Рахымжан Отарбаевтың орыс тіліндегі екі кітабы жарыққа шықты
Екі кітап Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қолдауымен Мәскеудегі «Восточный экспресс» баспасынан шыққан. Тұсаукесерге белгілі ақын-жазушылар, театр және әдебиет сыншылары, қоғам, мәдени қайраткерлер қатысты. Шара барысында әдебиеттанушы Гүлзада Ниетқалиеваның жазушы шығармашылығына арналған зерттеу кітабы таныстырылып, фото көрме және сахналық қойылымдар көрсетілді.
«Атырау өңірінен делегация болып келіп тұрмыз. Ал Рахымжанның өзінің туған жері – Құрманғазы мен Динаның, Әбу Сәрсенбаев пен Хиуаз Доспанованың, Жұмекен Нәжімеденов секілді мақтаныштарымыз өмірге келген мекен. Рахымжан – қазақ халқы үшін ұлы тұлға деп есептейміз. Себебі, оның қаламынан шыққан шығармалары, драматургиясы бүкіл дүние жүзін шарлап кетті. Оның еңбектері Түркияда, Ресей мен Оңтүстік Азия елдерінде жарияланған. Шетелдерден шақырту алып, пьесалары қойылған. Рахымжан Отарбаев – дүние жүзінде өз бағасын алған белгілі қаламгер», - деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов.
Кітаптың таныстырылыман жазушының жары Сәуле Отарбаева, ұлы Ермерей мен немересі Жаһангер да келді. Сәуле Отарбаевның айтуынша, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана – жазушының ізі қалған жер. Жазушының жары Рахымжан Отарбаевтың кітаптарын іздеуші оқырмандарының көп екенін айтады. Ал Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы туралы белгілі әдебиеттанушы Аманшелді Кеңшілік пікір білдірді.
«Рахымжан Отарбаевтың 1980 жылдардың басында «Соғыстың соңғы бомбасы» атты «Жалын» журналында алғашқы әңгімесі жарық көрген болатын. Бұл – сол кезең үшін әдебиеттегі үлкен құбылыс еді. Неге десеңіз, онда адам деген ұғымға мүлде басқаша тұрғыдан қарау, соғыс шындығына өзгеше көзқараспен үңілу бар. Сондағы Жазыл деген жігіт соғысқа барғысы келмей, ауылда жарылған бомбадан қаза табады. Моральдық тұрғысынан оны кінәлауға болады. Ал имани тұрғыдан біз оны кінәлай алмаймыз. Себебі, фашист болсын, оның қан төгуге қолы бармайды. Сол кез үшін бұл шығармашылық батыл шешім. Міне, Рахымжан ағамыз осындай үлкен суреткер», - дейді Аманшелді Кеңшілік.
Автордың жекелеген шығармалары бұрын түрік, араб, қытай, неміс, ағылшын, әзербайжан тілдеріне аударылған. «Сұлтан Бейбарыс», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» және басқа ондаған шығармалары театрларда сахналанған. Шыңғыс Айтматов Рахымжан Отарбаевты «ХХІ ғасырдың интеллектуалды прозасының үздік өкілі» десе, Әбдіжәміл Нұрпейісов «қазақ Чеховы» атаған.