Мектеп формасы: талап пен талғам
Жаңа оқу жылына дайындық – ата-аналар үшін жауапты кезең. Мұндай кезедегі басты мәселенің бірі – мектеп формасы. Елімізде мектеп формасын кию талабы «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Оқу-ағарту министрлігінің арнайы нормативтік бұйрығымен негізделген. Бұл орайда қоғам пікірі екіге жарылады. Бірі мектеп формасын тәртіп пен жинақылықтың белгісі деп қабылдаса, келесі тарап баланың еркін таңдауына шектеу қою деп түсінеді.
Арнаулы үлгідегі киімді киюдегі мақсат не? Мүдде қандай? Талдадық.
ОҚУШЫЛАР ҚАШАН БІРЫҢҒАЙ КИІМ КИГЕН?
Мектеп формасының тарихына үңілсек, оның пайда болуының өзі бірнеше ғасырға шегіндіреді.
Мектеп формасының ең алғашқы үлгілері XVI ғасырдағы Англиядан бастау алады. Бүгінге жеткен деректерге көз жүгіртсек, Christ’s Hospital мектебі тарихымен байланысты өрбиді.
Ұлыбританияның Батыс Сассекс графтығында орналасқан, бұл әлемдегі ең көне және ерекше тарихы бар беделді мекеме 1552 жылы Эдуард VI корольдің жарлығымен алғаш рет Лондонда жетімдер мен жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға пана әрі білім беру мақсатында қайрымдылық мекемесі «госпиталь» ретінде ашылады.
Мектеп тарихындағы ең қызықты деталь – оның киім үлгісі болады. Госпиталь оқушылары Тюдорлар әулеті заманы, нақтысы XVI ғасырдан бері, өзгермеген әлемдегі ең алғашқы және көне бірыңғай мектеп формасын киеді. Ұзын қою көк түсті пальто-плащ, былғары белдік және мойынға тағылатын ақ жағалық. Ұлдар үшін тізеге дейінгі бриджи-шалбар, қыздар үшін бүрмелі белдемше белгіленеді. Мектептің басты визит картасы – ашық сары түсті ұзын шұлықтар. Бұл киім үлгісі қазіргі біз елестететін костюмге ұқсамғанымен, оқушылардың барлығына ортақ болғандықтан, мектеп формасының алғашқы үлгілерінің бірі саналады.
Ол тұста арнайы киім енгізудің басты себебі сән емес, керісінше, мектеп оқушыларының арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайту көзделеді. Әсіресе қайырымдылық негізінде білім алып жүрген балалар үшін бірыңғай киім олардың мектеп қауымдастығына тиесілі екенін көрсететін белгі болады.
Кейін мектеп формасы Англияның басқа оқу орындарына да ене бастады. XIX ғасырда бұл үрдіс кең өріс алып, мектептің өзіндік тәртібі мен дәстүрін қалыптастырудың тетігіне айналды. Уақыт өте келе бірыңғай киім Ұлыбританиядан тыс елдерге де тарайды.
СҰР КӨЙЛЕК, АҚ ФАРТУКПЕНЕН...
Бүгінде алдыңғы буынның балалық шағымен біте қайнасқан ортақ көрініс бар. Ол үстіне қоңыр көйлек киіп, беліне ақ алжапқыш байлаған, шашында ақ бантигі бар мектеп оқушысы. Әсіресе соңғы қоңырау, 1 қыркүйек секілді мерекелік күндерде ақ алжапқышпен мектепке бару кеңестік дәуірдің өзіндік символына айналды. Уақыт өте келе бұл киім үлгісі ностальгиялық белгіге айналып, тіпті қазіргі мектеп бітірушілерінің соңғы қоңырау салтанатында қайта жаңғыртылып жүр.
Кеңестік кезеңнен таныс киім үлгісін «үй қызметшілері киімі» деп атайтындар да жиі кездесіп жүр.
