Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел есінде Есмырза

Ел есінде Есмырза

Уақыт ұзаған сайын жоқтаушысы жоқ талай жақсы мен жайсаңдардың есімі көмескіленіп, ұрпақ жадынан өшіп барады. Сондай елі сүйген ердің бірі – ХІХ-ХХ ғасырларда өмір кешкен Есмырза Жанайұлы.
Қазалы оязының сол кездегі атақты тұлғалары Байсалбай, Жетес, Үмбет би, Дәрменқұл, Сейт, Қарасақал Ерімбет шайырлармен тұз-дәмдес, сыйлас, болған тарихи тұлғаның ғибаратты ғұмыры, аңызға бергісіз әңгімелері, құнды шежірелері мен деректер қағаз бетіне түспей, көнекөз қариялармен мәңгілікке бірге кеткен. Бізге жеткен ауызша дерек бойынша, Есмырза атадан жалғыз қалған перзент екен. Жастайынан кірешілерге еріп ел аралап, өзінің ақылды, аңғарымды, батылдығымен дараланыпты. Өсе келе қолының ашықтығы, шешендігі, жан-жақтылығымен қатарластары, замандастарына сыйлы бола бастайды.
Ол өмір кешкен кезең орыстың қазақ жеріне ендеп кірген уақытына тура келеді. Сол тұста Қазалы қаласы ояз орталығы болып, форт салып, ояз басшысы қазынасынан ел ішіндегі тіл білетін адамдарды жинайды. Сол кезде Есмырза ояздың тілмашы, судья, би, болысы болады.
Есмырзаның баласы Демекбай болыстың қызы Күнжамалдың айтуынша, атасы оязда отыз үш жыл судья қызметін атқарады.
Ол кісінің аңызға бергісіз әңгімелері кім-кімді де бейжай қалдырмайды.
«Бірде атам жол жүріп келе жатып, астындағы атын шідерлеп, елсізде қонады. Көзі іліне бергенде құбыла беттен ақ киімді ақ сақалды үлкен қария келіп, аса таяғымен түртіп оятады.
«Тұр, балам, қолыңды жай. Ұрпақты боласың. Бірінші балаңның аты Көмекбай болады. Ол мешіт ұстап, елге дін таратар, сыйлы болар. Екінші балаң Демекбай ел басқарып, билік айтып аты шығар. Қалғанын Алла берер, тәңір алдыңнан жарылқасын!» – деп ғайып болыпты. Атамыздың түсі туралы естіген анасы астындағы жалғыз атын сойып, садақа беріп, үлкендерінің батасын алыпты. Осыдан соң баласының да жолы болып, алғашында ел ішінен тері-терсек жинап, сабын қайнатқан жігіт келе-келе Орынбор, Хиуа, Бұхара, Самарханға дейінгі елдерді аралап сауда саттықпен айналысады.
Ел аралап жүргенде өзге елдің өнерін, тұрмыс-тіршілігі және салт-дәстүрімен танысып, тұрмысқа пайдаланатын құрал-сайманын ел ішіне әкеліп сатады. Сондай бізге жеткен әңгімелердің бірі Есмырза атамыз соқтырған қой қырқатын қыртқының үлгісі, – дейді.
Заманында ел ішінде ақын, әрі зергер, ұста Бекіш  өзін сол елдің ақыны әрі батыры санап, үнемі беліне қылыш байлап жүретін Есмаманбет ақынмен сөзге келіп:
– Жағалай шалғын бе едің, көлімдегі,
Сен бе едің батыр жігіт елімдегі.
Соқтырған Ешмырзаның қыртқысындай
 Ұрайын қылышыңды беліңдегі, – десе Есмамбет:
– Жағалай шалғын едім көлімдегі,
Сен бе едің ақын, ұста елімдегі.
Арпылдап ит сияқты үре берсең,
Тек жатпас алмас қылыш белімдегі, – деген жауаппен тойтарыпты.
Бірде сауда-саттық жасап, қырғыз еліне барғанда Қағаз атты қызды жылқының жонына мінгестіріп алып келеді. Кейіннен үйлі-баранды болып, ұрпақ өрбітеді. «Айқасқаның баласы, айқасқа болмаса да, төбел болып туады» дегендей, Есмырзадан тараған ұрпақтары да текті, намысшыл болып өседі.
