Азаматтық белсенділік – ел болашағының кепілі
Әрбір мемлекеттің өркендеуі мен тұрақты дамуы оның азаматтарының белсенділігіне байланысты. Сол белсенділіктің маңызды көріністерінің бірі – сайлауға қатысу. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, 18 жасқа толған әрбір азаматтың сайлауға қатысып, дауыс беруге құқығы бар. Бұл – әр азаматтың заңмен қорғалған құқығы ғана емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі.Сайлау – демократиялық қоғамның басты тетіктерінің бірі. Ол халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Әрбір дауыс мемлекеттің дамуына, қоғамдағы маңызды шешімдердің қабылдануына және елдің болашағын айқындайтын бағыттардың белгіленуіне ықпал етеді.
Бүгінгі таңда елімізде әділ әрі ашық сайлау өткізуге ерекше көңіл бөлінуде. Сондықтан әрбір сайлаушы өз таңдауын саналы түрде жасап, дауыс беру құқығын тиімді пайдалануы қажет. Өйткені ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге халықтың белсенді қатысуы – демократияның басты қағидаларының бірі.
Жастардың сайлауға қатысуы да ерекше маңызға ие. Себебі бүгінгі жас буын – ертеңгі елдің тірегі. Олардың белсенді азаматтық ұстанымы қоғамның дамуына серпін беріп, мемлекетіміздің өркендеуіне жол ашады.
Өз болашағына бейжай қарамайтын әрбір жас сайлауға қатысуды азаматтық борышы деп түсінуі тиіс.
Әрбір азаматтың таңдауы Қазақстанның болашақ даму бағытына ықпал етеді. Сондықтан сайлау күні уақыт тауып, сайлау учаскесіне барып, өз таңдауыңызды жасаңыз.
Әр дауыс – маңызды.
Әр таңдау – ел болашағына қосылған үлес.
Азаматтық борышыңызды орындап, сайлау күні дауыс беруден қапы қалмаңыз!