Алайда көпшілікке таныс осы қоңыр көйлек пен ақ алжапқыштың тарихы Кеңес Одағынан басталмаған болып шықты. Оның тамыры Ресей империясындағы қыздар гимназиялары мен әйелдерге арналған оқу орындарына барып тіреледі. Ал алжапқыштың өзі сол кезеңдегі әйелдердің тұрмыстық және қызметтік киімінде кең қолданылған. Сондықтан мектеп формасы мен үй қызметшілерінің киіміндегі сыртқы ұқсастықты жоққа шығаруға болмайды. Бірақ «мектеп формасы үй қызметшілерінің киімінен көшірілген» деген тұжырым тарихи дерекпен толық дәлелденбейді.
Қыздарға арналған бірыңғай мектеп формасы Ресей империясында ер балаларға арналған формадан әлдеқайда кейін «келеді». XIX ғасырдың соңына дейін қыздардың басым бөлігі үй жағдайында білім алады. Ал әйелдерге арналған оқу орындарының ішінде ерекше орын алғандардың бірі – Екатерина II дәуірінде құрылған Смольный институты еді.
Смольный институтында тәрбиеленушілердің киім үлгісі жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырған. Ресей мәдениет министрлігінің «Культура.РФ» порталының мектеп формасының тарихына арналған материалында XVIII ғасырдың өзінде Смольный институтында қыздардың жасы мен оқу деңгейіне қарай түрлі түсті көйлек кигені, ал олардың киімінде алжапқыш пен басқа да қосымша элементтер болғаны көрсетіледі.
Кейін XIX ғасырда әйелдер гимназиялары көбейе бастаған кезде олардың киім үлгісіне де ортақ талаптар қажеттілігі сезіледі.
1896 жылы Ресей империясындағы қыздар гимназиялары үшін бірыңғай форма ресми түрде бекітіледі. Оның негізгі элементі – қарапайым пішілген қоңыр түсті жүн көйлек пен алжапқыш болады. Күнделікті жағдайда қара алжапқыш тағылса, мерекелік күндері ақ алжапқыш киілген. Бұл мәліметті Белгород мемлекеттік халық мәдениеті музейі де, Ресейдегі мектеп формасының тарихына арналған бірқатар зерттеу материалдары да растайды.
Осы жерде маңызды бір деталь – ақ алжапқыш бастапқыда күнделікті мектеп киімі емес, көбіне мерекелік нұсқа болған. Сондықтан кеңестік кезеңдегі ақ алжапқышты күнделікті мектеп формасының міндетті бөлігі ретінде қабылдау тарихи тұрғыдан дәл емес.
«Просвещение» баспасының мектеп киімі тарихына арналған материалында 1896 жылы қыздарға арналған азаматтық гимназиялық форма бекітіліп, оның қоңыр жүн көйлек пен қара алжапқыштан тұрғаны, ал мерекелік күндері ақ жағалық, ақ алжапқыш секілді элементтер қосылғаны жазылған.
Халық арасында мектеп оқушысының ақ алжапқышын үй қызметшілерінің киімімен салыстыруы да негізсіз емес.
Алжапқыш – тек мектеп формасына тән киім емес. Ол Еуропа мен Ресейдегі әйелдердің тұрмыстық киімінде бұрыннан қолданылған. Оның ең қарапайым қызметі – негізгі көйлекті кірден қорғау. Үй шаруасымен айналысатын әйелдер мен қызметшілер үшін бұл практикалық киім қосымшасын XIX ғасырдағы қыздар гимназиясының формасына енгізу сол кезеңдегі киім мәдениетінен бөлек тұрмаған құбылыс. Алайда мектеп киіміндегі алжапқыштың тәрбиелік және әлеуметтік мағынасы болды. Ол оқушының қарапайым, жинақы әрі тәртіпті көрінуін қамтамасыз ететін элемент ретінде қабылданды.
Зерттеушілердің бір бөлігі гимназиялық киімнің негізгі мақсатының бірі – оқушының сыртқы келбетін қарапайымдандыру және оның мінез-құлқын да белгілі бір тәртіпке бағындыру болғанын көрсетеді. «Теория моды» журналында жарияланған материалда гимназист қыздардың қоңыр жүн көйлектері, алжапқыштары және басқа да формалық элементтері туралы айтылып, олардың сол кездегі әлеуметтік және мәдени тәртіппен байланысы сипатталған.
ЖОҒАЛҒАН ЖЫЛДАР
Осы үлгі Ресейде үзіліп қалған кез де болады.
