Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Baikonyr invest» форумы өтті

Қызылордада «Baikonyr invest» форумы өтті

Қызылорда облысында соңғы бес жылда оныншы мәрте өткізілген «Baikonyr invest» инвестициялық форумы бұл жолы «жасыл» экономика тақырыбына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум жұмысына әлемнің 14 елінен делегация өкілдері келді. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швейцария және өзге де елдердің делегациялары бар. Сондай-ақ, форумға халықаралық және отандық бизнес-құрылымдардың, қаржы институттарының, корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

Аталмыш халықаралық шараның ашылуында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оған қатысушыларды құттықтады. Облыс басшысы 5 жыл ішінде «Байқоңыр Инвест» форумы табысты әріптестік орнату алаңына айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында бүгінгі форумды өңір дамуының жаңа бағыты ретінде «жасыл» экономикаға арнадық. Біздің облысымыз күннің белсенділігі жоғары аймақ екенін атап өткім келеді. Облыста күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан артық. Бұл күн электр станцияларын салу мен дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан «жасыл» экономика тақырыбын біз кездейсоқ таңдап алған жоқпыз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы келесі жылы өңірде 4 күн электр станциясының құрылысы басталатынын атап өтті. Айта кетейік, Сырдарияның сол жағалауында Қызылорда қаласында және Жаңақорған ауданында "HydroEnergy" АҚ (Болгария), Жалағаш ауданында - "Total Eren" (Франция) компаниясы, Шиелі ауданында - "Samruk Kazyna - United Green" компаниясы және "Авелар Солар Технолоджи" ЖШҚ (Ресей) бірлесе отырып күн электр станциясын салатын болады.

Форумның пленарлық отырысында дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары сөз сөйледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров Қызылорда облысындағы негізгі капиталға салынған инвестиция өсімінің оң трендтерін атап өтті. Сондай-ақ, аймақтың өңдеу өнеркәсібінде 1,9 есеге өскенін айтты. Нәтижесінде, саланың негізгі капиталына инвестициялардың өсу қарқыны бойынша облыс көшбасшылар үштігіне енді.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасындағы Франция Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Филип Мартинэ Қазақстанда, атап айтқанда Қызылорда облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша өз тәжірибесімен бөліскеніне қуанышты екенін айтты.

"Total Еren" француз компаниясы қазақстандық серіктестермен бірлесіп Жалағашта күн электр станциясын дамытуға міндеттеме алды. Жұмыстар алдағы аптада басталып, келесі жылдың қазан айына дейін жалғасады», - деді Филипп Мартинэ.

Форум аясында «жасыл» экономиканың жеті негізгі бағытын қамтитын 4 секцияның жұмысы өтті.

Секция жұмысына «Siemens» (Корея), Huawei Technologies (Қытай), 4Kz Inc (АҚШ), «Авелар Солар Технолоджи«» (Ресей), «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» компанияларының өкілдері қатысты.

Форум секцияларының бірі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған. Облыста 145 полигон жұмыс істейді. «Ибрайхан» жергілікті компаниясы қатты тұрмыстық қалдықтардан черепицаны және тротуарлық тақталарды, ал «Smart Rubber» серіктестігі - тозған көліктердің дөңгелектерінен жол жабындарына арналған резеңке үгінді мен тамшылатып суару үшін жер асты құбырларын дайындайды. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын «Қызылорда қаласында қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы» жобасы іске асырылуда.

Сондай-ақ, өңірде 2020 жылға дейін энергия көздерін үнемдеудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, облыс көшелерінің 30% диодтық жарық шамдармен жабдықталған, бұл электр энергиясын 12% - ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Келесі жылы облыс бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 6600 шам диодтық жарық шамдарға ауыстырылып, сол арқылы электр энергиясын 50% - ға дейін үнемдеу жоспарлануда.

Форум аясында жаңартылатын энергия көздері, инвестициялық жобаларды дамыту және "жасыл технологияларды" енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы 12 меморандумға және керамика зауытын салу туралы келісімге қол қойылды.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда форумға қатысушылар дәстүр бойынша Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне, ғарышкерлер мұражайына және "Байқоңыр" ғарыш айлағына барып, басқарылатын «Союз» ғарыш кемесінің ұшырылымын тамашалады.

"Baikonur Invest" инвестициялық форумы Қызылорда облысында 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Алдыңғы 9 форумның нәтижесі бойынша 100-ге жуық меморандумға қол қойылып, шыны, цемент, ферроқорытпа зауыттары сияқты ірі инвестициялық жобаларға 110 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды.
05 желтоқсан 2018 ж. 872 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930