Күздің алғашқы күндерінде үсік жүріп, қар аралас жаңбыр жауады

«Қазгидромет» РМК 1-3 қыркүйек күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктер мәліметінше, күздің алғашқы күндері Қазақстанның басым бөлігінде күн құрғақ әрі аз бұлтты болады. Дегенмен бірқатар өңірде жауын-шашын түсіп, түнде үсік жүруі мүмкін.
Алдағы күндері ел аумағының басым бөлігі ауқымды солтүстік антициклонның ықпалында болады. Соның әсерінен негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда елдің солтүстік жартысында түнгі уақытта ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде үсік күтіледі. Күндіз біртіндеп жылына бастайды.
1-2 қыркүйекте солтүстік циклон жырасы мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде жауын-шашын болжанып отыр. Түнде жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауса, күндіз жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнайды.
Алматы облысының таулы аудандарында осы кезеңде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі ықтимал. Сондай-ақ елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді.
Түнгі және таңғы уақытта еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігі мен шығысында кей жерлерде тұман түсуі мүмкін, – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Өңірлерде ауа температурасы қандай болады?
Қазақстанның батысында түнде ауа температурасы +10…+18 градус шамасында болады. Күндіз бастапқыда +25…+30 градус болса, кейін +28…+33 градусқа дейін көтеріледі.
Маңғыстау облысында түнде +13…+21 градус, күндіз +27…+32 градус күтіледі. Кейін күндізгі температура +30…+35 градусқа дейін жоғарылайды.
Елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде түнде сынап бағанасы 0…+5 градусты көрсетеді. Кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Кейін түнгі температура +2…+7 градусқа, өңірдің батысында +10 градусқа дейін көтеріледі. Жекелеген аудандарда топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік күтіледі. Күндіз ауа температурасы +10…+28 градустан +20…+33 градусқа дейін жоғарылайды.
Шығыс және орталық өңірлерде түнде 0…+5 градус, оңтүстік бөліктерінде +10 градусқа дейін болады. Кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Күндіз ауа температурасы +12…+25 градустан +15…+30 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстік өңірлерде түнгі температура біртіндеп +13…+18 градустан +10…+15 градусқа дейін төмендейді. Таулы аудандарда түнде +5…+10 градус болса, кейін +3…+8 градусқа дейін салқындайды.
Күндіз оңтүстікте ауа температурасы +18…+23 градус шамасында болады. Ал таулы аудандарда +7…+12 градус күтіледі.