1917 жылғы революциядан кейін жағдай күрт өзгереді.
Кеңес өкіметі патшалық Ресейдің білім беру жүйесін ғана емес, оның сыртқы рәміздерін де қайта қарайды. Гимназиялық форма әлеуметтік жіктелудің, ескі тәртіптің белгісі ретінде қабылданып, 1918 жылы ресми түрде жойылады.
Бұл кезеңде оқушылардың арнайы киім киюі міндеттелмеген. Әрбірі қолда бар күнделікті киіммен мектепке барды.
Тақырып туралы материалдарда бұл шешімнің идеологиялық себебімен қатар, сол кезеңдегі экономикалық қиындықтардың да рөл атқарғаны айтылады. Жаппай мектеп формасын өндіру мен қамтамасыз ету де оңай болмаған. «Аргументы и факты» басылымы революциядан кейін мектеп формасы «еркін тұлғаның дамуын шектейтін» ескі тәртіптің белгісі ретінде қабылданғанын, ал кейінгі жылдары экономикалық жағдайдың да бірыңғай киімнен бас тартуға әсер еткенін жазады.
Осылайша қоңыр көйлек пен алжапқыш біраз уақыт білім беру жүйесінен жоғалып кетеді.
Ал кеңестік мектеп формасының жаңа тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталады.
1949 жылы Кеңес Одағында оқушыларға арналған бірыңғай мектеп формасы қайта енгізілді. Бұл жерде назар аударарлығы, кеңестік билік мүлдем жаңа киім ойлап табуға құлық етпей, керісінше, революцияға дейінгі гимназиялық форманың негізгі элементтері қайта пайдаланады.
Қыз балаларға қоңыр көйлек, ақ жағалық пен манжеттер, қара алжапқыш ұсынылды. Ал мерекелік күндері қара алжапқыштың орнына ақ алжапқыш тағылды.
Камчатка өлкесінің біріккен музейі кеңестік кезеңдегі қыздардың мектеп формасын қоңыр көйлек, күнделікті қара алжапқыш және салтанатты жағдайда тағылатын ақ алжапқыш құрағанын көрсетеді. Музей бұл үлгінің тарихы революцияға дейінгі гимназист қыздар мен әйелдер институттарының киімінен бастау алатынын арнайы атап өткен.
Демек, бізге бала кезден таныс қоңыр көйлек пен ақ алжапқыш – таза кеңестік өнертабыс емес, империялық гимназия дәстүрінің кеңестік идеологияға бейімделіп қайта қолданылған нұсқасы болып шықты.
Ал көпшілік көкейінде «Неге дәл қоңыр көйлек?» деген де пікір бар.
Бұл жерде киімнің түсі де кездейсоқ таңдалмаған болып шықты.
Гимназиялық форма әуел бастан қарапайымдылыққа негізделді. Қоңыр түс күнделікті қолдануға ыңғайлы, көзге түсе бермейтін және практикалық саналды. Оның үстіне мектеп формасы сән көрсететін киім емес, оқу тәртібінің белгісі ретінде қарастырылған.
Кеңестік кезеңде де осы қағида сақталды. Қоңыр көйлекке қара немесе ақ алжапқыш тағу арқылы оқушының сыртқы бейнесі барынша біріздендірілді.
Ақ алжапқыштың мектеп формасындағы орны да бар.
Күнделікті киім ретінде қара алжапқыштың таңдалуы оның практикалық сипатына байланысты болса, ақ түсті алжапқыштың мерекелік киім ретінде қолданылуы тазалық пен салтанат ұғымымен астасып жатты. Сондықтан Кеңес дәуіріндегі соңғы қоңырау рәсімдерінде ақ алжапқыштың ерекше көрінуі кездейсоқ емес. Ол күнделікті мектеп өмірінен гөрі мерекелік, салтанатты сәттің белгісіне айналады.
Уақыт өте келе бұл киім оқушы бейнесінен де асып, тұтас бір дәуірдің визуалды символына баланады. Қазір соңғы қоңырау кезінде ақ алжапқыш пен ақ бантик тағатын түлектердің болуы – мектеп дәстүрінің қазіргі заманға жеткен элементтерінің бірі.
