Орамал – аппақ ардың айнасы

Бірде осының себебін білгім келді. Жеңгемнің жанына келіп: «Неге үнемі орамалмен жүресіз? Мүлдем шешпейсіз бе?», – деп сұрадым одан. Ал ол:
– Алғаш келін боп түскенде жарықтық енем басыма орамалды тартып жатып, «Орамалың серігің болсын!» деген еді.
– Ыммм, солай деңіз. «Не деген қуатты сөз еді? – дедім мен де күлімдеп.
– Әзілге айналдырып отырмысың, ерке қыз? Мұның жарамады. Сен де ертең жат босағаға аяқ басып, келін атанасың. Сол кезде басыңа осылай орамал тағылады. Ал сол орамалды тағудың астарында сен ойлағаннан да терең дүние жатыр. Оны да сол кезде ұғынарсың, – деді жеңгем. Жеңгемнің әңгімесі әдеттегіге ұқсамайды. Байыппен айтылған әрбір сөзі көңілімде сұрақ болып қала берді. Дәл сол уақыт одан айтылған әңгімесінің маңызын түсіндіруін сұрай алмадым. Үнсіз қала бердім. Арада біршама уақыт өткен соң, бұған дейін қозғалған әңгіменің шетін тарқатып, айтылмай қалған ойын жалғауын жеңгемнен өтіндім.
– Алдында айтқан едім ғой. Менің басыма орамалды әжең тақты. Жаулықты басыма жауып жатқанда әжең:
– Қарағым, орамалыңды басыңнан ешқашан тастама. Əйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады. Сенің келін екеніңді, жар екеніңді, қала берді ана екеніңді осы басыңдағы орамалың айқындайды. Орамал сенің – абройың болмақ, – деп ақылын айтқан еді. Мен содан бері орамалымды тастамадым, – деп сөзін қорытындылады жеңгем.
Жеңгемнің әрбір сөзін көңіліме тоқыдым. Әжемнің өсиетін келіндік өмірінде кәдеге жарата алған жеңгемнің осы бір үлгілі ісі көпке өнеге. Осының бәрін түйсінгенде осы уақытқа дейін жеңгемнен «Неге орамалыңды шешпейсің?», – деп әлсін-әлсін сұрай бергеніме іштей ұялып та қалдым. Халқымызда «Көрген көргенін істейді» деген тәмсіл бар. Болашақ та сол көзімізге көрінген үлгілі істі, көңілге құр тоқып қоймай, іс жүзінде жүзеге асыруды барша қыздар қауымына нәсіп етсе екен деп деп тілеймін.
Арайлым ЖҮСІПОВА