Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақұт жырдың шайыры

Жақұт жырдың шайыры

Жексенбіде жібек сөзден жыр кесте тоқыған халық ақыны Ібайдулла Қалниязов атындағы облыстық жас ақындар айтысы өтті. Майдакөл ауылындағы орталық алаңда өткен «Жақұт жырдың шайыры» атты ақындар айтысына Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарынан келген жас ақындар қатысты. Айтыс басталарда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз зергерлеріне сәттілік тіледі.
– Міне қазақтың асыға күтетін дәстүрлі өнері – жас ақындар айтысында бас қосып отырмыз. Соңғы кездері тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы ауданында республикалық, облыстық және аймақтық айтыстар жиі ұйымдастырылуда. Осындай игі шара елдің ауызбіршілігін, береке-ынтымағын арттырып, келешегімізді бағамдауға септігі мол. Бұл өнер – жастарға бағыт, қазақы тәлім-тәрбие берудің ерек жолы.
Өткен ғасырдың басында дүниеге келген халық ақыны Ібайдулла Қалниязовтың айтыс өнеріне қалдырған ізін суытпай, кейінгі ұрпақ жаңа серпінмен жалғастыруда. Тартысты сайыста орақ тілімен, қарымды ойымен жақсы өнер көрсететін жас ақындар жеңіске жетсін, – деді аудан басшысы Мұхтар Оразбаев.
Ұлттық суырып салма өнеріміз – айтыс халық қазынасы, әдеби мол мұрасы. Қазақ халқының қанына сіңген өнер бүгінгі күнге дейін өшпей, керісінше жаңғырып, тамыр жаюы – ұлттық болмысымыздың бұлжымауы және тәуелсіз ел ретінде дамуымыздың арқасы деп білеміз. Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған.
Айта кеткен жөн, өнерсүйер қауымның делебесін қоздыратын додалы айтыс Ақжона ауылында бір айда 3 рет өткізіліп отыр. Бұл осы ауылдың клуб меңгерушісі Ермекбай Ағырайдың ұйымдастырушылық қасиеті десек артық айтқандық емес. Талай таланттардың томағасын сыпырып, айтыс өнеріне баулып жүрген ардақты азамат Ермекбай Ағырай киелі сахна төрінде айтысқа қатысушы талапкердерді таныстырып, шараны жүргізіп отырды.
Жақұт жырдың шайыры – Ібайдулла Қалниязов өлеңді 12-13 жасынан шығарған. 4 жыл араб тілінде, 7 жыл қазақ тілінде білім алады. Мектептен соң Қазалыдағы зоотехникумның мал дәрігерлік курсын тәмамдаған. Еңбек жолын «Жаңаталап» колхозында ауылдық кеңестің хатшысы болып бастайды. Осылайша ауылдық кеңестің төрағасы, кейін Ворошилов атындағы колхозға басқарма болады.
1941 жылы майданда жараланып, елге келеді. Ақынның өлеңдері дінді уағыздағандықтан сол заманның саясатына қарсы болғандықтан қағаз бетіне түспеген. Ол айтыс өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған.
Қилы заманда айтыс өнері сахнадан ғана емес, санадан да ығыстырыла бастағанда тәуелсіздіктің таңы атып, ұлттық қазына қайта түледі. Бұл хас өнердің тамырына қайтадан қан жүгіріп, рухымызды асқақтатып, қазақ ақындарының еңсе тіктеуіне ықпал етті. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері өшпес өнерімізге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп, кең тарауына мүмкіндік жасалуда. Бүгінде елде тәуелсіздіктің құрдас-ақындарының қатары қалыптасып, олар ұлттық өнерді жастар арасында дәріптеуде. Осындай айтыстың жүйріктері саналып келе жатқан Мұхтар Ниязов, Ержеңіс Әбдиев, Рүстем Қайырғап сынды ағаларының ізін басып келе жатқан жас өрендер майдакөлдіктердің көңілін бір серпілтті. Жан жақтан «Беу!» деп демеп отырған қауым айтыскерлерге ерекше ықыласпен жанкүйер болды. Осындай жағымды эмоцияны сезінген әділ қазылар өздерінің шынайы бағасын берді. Шарада қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын, дәстүрлі әнші Толағай Дүнкиев:
– Майдакөл ауылы бұрыннан келе жатқан еншісі айқындалған киелі ауыл. Сонда да болса, оған іргелес Түктібаев пен Бекарыстан би ауылының мәдениет ошағы бірігіп, бір-бірімен етене араласып, қолдау көрсетіп жүр. Осы үш жұртта ұйымдастырылған шаралардың басы-қасынан табылатын Ү.Түктібаев ауылының клуб меңгерушісі Нұрлан Қаманов және Бекарыстан би ауылының мәдениет үйі директоры Бектұрған Жібекәлі барлық жабдықтарын ұсынады. Жоқ-жітігін жанында жүріп жамайды және рухани демейді. Бұл олардың мәдениетке деген жанашырлығы және бұл ізгілікке толы ұрпақтар сабақтастығы деп нық айта аламын. Себебі бұл бірлігі бекем, бір-бірімен етене аралас-құралас жүрген ауылдың әдебиеті мен мәдениеті ортақ атқарылуда. Осылайша үшеуара бірлігін арттырып, жақсылығын асырып, елдің рухани байлығын дамытып жатқан азаматтарға алғысым шексіз, – деген ол жеңімпаздарды арнайы Диплом, Алғыс хаттармен марапаттады.
Қазылар алқасының шешімімен жеңіс тұғырына шыққан Майдакөл ауылының тумасы Өміртай Есебай бас жүлдені қанжығасына байлады. Онан кейін бірінші орынды иемденген жаңақорғандық сегізінші сынып оқушысы Мұхаммедәли Абдоллаев халықтың қошеметіне бөленді. Екінші орынды қызылордалық Ұлықбек Бектай ұтып алса, үшінші орынды Қармақшыдан келген Бекқанат Смайлұлы, Аралдың перзенті Ерасыл Сейтжанұлы мен жалағаштық Мейіржан Қартабай қанағат тұтты. Жеңімпаздарға ақшалай сый-сияпат ұсынылды. Халық қазылар алқасының шешіміне риза болды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
28 маусым 2022 ж. 631 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930