Ескерерлігі, Кеңестік мектеп формасы да бірнеше рет өзгерген.
1949 жылы қайта енгізілген үлгі кейін бірнеше рет ауыстырылады. Қыздардың көйлегінің ұзындығы, жеңі, жағасы, алжапқыштың пішіні уақыт талабына қарай түрленіп отырады. Бірақ негізгі конструкция – қоңыр көйлек пен алжапқыш – ұзақ уақыт бойы сақталады. Яғни мектеп формасы да қоғамдағы сән өзгерісінен тыс қалған жоқ. Тек оның негізгі идеясы – қарапайымдылық пен біркелкілік – сақталады.
Патшалық Ресейде гимназиялық форма белгілі бір оқу орны мен әлеуметтік тәртіптің белгісі болса, Кеңес дәуірінде ол тәртіптілік, ұжымшылдық, оқушының ортақ қауымға тиесілігі сияқты ұғымдармен байланыстырылады.
Сондықтан бір киімнің әр дәуірдегі мағынасы әртүрлі болған.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МЕКТЕП КИІМІ ТАРИХЫ
Қазақстандағы мектеп киімінің тарихы кеңестік кезеңмен тығыз байланысты. Аталмыш дәуірде оқушыларға ортақ киім үлгісі енгізіліп, мектеп формасы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болады.
Қыз балалар көбіне қоңыр түсті көйлек, ақ немесе қара алжапқыш кисе, ұл балалар костюм мен ақ көйлек киеді. Мерекелік күндері қыздардың ақ алжапқышы ерекше сәнге айналаады. Ал жоғары сынып оқушылары үшін галстук, пионерлік және комсомолдық белгілер де мектеп киімінің бір бөлігі болады.
Кеңестік мектеп формасы тек киім емес, сол кезеңдегі қоғамдық тәрбие жүйесінің бір белгісі еді. Оқушының сыртқы келбеті жинақы, қарапайым әрі біркелкі болуы талап етіледі.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін мектеп формасына деген көзқарас та біртіндеп өзгереді. Кеңестік үлгідегі бірыңғай киімнің орнына әр мектептің өз ерекшелігіне сай киім үлгілерін таңдау мүмкіндігі пайда болады.
Уақыт өте келе елімізде мектеп формасына қойылатын ортақ талаптар қалыптасады. Оның негізгі мақсаты – оқушының мектеп жағдайына сай жинақы, ұқыпты әрі іскерлік стильде киінуін қамтамасыз ету.
Қазіргі мектеп формасы бұрынғыдай бір ғана көйлек немесе костюммен шектелмейді. Қыз балаларға шалбар, белдемше, сарафан, көйлек ұсынылса, ұл балаларға шалбар, жейде, жилет, пиджак секілді киімдер қарастырылады.
ҚАЖЕТТІЛІК ҺӘМ ҚАМ
Мектеп формасы туралы пікірталас жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында қайта жанданады. Бір тарап оның оқушыларды тәртіпке үйретіп, әлеуметтік айырмашылықты азайтатынын айтса, екінші тарап баланың өзіндік талғамы мен шығармашылығына мүмкіндік берілуі керек деп санайды.
Мектеп формасының тарихында оның бірнеше маңызды міндеті барын айтады ардагер-ұстаз Айнагүл Нұрышева.
«Біріншіден, ол – тәртіптің белгісі. Бір үлгідегі киім оқушыға мектеп қабырғасында белгілі бір ережелер мен талаптарға бағынатын ортада екенін сезіндіреді.
Екіншіден, форма әлеуметтік айырмашылықты азайтуға бағытталады. Күнделікті өмірде бір баланың қымбат бренд киімі, екіншісінің қарапайым киімі оның отбасының әлеуметтік жағдайын байқатуы мүмкін. Ал бірыңғай форма мұндай айырмашылықты көзге түсе бермейтіндей етеді.
Үшіншіден, мектеп формасы оқу орнының өзіндік белгісі. Кейбір мектептерде форманың түсі, төсбелгісі, галстугі немесе эмблемасы оқу орнының тарихы мен дәстүрін танытатын символ ретінде қалыптасты», – дейді ол.
