Қыркүйекте теңге әлемдегі ең нығайған валюта болды
ЖИБір ай ішінде Қазақстанның ұлттық валютасы долларға шаққанда 5,24% нығайып, өзге валюталардың барлығын басып озды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Екінші орынға жапон иенасы жайғасты. Ол 2,13% нығайған, яғни теңге иенадан екі есе жылдам күшейді. Үздік үштікті 1,79% нығайған Оңтүстік Корея воны түйіндеді.
Ресей рублі 1,39%-дық өсіммен төртінші орынға, ал Исландия кронасы 0,69%-дық өсіммен бесінші орынға тұрақтады.
Қыркүйек айының соңында доллардың бағасы 439-440 теңге болды. Тамыздағы орташа айырбас бағамы 1 доллар үшін 464,5 теңге еді.
Ал қыркүйекте ең көп әлсіреген валюталардың қатарында Мексика песосы (-5,57%), Жаңа Зеландия доллары (-4,43%) және Чили песосы (-4,29%) болды.
Контекст
Бұған дейін экономист Руслан Сұлтанов теңгенің қыркүйекте нығаюына салық кезеңінің де әсер еткенін айтқан болатын. Осы уақытта экспорттаушылар валютаны көп көлемде сатты.
Алайда енді бұл фактордың ықпалы біртіндеп азаяды. Сондықтан алдағы уақытта валюта бағамының қозғалысы теңгенің қыркүйекте нығайған деңгейін қаншалықты сақтай алатынын көрсетеді.
Экономистің пікірінше, қазір теңге үшін оның қаншалықты жылдам нығайғанынан гөрі, осы деңгейін сақтап қалуы маңызды.












