Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Орамал туралы орамды ой

Орамал туралы орамды ой

Қазақ әйелі үшін орамал құнды да, бағалы дүние. Әжелер әрқашан басынан ақ жаулығын, ал аналар орамалын тастамаған. Ертеден дәстүр мен ғұрыпты сақтап, тазалыққа мән берген халық үшін әрбір қыз баласының басына орамал тағуы міндеттелді. Себебі орамал қыздың көркін, ажарын арттырып, жинақылыққа үйретеді. Әрі оның іс-әрекеті мен болмысын айшықтап тұрады.
Босаға аттаған ару орамал тағатыны сөзсіз. Келінге орамал салу үрдісі қазір де өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Тіпті жастар арасында бұл салтқа деген қызығушылық артты десек қателеспейміз. Олар анамыз таққан жаулық пен орамалды заманға сай түрлендіріп, сәнін келтіріп тағуда. Әйтсе де сән қуамыз деп қазақы болмысымызды жоғалтып алмасақ болғаны.
Соңғы уақытта жаулықты жастардың көпшілігі келбетімізге үйлеспейтін киіммен, яғни хиджабпен алмастыруда. Осыған орай қазіргі таңда қоғамда екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі орамал таққан дұрыс десе, ал екіншісі жаһандану ғасырына үндеспейді дейді.
Қазір «орамал тағу – мұсылманның шарты» деп тұмшаланған, ұзын көйлектегі арулар қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Орамал тағудың реті осы деп, түгелдей тұмшаланып, қара жамылып жүру біздің салтымызда болмаған. Бұл қазақы менталитетке мүлдем қайшы. Жастардың мұны түсіне бермейтіні өкінішті.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің бір сұхбатында бұған ерекше тоқталған.
– Хиджаб – арабтан келген тұмша. Олардың өзі мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджаб киген. Яғни хиджаб – олардың ұлттық киімі. Даласы шөл, үнемі құм борап тұратындықтан, әйелдері көздерін ғана ашық қалдырып, киінетін болған. Оны біз хиджаб кимеген мұсылман емес деп, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрміз, – дейді. Бұл дүниені кейбір қаракөздеріміздің өзінің күнделікті киетін киім үлгісіне айналдырып алғаны көңілге кірбің ұялатады. Мұсылман әйелі үшін орамал тағу міндеттелген болса, онда неге өзіміздің ұлттық кимешегіміз бен жаулығымызды тақпасқа. Дегенмен әйел адамның иманы оның киімі әрі орамалымен өлшенбейді.
Аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің шәкірті Балжан Полат: «Орамал тағу – мұсылман әйелі үшін парыз. Қазір әйел адамдардың көпшілігі орамал тағуды қиынсынады. Меніңше, онда тұрған ештеңе жоқ. Өзім хиджаб кимеймін, кәдімгі орамалды шашымды көрсетпей тағып жүремін. Оның түрі де көп. Әр түрлі киіммен үйлестіріп, сәнді етіп алуға болады. Орамал әйел адамды тазалыққа үндейді. Ас пісіргенде шаш жинаулы болса, тамағыңа түседі деген күмән болмайды. Барша мұсылман қыздары жабық, әрі жинақы киініп, шашты жауып жүру керек», – дейді ол.
Әйтеке би кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Динара Сыздықова да бұл турасында пкірін білдірді.
– Орамал тағу біздің ғұрыпта бар дүние. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Орамал тағуды сәнмен не дінмен шектеудің қажеті жоқ. Ол – қыздың көркі, қала берді денсаулығы. Басыңызға тартқан жаулығыңыз сіздің денсаулығыңызға да әсер етеді. Қазақ тұрмысындағы мына бір дүние мысал бола алады. Жайлаудағы халық үшін аспаннан жайдың түсуі қауіпті болған. Ал найзағайдың шашты өзіне бірден тартатынын олар бұрыннан білген. Содан сақтануда қыздардың басына орамал таққан. Орамал таққан әрбір қыз-келіншек ханшайым деп санаймын. Қыз баласының шашын жайып жүргенінен гөрі, орамал таққанын құп көремін. Сол себепті «Орамалды ханшайым» дүкенін аштым. Қазір қыздар вандамка, тюрбанды, шашақты, оюлы орамалдарды сәнді етіп таққанды жақсы көреді. Қазір көбінесе үлкендерге қарағанда жастар тарапынан сұраныс көп. Олар үкілі орамалға, бисерленген тюрбан мен тоқылған түрлеріне жиі тапсырыс береді. 40-45-тер шамасындағы әйелдердің көбіне орамал тақпайды. Себебі көпшілік қысқа шашты қалайды. Ал 50-ден асқан апалар келін түсіріп, ене мәртебесін иеленгесін жаулық тақпасқа болмайды деп жатады. 20-35 аралығындағы жас қыз-келіншектерден өтініш жиі түседі. Кейде ер азаматтар аруын дүкенге ертіп келіп, әдемі орамал сыйлайды, – деді Д. Нәбиаманқызы.
.Тақырып тұрғысында айтылар сөз де, дау да таусылмақ емес. Әйтсе де, ұлт ұятымен астасып жатқан киелі орамалға деген құрмет мәнін жоғалтпай, ұрпақ сабақтастығымен бірге жалғасын тапса екен.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
06 наурыз 2021 ж. 8 680 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930