«Шын мәнінде, мектеп формасының мәні оның матасы мен түсінде ғана емес. Ең маңыздысы – оқушының білім алатын ортасына деген құрметін қалыптастыру.
Киім адамның мәдениетін толық анықтамайды. Дегенмен жинақы әрі таза киіну – жауапкершілік пен ұқыптылықтың сыртқы көріністерінің бірі. Сондықтан мектеп формасына қатысты мәселені тек «кию керек» немесе «кимеу керек» деген екіұдай пікірмен шектеу жеткіліксіз. Оның тәрбиелік, әлеуметтік және мәдени мәніне де назар аударған жөн», – дейді тігінші Айзат Кемелбаева.
Бір қызығы, алғашқы мектеп формасы мен қазіргі форманың арасында бірнеше ғасырлық уақыт жатса да, олардың негізгі мақсаттарында ұқсастық бар. Екеуі де оқушыны белгілі бір білім беру ортасының мүшесі ретінде танытады.
XVI ғасырдағы Англия оқушысы ұзын көк шапан кисе, бүгінгі қазақ баласы заманауи костюм немесе мектеп белгілеген киім үлгісін киеді. Сән өзгерді, қоғам өзгерді, білім беру жүйесі өзгерді. Бірақ мектеп формасының басты ұғымдары – тәртіп, жинақылық, ортақтық және мектепке деген тиесілік сезімі – әлі де сақталып келеді.
Сондықтан бірнеше ғасырлық тарихы бар мектеп формасына қарапайым киім ретінде ғана емес, білім беру мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қарауға болады. Оның түрі мен түсі уақыт талабына қарай өзгергенімен, оқушыны білім ордасымен байланыстыратын өзіндік символдық мәні әлі де жойылған жоқ.
ДІНИ СИПАТТАҒЫ КИІМДЕРДЕН АЛЫСТАТАДЫ
Осыдан бірнеше жыл бұрын мектептерде хиджап киген ұстаздар мен оқушылар болатын. Қазір мұндай діни сипаттағы орамалды мектеп формасының элементі ретінде киюге жол берілмейді.
Оқушыларға қатысты нақты норма бар. «Білім туралы» Заңында орта білім беру ұйымдарында білім алушылар уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.
49-бапта ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер балаларының міндетті мектеп формасы талаптарын орындауын қамтамасыз етуге тиістігі көрестілген.
Ал салалық министрліктің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығында форманың классикалық стильде болуын, түсі мен үлгісін анықтайды. Сонымен қатар діни атрибуттар мен элементтерді мектеп формасына қосуға тыйым салынған.
Осы орайда ата-ананың да айтары бар.
«Тақырыпты талқылауда маңызды құқықтық айырмашылық бар. Оқушыға қойылатын мектеп формасы талабы мен мұғалімге қойылатын талап бірдей емес.
Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарда мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны нақты жазылған. Бұл норма қазір де күшінде.
Яғни заңда «хиджабқа тыйым салынады» деп жеке-жеке сөзбе-сөз жазылмаған. Бірақ хиджаб, діни сипаттағы орамал, діни символика сияқты киімдер «діни конфессияларға қатысты киім элементтері» санатына кіретіндіктен, оларды міндетті мектеп формасына қосуға болмайды», – дейді Хадиша Қалабай.
Қазақстанда беті ашық қалатын діни киімдердің барлығына жалпы тыйым жоқ. Мәселен, Ішкі істер органдарының 2026 жылғы түсіндірмесінде хиджаб, химар, шейла және әл-амира сияқты бет-жүзді жаппайтын діни киімдердің қоғамдық орындарда өздігінен заң бұзушылық болып саналмайтыны көрсетілген. Қазіргі заңнамалық шектеу негізінен адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерге қатысты.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес болуы керек. Қолданыстағы талап бойынша мектеп формасы классикалық стильде, бірыңғай түстер гаммасында жасалады және оның нақты үлгісі белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.
Бұл ұстанымды сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты түсіндірген. Министр Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, діни сенім бостандығына кепілдік берілетінін, бірақ білім беру саласының азаматтық заңнама арқылы реттелетінін атап өткен.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер съезінде мектептің ең алдымен білім беретін орын екенін және білім беру мекемелерінде зайырлылық қағидаты сақталуға тиіс екенін айтқан.
