Ащыкөл туралы аңыз
Көкірегі ояу, зерделі жандармен тілдессең, өмірге деген құлшынысың артатыны шын екен. Өз басым бүгінгі жұмыс күнімнен жақсы әсер алдым. Аудан әкімі қызметіндегі адамның бос уақыты бола бермейтіні белгілі ғой. Сондықтан Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың қабылдауына ертелетіп барғанмын. Аудан басшысынан Қазалы өңірінде атқарылып жатқан шаруалар жайлы білу, көпшілік көкейінде жүрген кейбір мәселелердің шешілу жолдарын сұрастыруды көздеген едім. «Елім деп еміренгенге уақыт жетпейді» деген. Жұмыс уақытының басталуына әлі ертелеу болғанымен, аудан әкімі кабинетінде отыр екен. Хатшы қызға жөнімді айтып, әкімнің мені қабылдауын өтіндім. «Алдын ала келісіп алғаным дұрыс болатын еді» деген ішкі пікірімді Мұрат Нәлқожаұлының нық үні, байсалды пікірі сейілтіп жібергендей. Бұған дейін бір-бірімізді жыға танымасақ та, әңгімеміз салғаннан үйлесімін тапты. Басшылық қызметте мол тәжірибе жинақтаған, шаруа жайын жетік білетіні әр сөзінен айқын аңғарылып тұр. Кенет... Мұрат Нәлқожаұлы Ащыкөлдің тарихы, қазіргі ахуалы туралы сұрады. Мұндай тебіренбеспін! Туып-өскен ауылым, қасиетті атақонысым, іргелі елді мекеннің ажары, қасиетті Ащыкөліме аудан басшысы көңіл бөлсе, қалайша толқымассың? Оған қоса біршама уақыт бұрын «Халық» газетінде «Халқының қорғаны болған әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы атындағы ауыл тұрғындары үшін ауыл іргесіндегі Ащыкөл ерекше қастерлі саналады. Біздің бала кезіміздегі шалқып жататын айдыны, қаптап үйрек ұшып, қаз қонған, төсінде аққу жүзген келбеті мүлде ерекше еді. Ауылдың үлкен-кішісі қармақ салып, суына құлаш ұрып мәре-сәре болатын. Ауыл тұрғындары қыс мезгілінде ат шана, түйе шанамен көл бетінде отбасымен серуендеп жүрсе, жағасындағы жәрмеңкеде сауда қызып жататын. Наурыз мерекесін осында халық болып атап өткені көпшіліктің әлі есінде. Ащыкөлдің жағасына құрылған алтыбақанда жастардың қосыла салған әсем әуені көңілге қуаныш ұялататын. Ойлағанға, елімізде қазіргі таңда қозғалып жүрген туризмді дамыту біздің ауылда сонау сексенінші жылдары қолған алынған екен. Демалыс күндері моторлы қайықпен құс атып, балық аулап жүрген небір жоғары шенді әскери адамдарды (генералдан бастап, өзге ұлт өкілдері) жиі көретінбіз. Қайран Ащыкөл! Осындай керемет көлдің бүгінгі таңда тек жұрнағы ғана жатыр. Өлімсіреп, шалажансар жатқан көрінісі жанарыңа еріксіз жас ұялатады. Ащыкөл емес, шалшық жыраны көргендей әсерге қаласың», - деген жанайқайымыз жарияланған болатын. Жанайқайымызға құлақ асатын азаматтар бар екен. Нақты кезеңде Ащыкөлге су құйылып жатыр. Алла қаласа, бұрынғы қалпына келеді деген үмітіміз де жоқ емес. Айта кетерлігі, бұл тақырып Ергешбаевқа дейінгі де аудан басшыларының назарына талай мәрте ұсынылып келгенін несіне жасырамыз? Алайда ешқандай нәтиже шықпаған болатын. Қаншама рет айтылып, жазылғанымен,,селт еткен жанды байқамаған едік. Міне, Мұрат Ергешбаев, өзге де ел ағалары көңіл бөлді. Бұл үшін азаматтардың атасына рақмет!
