңіз...
– Демеушім – әкем. Әлемнің қай тұсындағы жарысқа барар болсам да барлық жағынан қолдау көрсетіп, рухани жігерлендіріп жіберетін әкеме айтар алғысым шексіз. Дей тұрғанмен кейде шығыны көп сапарларда қиналып қалатын жағдайлар болатыны жасырын емес. Демеушінің керектігі осындай кезде байқалады. Бұл тұста тілектес адамдар болса қарсылық танытпас едім.
Ал осы сәтке дейін түрлі додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінуім үшін бапкерлерім Айболат Әбенұлы мен Қален Қалиұлының еткен еңбегі ерекше. Қызылорда қаласындағы спорт мектебіне ауысып келгеннен кейін спорттың көптеген тың, көп адам қолдана алмайтын әдістерін үйрендім. Осы сәтке дейін биік шыңдарды бағындырған болсам ол спорт мектебіндегі жаттығулардың да әсері деп білемін.
– Спорттағы арманыңыз не?
– Кез келген спортшының ең үлкен арманы әлемді бағындыру болса керек. Мен де жақында болатын әлем чемпионатында чемпион атанғым келеді. Оған қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы да жеңіп алдым. Ендігі міндет жаттығуды күшейтіп, техникалық шеберлікті шыңдауға ғана уақыт бөлу. Қазіргі таңда бар ойым жаттығуда. Күніне үш сағатымды бапкеріммен бірге қабілетімді арттыруға жұмсаймын.
– Сайысқа қатысарда қарсыласыңыздың аты қанша уақыт бұрын айтылады? Оның жетістігі сіздің рухыңызды түсірген сәттер болды ма?
– Әрбір жарысқа жеңу үшін қатысуға болады. Сондай-ақ тәжірибе жинау үшін баратындар да бар. Бұның екеуі де спортшыны өсіреті анық. Бірақ қанша жеңемін дегенмен де қателік жібермеу мүмкін емес. Бұл рухтың биіктігіне қарамастан жеңіліп қалуға болады деген сөз. Есесіне келесіде ол қарсыластың мықты әдістерін өзіне қарсы қолдануға мүмкіндік туады. Сайыста кім-кіммен бақ таластыратыны сол күні белгілі болады. Бұрын кездескен палуанның осал тұсы мен артықшылықтарын өзім саралап, қолданар әдісімді пысықтаймын. Егер бірінші рет күрескелі тұрсам жаттықтырушыммен ақылдасып, оның бұрынғы жекпе-жектерін сарапқа саламыз.
– Грэпплинг күресінде қандай жарақат алу қаупі басым? Осындай жағдайға ұшыраған кезіңізді еске түсірсеңіз...
– Әрине, лақтыру әдістерін айтпағанда, ауырту әдісінің өзі спортшының денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе қол, аяқты ауыртудың соңы оның сынуына әкелуі ғажап емес. Қылғындыру әдісімен естен тандырудың да өзіндік қауіптілігі бар.
Сүйектердің орнынан тайып кетуі өз басымда қанша рет болғанын санамаппын. Алайда бұндай жағдайлар күресте көп кездеседі. Бірнеше жыл бұрын болған сайыста аяғым тізе тұсынан сынды. Бұдан кейін спорттық формамды жоғалтып алып, екі жыл алыстап кеттім. Бұл уақытта Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында жаттықтырушы болып жұмысқа тұрдым. Қазір де талабы биік жастарға білгенімді үйретудемін. Әр дүниенің қайыры бар дейді емес пе? Жаттығудан қол үзіп қалғаннан кейін еріксіз салмақ қосып алдым. Денсаулығым жақсарғасын жаңа танымалдылыққа ие болып келе жатқан грэпплинг күресіне келдім. Нәтижесінде қазір чемпион ретінде сізбен әңгімелесіп отырмын.
– Спорттан біржола кетер болсаңыз немен айналысар едіңіз? Ата-анаңыз қызының қандай мамандық иесі болғанын қалады?
– Шынымды айтсам, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Спортшы немесе спорт жаттықтырушысы. Басқа қызметке ауысу туралы ойлап та көрмеппін.
Отбасымда әжем, ата-анам, ағам мен сіңлім бар. Дзюдомен айналысып жүргенімде таңдауыма шынайы қолдау білдірген әжем болатын. Әкем де қарсылық танытпады. Есесіне анам райымнан қайтарғысы келді. Дәрігер болғанымды қалады. Мен оған: “Маған спорттағы қарсыласымды ауырту әдісі арқылы жеңген ұнайды ғой, адам емдеу қолымнан келмейді”, – деп әзілдейтінмін. Қазір жарысқа қатысар болсам, тақымын қысып, жеңсем ерекше қуанып отырады.
– Сіздің салада жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні анық. Жеңілген сәтте қандай сезімде боласыз?
– Рас, жеңілген сәттерім болды. Бұндай жағдайда қатты намыстанамын. Бұдан бөлек жақындарымның, бапкерлерімнің артқан үміті жанымды жегідей жейді. Мүмкін жаттығуды қойып кетермін деген де ой болды. Бірақ екі-үш күннен кейін спорт өмірлік бағытым екенін түсініп, жаттығу залында жүргенімді байқамай қаламын.
– Спорттық ас мәзірін ұстанасыз ба?
– Спорт мектебінде жүргенде асылған тағамдар мен жаттығудан кейін тұтынуға қажет ас мәзірін қатаң сақтайтынмын. Бірақ қазір дәмді тағамдардан бас тартпаймын. Бұл спорттық қалыбыма зиян келтірді деп айта алмаймын.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