«Мұғалімдерге қатысты жағдай оқушылардан өзгеше.
Қолданыстағы №26 бұйрықтың «міндетті мектеп формасына» қатысты талаптары орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға арналған. Яғни бұл құжат мұғалімдердің киімін тікелей реттемейді.
«Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімнің білім беру процесін діни насихат жүргізу немесе оқушыларды қандай да бір діни сенімді қабылдауға не одан бас тартуға мәжбүрлеу үшін пайдалануға болмайтыны белгіленген.
Бірақ «мұғалім хиджаб немесе орамал тақса, заң бойынша жұмысынан шектетілуі тиіс» деген нақты жалпы норма мен тапқан ресми деректерде жоқ», – дейді Хадиша Қалабай.
«Әділет» жүйесіндегі құқықтық түсіндірмеде мұғалімдерге оқушылар сияқты арнайы бірыңғай форма белгіленбегені, негізінен іскерлік киім стилі талап етілетіні көрсетілген. Бұл түсіндірменің ұсынымдық сипатта екені ескерілген.
Сондықтан мұғалім мәселесінде «оқушыға хиджабқа тыйым бар екен, демек мұғалімге де дәл сондай тыйым бар» деп айту нақты емес.
Ал орамалдың бәрі діни киім болып санала ма? Міне, мәселенің ең даулы тұсы осы.
Кәдімгі орамал мен діни мақсаттағы хиджабты құқықтық тұрғыдан автоматты түрде бір нәрсе деп қарауға болмайды. Мысалы, шашты суықтан қорғау, медициналық немесе тұрмыстық себеппен тағылған бас киімнің діни символикасы болмауы мүмкін. Ал егер киімнің өзі діни конфессияға тән элемент ретінде қолданылса, онда мектеп формасына қатысты №26 бұйрықтың 13-тармағы қолданылады.
Сондықтан даулы жағдайда тек «басының орамалмен жабылған-жабылмағанына» емес, оның мектеп формасына сәйкестігіне және діни киім элементі ретінде қолданылып отырғанына қарау маңызды.
ЕРЕЖЕНІ ЕСКЕРМЕГЕН МЕКТЕПТЕН ҚУЫЛА МА?
«Білім туралы» заң ата-аналарды уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасы талаптарын орындауға және білім беру ұйымында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндеттейді.
Бірақ бұл талаптың бұзылуы баланың білім алу құқығын жоюға негіз болмауы тиіс. Яғни мектеп әкімшілігі ата-анамен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектептің ішкі тәртібі мен қолданыстағы талаптарға сәйкес әрекет етуі керек.
Бұл мәселеде Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің материалдарында да мектепке орамал тағып барған қыздардың ата-аналарынан шағымдар түскені көрсетілген. Уәкіл аппараты мәселені Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігі және жалпы білім беретін мектептердің зайырлы сипатта болуы тұрғысынан түсіндірген.
Бұл орайда ескеруге тиісі, «Қазақстан мектептерінде хиджабқа тыйым салынған» емес, «Қазақстандағы міндетті мектеп формасына діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға заңнамамен жол берілмейді» түсінігі. Бұл әрі құқықтық тұрғыдан дәлірек, әрі даулы тақырыпты біржақты түсіндіруден сақтайды.
Баласын қатарынан қалмасын деп қам ететін ата-ананы биыл тағы бір жағдай алаңдатты.
Апта басында мектеп формасына қойылатын талаптарды орындамаған жағдайда ата-аналардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені туралы хабар желдей есті.
ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова бұл тақырыпқа қатысты мәлімдемені Орталық коммуникациялар қызметінде өткен ресми брифингте жасаған.
24.kz таратқан ресми деректе: ««Білім туралы» заңға сәйкес, балаларды оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді. Бала сапалы білім алуға құқылы. Сондықтан баланы мектепке кіргізбеуге болмайды», – деді бірінші вице-министр.