Осы толғаныс үстінде «Ащыкөл туралы аңыз» атты өлеңімді оқырман назарына ұсынуды жөн санадым.
Мамыр туа құлпырған Сырдың бойы,
Тербейді сезім сырын шабыт ойлы.
Шуақ төккен өңірге сүйсінгендей,
Жасап жатыр табиғат дарқан тойды.
Ұқсайды ғашық жанға алып ұшқан.
Самал желмен қызғалдақ тербеледі,
Мінсіз, көркем қалыппен назы тұнған.
Өткір жанар, айбатқа қалмас күмән.
Дөңнен асып барады қызыл түлкі,
Жеңіл қарғып, бұтадан қоян қуған.
Сол даланы жайлаған Әлім елі,
Өжет туған ұлдары, өңшең шері.
Арулары мөлдір көз, түзу мүсін,
Жаралыпты дейді аңыз, көне сөзі.
Ибалы екен келіндер әдеп жиған,
Шын өнерлі жастары, озған мыңнан.
Аппақ арын ешқашан кірлетпеген,
Қариялары тым асыл, иман қонған.
Дуалы ауыз шипагер көпке сыйлы,
Ауыр мінез, ұнатпас артық шуды.
Бар бақыты – жалғызы Қарадөңі,
Мекендепті емші қарт осы жерді.
Талай сырқат жазылған құлантаза,
Дерті күшті міскіндер тауып дауа.
Емші алдына кіріпті атақты бай,
Сұлу қызы ауырып, болып нала.
«Келдім, - деді – ақсақал сізге сеніп,
Бар үмітім өзіңде, бердім ерік.
Құлынымның жолына басым құрбан,
Айшажанды дерт меңдеп кетті семіп».
Арпалысты қарт емші, жеңілді ажал,
Сұлу қызды құтқарар табылды амал.
Аяғына бас ұрып егілді бай,
«Құда болып қалайық тәңірге адал».
Серт берісіп солайша алысты қол,
Ата-баба салтымен байласып жол.
Ақыл-көркі, көңілі бек жарасқан,
Екі жас та бақытты, қуаныш мол.
Қапияда жау шапты, бүлінді ауыл,
Қанға бөкті өрендер, туыс-бауыр.
Адалдықты ту еткен құтты қоныс,
Сұрапылға кез келді, соғып дауыл.
Алаулап атақоныс жатса жанып,
Шайқастан кім қашады, жанын бағып?
Соңына ертіп алып құрдастарын,
Қарадөң жауға шапты ұран салып.
Мысық мұрт, ұзын бойлы, еңгезердей,
Астында жирен аты, семіз пілдей.
Ұмтылды жау батыры бұған қарсы,
Гүрілдеп, ызалы үнмен қылыш сермей.
Қарадөң алдаспанмен кетті салып,
Жайратты озбыр дәуді, қанға малып.
Айырылған басшысынан қарақшылар,
Ауылдан шықты қашып, өліп-талып.
Қарадөң қан майданда қаза болды,
Нұсқаған ел-жұртына ерлік жолды.
Зарланған Айша қыздың көз жасымен,
Шүпілдеп туған жердің сайы толды.
Өртеді жан жарының қайғы-мұңы,
Қалмады ару үшін өмір құны.
Сарғайып суық ұрған жапырақтай,
Таусылды жылға жетпей бітіп күні.
Деген бар айдай сұлу үзілмеген,
Айналған аққу құсқа жүзіп жүрген.
Ащыкөл Айша қыздың көз жасынан,
Құралып кермек дәмі бізге жеткен.
Қарадөң міз бақпайды, асқақ қарап,
Күн нұры шашырайды, сонан тарап.
Аңызға арқау болған Ащыкөлім,
Халқымның ырзығына тұрсың жарап.
Қадір тұт, қонысыңды өсіп-өнген,
Жүзгенмен сан қиырда мінген кемең.
Болайық мейлі ақын, тіпті әкім,
Ауылдан артық емес, ешбір мекен.
Жұмабек Табынбаев,
Жанқожа батыр ауылы