Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шай – қазақтың шипасы

Шай – қазақтың шипасы

Дала қапырық, үй іші өкпені қабатын ыстық біздің өңірде жаз айында жиі кездесіп тұрады. Дәл осы мезетте көпшілік ақ тер, көк тер болып, мойнына сүлгі іліп алып, қан сорпасы шығып шай ішіп отырады. Ішінде «Терлеп-тепшіп ішпесем басым ауырады. Таңғы шай, түскі, бестің шайы, кешкі шайларды жіберіп алмайын» деп айтатындар да кездеседі. Тіпті той-томалақтарда, отырыстарда қадірлі қонақтарға самаурынмен түтінін бұрқыратып шай ұсыну дәстүрге айналған. Оған қоса қып-қызыл шайға ақ сүт қатып қызыл күрең түсті етіп алатынымыз тағы бар. Қант, тұз және құртпен ішіп, бабын біліп алғанбыз. Денені сергітіп, шөлді қандырып, бойға күш беретін бұл сусынның нендей сыры бар? Қалай пайда болды? Пайдасы мен зияны... Шай ішпесе жұмысы жүрмей қалатын қазақтың «қуаты» болған сусын дүниежүзіне қалай таралды? Шай іше отырып, осы мәселеге көз жүгіртіп көрдік.
Расымен шайдың шаршап-шалдыққанда көңілді көтеріп, әсіресе, таңертең ішкен кезде ұйқыны ашатынын және денені сергітіп, рахатқа бөлейтіні жасырын емес. Шай шығыс халықтарына, соның ішінде Қытай мен Үндістанда бұдан мыңдаған жылдар бұрын белгілі болған. Олар алдымен өз бетімен шыққан жабайы шай жапырақтарын суға салып, бояуын шығарып, сан алуан ауруға дәрі орнына пайдаланған деседі. Бертін келе шай күнделікті ішетін сусынға айналып, оның бірнеше сұрпы өсіріліп шығарыла бастаған. Ал ХV ғасырда шай ішу Шығыс елінен Орта Азия халықтарына тарай бастаған. Шайдың арғы тегі Қытайдан шыққан дейді көпшілік. Шай деген сөздің өзі Қытайдың «тцай-ие» деген сөзінен тараған көрінеді. «Тцай-ие» қытайша «жас жапырақ» деген сөз. Негізі оның байхы деген сорты бар. Бұл да аспан асты елінде «байхао» деген сөзі болса керек. Біздіңше ол «ақ кірпік» деген мағынаға ие. Шай жапырақтары күмістей жылтыраған ақ кірпіктей қылтанақтармен көмкерілген. Жапырақтарының түр-түрінің «байхы» аталатын себебі осы.
Қытай елі шай өндіруден озық ел болғандықтан оның құпиялары мықты қорғалған. Дегенмен бір ағылшындық шай тұқымын ұрлап қана қоймай, оны өндірудің күрделі жолын да біліп алған. Осының арқасында еуропалықтар шайды өз мекендерінде де егуді білген. Шайды тек әйелдер ғана жинайды екен. Себебі әйелдің нәзік қолдары иісін одан сайын күшейтеді деп есептеген. Қытай императорына арналған шайды тек 16 жасқа дейінгі қыздар жинаған.
Жасыратыны жоқ шайдың емдік шипасы бар. Сүт қосылған қою және тәтті шай халық емінде нашадан, дәрі-дәрмектен, ішімдіктен уланған жағдайда, зардабын қайтаратын емдік сұйықтық ретінде пайдаланылады. Бал, қара бұрыш қосылған шай зәр шығару және тыныс жолдарына суық тигенде терлететін дәрі орнын басады. Аз мөлшердегі құрғақ жүзім шарабы (бір стақанға шай қасық мөлшеріндегі жүзім шарабы) тамызылған қара және көк шай қоспаларының қою, салқындатылған тұнбасымен қабақтың қабынуы, шырышты қабақтың бітеліп қалуы, коньюктивит кезінде көзді жууға болады дейді мамандар.
Жас шай жапырағының шырынымен, шай сөлімен немесе ұнтақталып, үгітілген кепкен шаймен дененің күйген жерін емдейді. Кепкен көк шайды шайнау – жүрек айнығанды және аяғы ауыр әйелдерге, теңіз сырқаттарынан болатын қатты лоқсуды басуға көмектеседі.