Оқушы сапалы білім алуға құқылы, сондықтан оқушы мектеп формасына сай емес киіммен келсе де, оны мектепке кіргізбеуге немесе сабақтан шеттетуге болмайды. Алайда ата-ана мектеп формасын киюді қамтамасыз етпей, ереже бұзылса, бала емес, ата-ана жауапқа тартылатыны айтылған.
Жаңа оқу жылынан бастап мектеп формасына қатысты талаптарды бұзған оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкіндігін айтады.
Оқу-ағарту министрлігі өкілі мектеп формасына қойылатын талаптарды білім беру ұйымы қамқоршылық кеңесі және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп бекітетінін атап өткен.
Шынар Ақпарованың түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес, талапты алғаш рет бұзған жағдайда ата-анаға ескерту жасалмақ.
Жағдай бір жыл ішінде қайталап бұзылса, ата-ана немесе қамқоршы 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Ескере кететін жайт, 2026 жылы көрсеткіш бұл суманың 21 625 теңге екенін көрсетеді.
Талап әр мектептің формасы бірдей болуы шарт емес. Білім беру ұйымы өзінің ішкі ерекшелігіне қарай киім үлгісін белгілей алады. Бірақ ол шешім ата-аналар қауымдастығы мен қамқоршылық кеңестің қатысуымен қабылдануы тиіс.
Ата-ананың міндеті – баласының белгіленген киім үлгісіне сай мектепке келуін қамтамасыз ету. Ал мектеп әкімшілігінің міндеті – талапты орындауды бақылаумен қатар, баланың негізгі конституциялық және заңды құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
МҮМКІНДІК ҚАТАР ҚАРАСТЫРЫЛУЫ ТИІС
Мектеп формасы мәселесінің екінші, ауыр қыры – отбасы бюджетіне түсетін қаржылық жүктеме. Бұған дейін қоғамда мектеп формасын еркін таңдауды қолдайтын петиция жарияланып, оған 146 мыңнан астам адам қолдау білдірген еді.
Петиция нәтижесінде кей жағдайда бір баланың мектеп формасына кеткен шығын 100 мың теңгеден асып кеткен.
Сапасы мен таңдау мүмкіндігіне қатысты түйткілдер жиі кездеседі.
Олар бірыңғай мәжбүрлі форма орнына барлық оқушыға ортақ, бірақ еркін таңдалатын іскерлік киім үлгісін енгізуді ұсынады.
Бұл жағдай мектеп формасының тек тәртіп ережесі ғана емес, маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселе екенін айқын көрсетіп отыр.
Алайда, киім үлгісі баланың конституциялық білім алу құқығынан жоғары тұра алмайды. Басты міндет – форма кигізу емес, талап пен құқықтың арасындағы алтын ортаны табу. Мектеп тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналардың пікірі ескерілгені абзал. Екі тараптың түсініспеушілігінің салдары ешқашан баланың білім алуына кедергі болмауы тиіс.
ТӘРТІП ПЕН ТҰЛҒА БАЛАНСЫ
Психологтардың пікірінше, бала киімі оның мінез-құлқына, оқуға деген ынтасы және эмоционалдық күйіне тікелей әсер ететін психологиялық құрал.
«Мектеп формасы –тек киім үлгісі ғана емес, баланың психологиялық жай-күйіне, оқу үлесіне және әлеуметтенуіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл мәселенің екі жақты қыры бар.
Біріншіден, мектеп формасының бала психологиясына тигізетін оң әсерлері бар.
Ол – әлеуметтік теңдік және буллингтің алдын алу. Бірыңғай киім отбасылардың материалық жағдайын көлегейлейді. Бұл оқушылар арасындағы «кім қымбат киінді?» деген жарыс пен көреалмаушылықты азайтып, кемсітушілік қаупін төмендетеді.
Қоңырқай немесе қара-көк түстер зейінді жинақтауға көмектеседі. Ал ашық, түрлі-түсті киімдер оқушының назарын сабақтан бөледі.
Форма кию баланың санасында мектептің ойын алаңы емес, маңызды білім ордасы екенін сездіріп, оны психологиялық тұрғыдан «жұмыс режиміне» ауыстырады.
Әсіресе жасөспірімдер үшін күн сайын «ертең не киемін?» деген уайымнан арылу жүйке жүйесіне түсетін салмақты едәуір жеңілдетеді.