Аянда көргендей, алғашқы перзенті Көмекбай мешіт ұстап ел балаларының сауатын ашады. Алайда өмірі қысқа болып, соңында ұрпақ қалмайды. Екінші перзенті Демекбай әкесі Есмырзаның ізін жалғастырып, Жақайымның Көлімбет әулетіне жиырма жылға жуық болыс болып, кешегі дүрбелең заман орнағанша ел билігіне елеулі қызмет етеді. Екінші әйелінен Мұқмұнияз, Мәмбетнияз, Жүсіпнияз, Оспан, Үсейін, Сейтжаппар есімді ұлдар туылады.
Әділетті ардың ақ туындай кірлетпеген жанның мүрдесі Арал ауданының Құмбазар елді мекеніне қойылады. Есмырза қайтыс болғанда Демекбай болыс інілерімен, ел болып, үй тігіп, ас-суын беріп, аттың қылы мен жалын күзеп, биенің сүтімен илеген кірпіш бастыртып, түйемен Құмбазарға тасып, сол заманға таңсық еңселі үлкен күмбезді үй-там салдырады. Үй-тамның ішкі қабырғаларына қалы кілем ілінген екен.
Қазіргі кезде бір ғасырдан асқан осы үй-там жылдар өткен сайын аласарып, жауын-шашынмен мүжіліп барады. Оның ішінде Есмырзамен бірге әйелдері және ертерек бақилық болған балалары да жерленген. Ал кешегі 1930 жылдары қайтыс болған Демекбай болыс дүниеден өтерде: «Әкемнің жанында орын жоқ. Маған сыртынан төртқұлақ салыңдар», – деп інілеріне аманаттапты.
Есмырзаның атымтай жомарттығы туралы әңгімелер қалған.  Ел ішіндегі білікті ұсталарды жинап, бір тайдың еті түгел сиятын қазан соқтырып, жұма сайын шүлен қазан көтеріп, сол маңайдағы аш-жалаңаштарға таратып, батасын алады екен. Бірде жол соқты болып келе жатып, бір байдың үйіне түссе, сол елге белгілі біраз азаматтары ортадағы жұдырықтай шекерді майдалап бөліп жеп, шай ішіп отырса керек-ті. Ешекең дастарқандағы барлық қантты жинап-теріп: «сендердің барлық ырзық-несібелерің маған жұқсын», – деп кесесіне салып жібереді. Бәрі таң қалғанда, атқошысын шақырып, ат дорбасынан кесек-кесек түйір қантты аударып тастапты. Сонда отырғандар жомарттығына: «Пай-пай, бұлай болмаса, Есмырза, Есмырза жомарт атана ма?!», – деп разы болыпты.
Қарасақал Ерімбеттің Жетес биге барар жолда Есмырзаны жолай сынамақ болып, түнемелік мезгілсіз уақытта келеді. Дарияның шіреп ағатын кезі болғандықтан, жағалау шалқыған көл, қоға-қамыс,  ­орман-тоғай Қазалыдан келетін жол Нұршаның төбесінен айқын көрінеді екен. Нұрша – жан-жағы түгел көрінетін биік шошақ төбе. Есмырза жазда шыбын-шіркейден қашып, төбенің басына ақ боз үй тіктіретін көрінеді.
Кешкілік Нұршаның төменгі ылдиына түсіп арықтағы суға асықпай жуынып-шайынып жатқан үш-төрт атты жолаушының, сол маңайда қой жайып жүрген қойшымен ұзақ сөйлескенін байқаған үй иесі олардың тегін адамдар емес екенін байқайды. Қойшыны шақыртып, сұрағанында, жолаушылардың Ескіұраға бара жатқанын, өз үйін сұрағанын біледі.
Есмырза бұл жолаушылардың Қарасақал Ерімбет екенін, өзін сынамақ ниетте екенін ұғынады. Түн ортасы ауа, ел жатқан соң үй сыртынан дауыс шығады. Есмырза, Ерімбеттің даусынан танып: «Уа, ассалаумағалейкүм, Ерекембісің?.. Елге сыйлы ердің бірі екенсің. «Мезгілсіз қонақ жөнді білмейді» деген сөз бар. Төрт қасқаның бірі екенсің», – дегенде Қарасақал Ерімбет: «Ох, мына Есмырза мені Жетеске жеткізбей сүріндірді-ау. Қой, жігіттер, аттың басын кейін бұрыңдар қайтайық», – дегенде Есмырза аттың шаужайынан ұстап: «Ереке, сөз саптауы солай болды. Кешегі оязда қызмет етіп жүргенде қызметтес, дәм-тұздас болған замандасымсың ғой. Құдайы қонақ болып, балаларға батаңды бер. Аттан түс», – деп аттан түсіріп, жайғастырып, ертеңіне сыбағалы қонағасы беріп, аттандырған екен. Сондағы айтылған төрт қасқа: жоқшылық, жетімдік, мезгілсіз қаза, мезгілсіз қонақ екен. Осы төртеуін қазақ «төрт қасқа» санапты.
