Қазақстанда “интерн-дәрігер“ ұғымы ресми түрде қайтарылады
Денсаулық сақтау министрлігі "интерн-дәрігер" ұғымын ресми түрде бекітетін бұйрық жобасын әзірледі. Тиісті құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды Tengri Health.
Болашақ дәрігерлер үшін не өзгереді?
Әңгіме дәрігерлерді сапалы даярлауға және емделушілерге медициналық көмек көрсету қауіпсіздігіне әсер етуі тиіс жаңашылдықтар туралы болып отыр. Негізгі өзгерістердің бірі - "интерн-дәрігер" ұғымының ресми түрде бекітілуі.
Құжатта бұл болашақ маманның мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін нақты анықтауға, сондай-ақ оқу және практикалық дайындық процесін ашық етуге мүмкіндік беретіні айтылған.
Анықтама: Интернатура - медициналық жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі дәрігерді практикалық даярлаудың міндетті кезеңі. Интернатура кезінде түлек тәлімгердің жетекшілігімен жұмыс істеп, практикалық дағдыларды меңгереді. 2026 жылы дәрігер-интерн мәртебесі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексте бекітілді, ал кейінгі өзгерістер мен бұйрықтар дәрігер-интерндердің клиникалық практикаға қатысу және оқу тәртібін реттейді.
Тағы бір жаңашылдық медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің практикалық дайындығын ұйымдастыруға қатысты. Министрлік білім беру ұйымы, жұмыс беруші және дәрігер-интерн арасында үшжақты келісімшарт механизмін енгізуді ұсынады.
"Мұндай тәсіл әр тараптың жауапкершілігін алдын ала анықтауға, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, жас маманды жұмысқа орналастыру кезінде қолдауға және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша міндеттемелерді тиімді орындауға мүмкіндік береді", - деп есептейді құжатты әзірлеушілер.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық базалардың жұмысын өзгертуі тиіс бұйрық жобасын жариялаған болатын - ол жас мамандардың жетекші медициналық клиникаларда білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Өзгерістер не үшін қажет?
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынылып отырған өзгерістер болашақ дәрігерлердің практикалық дайындық деңгейін арттыруға, медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ өңірлерді білікті медицина мамандарымен қамтамасыз етуге көмектеседі деп болжайды.
Жобаны қоғамдық талқылау 2026 жылдың 19 тамызына дейін жалғасады.
Бұған дейін Қазақстанда резидентураға қабылдау ережелері өзгергені хабарланған. Биыл конкурс алғаш рет толығымен бірыңғай электрондық платформада өтеді, ал кандидаттарды автоматтандырылған жүйе саралайды.