Екінішіден, ескертетін теріс тұстары мен тәуекелдер де бар.
Біркелкілік баланың өз стилі арқылы өзін-өзі көрсетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Егер киім сапасыз, тар немесе ыңғайсыз болса, бала күні бойы мазасызданып, ашушаң болады. Бұл тікелей сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді.
Үшіншіден, баланың жас ерекшелігіне қарай қабылдауы.
Бастауыш сыныптағы балалар үшін форма кию – мақтаныш. Олар өздерін ересек сезініп, жаңа әлеуметтік рөлді қуанышпен қабылдайды. Алайда қозғалмалы жастағы балаларға форма қатты немесе ыңғайсыз болса, олар тез шаршайды.
Жасөспірімдер ерекшелену қажеттілігі бірінші орынға шығады. Олар форманы «бостандықты шектеу» немесе «инкубатор» ретінде қабылдап, жиі қарсылық танытады. Талап тым қатал болса, бұл мектеп пен мұғалімдерге деген агрессияға ұласуы мүмкін», – дейді Фариза Нұрахметова.
Психолог маман мектеп әкімшілігі мен ата-аналар ортақ ортаны табу үшін төмендегідей тәсілдерді қолдануды ұсынады.
«Мәселен,«Еркін жұма» күндерін енгізу. Аптасына бір рет оқушыларға ыңғайлы, бірақ жинақы еркін киіммен келуге рұқсат беру жасөспірімдердің психологиялық кернеуін азайтады.
Форма сатып алғанда баланың пікірін ескеріп, оған еркіндік беру қажет. Таңдау құқығы бар бала өзін шектелгендей сезінбейді.
Егер баланың жейдесінің реңі сәл өзгеше болса, мұғалімдердің бүкіл сыныптың алдында ескерту жасап, намысына тимеуі маңызды. Осындай ескертулер тек оңаша жасалуы тиіс.
Бала мектепте киімімен ерекшелене алмаса, оған өзінің ерекшелігін өнер, спорт, оқу немесе түрлі хобби арқылы көрсетуге жағдай жасау керек. Физикалық жайлылық пен баланың пікірін сыйлау – эмоционалды тұрақтылықтың басты кепілі».
Тақырыпты зерделеу барысында мектепке әзірленіп жатқан оқушы пікіріне де құлақ түрдік.
«6-сыныпқа барғалы жатырмын. Біздің мектепте сондай үрдіс бар. Бірдей болып жүресің. Әдемі. Бірақ маған ұнамайды. Оны шектеу деп ойлаймын», – дейді Айбану.
««Форма тіктіру деген не?» деп бастапқыда мен де таң қалғанмын. Қазір тиімділігін көріп келеміз. Бастауыш сыныпта қыздарға көйлек үлгісінде форма тіктірдік. Қалтаға қонымды, күтімге де оңай. Күн сайын ақ жейде жуып шаршамайсың. Базарда да ұқсас киімдер бар. Бірақ ол баланың өзіне арнайылап жасалмаған соң, ыңғайсыздық туыруы мүмкін. Тағы бір нәрсе балаларым оқитын мектепте тәрітіп жолға қойылған. Бұған бірыңғай киім үлгісі де көмектескен шығар деп ойлаймын», – дейді Айбанудың анасы.
«Мектеп былтыр бірыңғай үлгіні таңдап, биыл екінші жыл сондай форма киіп жатырмыз. Сапалы деп айта алмаймын. Сапасыз да емес. Бірақ 8-сыныпта оқитын қызым мүлде кигісі келмейді. Өсіп келе жатқан баланың таңдауына сәл ерік беру де дұрыс па деп ойлаймын», – дейді көпбалалы ана Аружан.
Мектеп формасын кию – міндет емес, талап. Белгілі бір кезеңнің қоғамын, тәртібін, тәрбиесін және сол дәуірдегі адам туралы түсінігін сақтап қалған мәдени артефакт. Ол қашан да, қандай болса да білім ордасының ішкі мәдениетін қалыптастырып, ортақ тәртіпті сақтауға қызмет етуі тиіс.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