Есмырзаның көзін көрген, беріректе үлкейіп дүниеден өткен ақсақалдың бірінің әңгімесінде Құмбазардағы мешіттен дәріс алған балалар әр жұма күні Есмырзаның Қазалыдан ояздағы қызметінен демалысқа келетінін айтады. Ол келгенде ауылдың бар баласы тайлы-таяғы қалмай, қаумалайды. Аттың екі жағына теңдеген екі қоржынынан кәмпит пен шекер үлестірілгенде бәрі қуанышқа бөленеді екен. Жұма намазға қатысатын молдаға: «Тақсыр, мына балаларды сабақтан босат, сауап болсын», – дегенде балалар молданың шыбығынан құтылғанына қуанатынын айтады.
Бір жолы ояз басшысы ел ішін билейтін болысты сайламалы қылып, болыстық қызметі үшін қазынадан айлық төлеп, заңды түрде еңбек демалысын беретін болады. Демалыстан кейін болыстық сайлау болатыны  туралы хабарды ояздың қасында жүрген Есмырза болыс Байсалбайға естірте келіпті. Ояздың жарлығын ағасына жеткізіп жатып: «Аға, сіз мені білесіз ғой. Мына орыстың жарты патшасы сізге үш ай демалыс беретін болды. Содан кейін болыстыққа сайлау өтеді. Осы уақыт аралығында сіздің орныңызға уақытша ел басқарып, өзімді бір сынап көрейін деп едім. Мөріңізді беріңіз», – депті. Бірақ бұл жолы сайлау бұрынғыдай өтпейді.
Байсалбай жеті атасынан бері бай болыс болып келе жатқан адам екен. Ол болыстыққа таласатын адам жоқ деген пиғылмен алаңсыз отырады. Ол кезде қазақ болыстыққа түскенде құмалақ санайтын көрінеді. «Құмалақ» деген малдың саны екен.
Жалғыз атты Есмырзаның салар құмалағы жоқ болғандықтан, болыстыққа таласпайды деп топшылап, мөрін береді. Артынша Байсалбайдың үйіне Жетес би келіп болған жайды айтқанда: «Ойбүй, ағеке-ай, Есмырза деген ағын су ғой. Ие бермейтін дария. Мөр саған енді келмейді», – депті. Айтқандай, сайлау науқаны басталып, Есмырза да түседі. Бұл ойын анасына айтқанда, ол:
 – Ой, шырағым-ай, «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген. Ағаң Байсалбаймен болыстыққа таласып, опа таппассың. Бұл маңда Байсалбайдан артық малды адам жоқ. Елге күлкі боларсың, – дегеніне қарамай, тәуекел еткенін жеткізеді.
– Ебін тауып, болыстықты Байсалбайдан аламын, – дейді. Ақысына анасынан екі бүйен май сұрайды. Есмырза кешкілік ояздың үйіне келіп, тіл білгеннің арқасында сөйлесіп, екі бүйен майды керуеттің астына атып ұрыпты. Сайлау болатында Байсалбай сеніммен барыпты. Ал Есмырзаның сайланғанын есіткенде Байсалбай: «Менде тіл жоқ, әйел жоқ. Тіл білгеннің арқасында қу бала осы екеуін тең пайдаланған екен», – деп қамшыменен жер сабалапты. Кейін Есмырза жасы келгенде болыстық тізгінін баласы Демекбайға беріпті.
Есмырза бақилық болғанда, жаназасын шығарып жатқан молда өмірде аласы-бересісі болған-болмағанын сұрайды. Сонда Жетес би «Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Кеңесейік», –дейді. Мұны естіген апай төс, батыр мінезді Еңсепбай көп ішінен шығып, ат үстінде тұрып: «Тәйт әрі, Есекем, халықтың қара нары, осы елдің ырысы, атымтай жомарты емес пе еді?! Қәне көтеріңдер табытты», – деп зор даусымен айғайлайды. Кейін Жетес өзінің пендешілігіне ұялғанын айтыпты.
Бүгінгі әңгімені тізбектей отырып, ұмыт болып бара жатқан тарихи тұлғалардың рухын жаңартуды ұрпақ алдындағы бір міндетіміз деп білдік.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат

08 желтоқсан 2022 ж. 388 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930