Көк шайдың қою тұнбасы денедегі сыртқы жараларды, тіпті жүйелі пайдаланған жағдайда асқазан мен аш ішек жараларын жазады. Сонымен бірге қан қысымын түсіреді. Кешегі шай бұзылмаған болса, оны тәнге тарту арқылы емдік мақсатқа пайдалануға болады. Себебі бір тәулік тұрған шайда қышқылдар мен фтор көбейеді. Тіл ойылғанға, экземаға, теріге жарақат түскенде, іріңді жараларға ем ретінде қолданады. Ол өте пайдалы. Кешегі шаймен көзді сүртсе, қызарғаны басылады. Таңертеңгі және кешкі тіс тазалар алдында көк шаймен ауызды шайса, тістің түбі нығаяды. Ол аз десеңіз, шай бүйрекке тас байлануын болдырмайды. Жақсы өскен шай жапырағында С, В1, В2, А, Р дәрумендері бар деп, оны беталды іше берсең, шай өңіңді өзгертіп, ұйқыңды қашырады. Оны тым қою етіп ішсең, құрамындағы кофеин жүйке жүйесінің қызметін қоздырады да, қан қысымын күшейтіп жібереді. Ол 18 градус ыстықтан төмен болса, жұпар иісі мен адам жанын сергітетін шипасын, дәмдік татымдылығын жоғалтады.
Егер оны асықпай, ұрттап ішсе ас қорыту органы, тамақ, асқазан күйіп қалмайды. Тұнбасындағы Р дәрумені адам ағзасына С дәруменінің жақсы сіңуіне көмектеседі. С дәрумені жетпеген адамға көк шай ішу қажет. Оны дұрыс пайдалана білген адам ерте қартаймайды. Шай тұнбасы қан капилярын бекітеді де , жүйкені жақсартады. Көк шайдың пайдасы мол. Ол адамды семіртпейді, несеп бөлу мен жүрек бұлшық еттерінің қызметін күшейтеді, қан қысымын төмендетеді, адам жанын сергітіп, сейілтеді. Көк шайда жан мен тәнді жадырататын дәрумендер мол. Жүрек тамыр ауруларына, әсіресе, қан тасу мен атерсклероз сырқатын емдеуге шипа. Тұнба құрамында алколоитер мен витаминдер болғандықтан, оның алкогольге қарсы күші де бар. Қытай, жапон елінде көк шай жоғары бағаға ие.
Анығында біз жақсы білетін шайды қай кезде пайдалануға болмайды? Біріншіден, аш қарынға ішпеңіз. Ас қорыту жолындағы ішкі мүшелер шайдың кесірінен зақымдануы мүмкін. Өйткені ыстық шай ауыз бен жұтқыншақты, ас қорыту жолдарын күйдіріп жібереді. Бұл сусынды суып қалған күйінде де ішсеңіз қақырық тұрып қалуы бек мүмкін. Тым ащы қылу да денсаулыққа зиян. Егер түн уақыты болса, ұйқыңыз келмей, басыңызды ауыртуы мүмкін. Тағы айта кететіні дәрі-дәрмек қабылдаған кезде шай ішуші болмаңыз. Ол дәрінің күшін әп-сәтте жойып жібереді. Сонан соң тамақтың алдында немесе тамақтан кейін ішуге болмайды. Аралығы 20-30 минут болуы тиіс.
Бұдан бөлек қазақтың сөздік қорына да «шай» сөзі ентелеп кіріп кеткен. «Шайлық», «Шай орамал кепкенше», «Шай ішіп кетсең қайтеді, мен ұсынған кеседен» деп ақындар да өлеңдеткен. Осы тұста «шайпұл» ұғымын кей мәліметтерге сәйкес ХVIII ғасырдың 30-шы жылдары пайда болған деседі. Сол кезеңде голландиялық көпестер Англияға шай таси бастағанда, өте қымбат еді. Сондықтан оны тек ауқатты азаматтардың ғана қалтасы көтерген. Оны арнайы түстен кейінгі мезгілде «шай бақшасында», ашық аспан астында, гүлдердің ортасында отырып, әуен қосып қойып ішкен. Үстелдерде «To Insure Prompt Service» яғни «жылдам қызмет көрсету үшін» деген жазуы бар қорапшалар тұрады екен. Ыстық шайды тезірек әкелуін қалаған адам осы қорапшаға ақша тастайды. Шайпұл беру осылай пайда болған.
Төрт түліктің өнімін сусын еткен көшпелі ел үшін шай кейін келген жаңалық. Не дегенмен қазаққа жақты, еліміз бабын тапты. Ең бастысы – шай әңгіме-дүкен құрудың, сырласу тетігіне айналды. Шай ішіп отырып пікірлесетін, емен-жарқын бас қосатын күндеріңіз көп болғай!
Абзал ЖОЛТЕРЕК
06 маусым 2020 ж. 2 546 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930