Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқығы қорғалған
Сайлау – әрбір азаматтың елдің ертеңіне деген жауапкершілігін білдіретін маңызды демократиялық үдеріс. Сондықтан мемлекет барлық азаматтардың сайлауға тең дәрежеде қатысуына ерекше көңіл бөліп келеді.Осы мақсатта еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, сайлау учаскелеріне пандустар орнатылады, қажет болған жағдайда арнайы кіреберістер қарастырылады. Арба пайдаланатын азаматтарға ыңғайлы дауыс беру кабиналары мен үстелдер қойылады.
Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін Брайль қарпімен дайындалған ақпараттық материалдар мен арнайы трафареттер қолданылады. Ал есту қабілеті бұзылған адамдарға қажетті жағдайда сурдоаудармашылардың көмегі ұсынылады.
Сонымен қатар, өз бетінше бюллетеньді толтыра алмайтын азаматтар өздері сенім білдірген адамның көмегіне жүгіне алады. Бұл ретте дауыс берудің құпиялығы мен заң талаптарының сақталуына ерекше мән беріледі.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін сайлаушы алдын ала өтініш берсе, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы тасымалданатын жәшікпен оның тұрғылықты жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлауға еш кедергісіз қатысуына жағдай жасау – әділ әрі инклюзивті қоғам қалыптастырудың басты көрсеткіштерінің бірі.
Әр азаматтың дауысы – елдің болашағына қосылған үлес. 23 тамыз күні өз таңдауыңызды жасап, еліміздің жарқын келешегін бірге қалыптастырайық!














