Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зар заманның заңғары

Зар заманның заңғары

ҚР тәуелсіздігінің 35-жылдығы аясында Халық батыры Жанқожа батырдың атасы,қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен Әбілхайырдың ханның сенімді серігі болған Құлжаманұлы Киікбай батырдың 325-жылдығын атап өту арқылы ұрпаққа бабалардың азаттық жолындағы еңбегі мен ерлігін паш ету мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен және ұрпақтарының ұйымдастыруымен 2026 жылдың 2 тамыз күні «Киікбай бабам – киелім, рухыңа бас иемін» атты танымдық шара өткізілмек. Алқалы жиында келелі мәселелер қозғалып, көшелі ұсыныстар айтылып, ас беріледі. Жұртымыз игі шаруадан құлақтана берсін деген оймен сондағы әңгіменің ұлы жобасын көппен бөлісуді жөн көрдік.

Әлқисса. Барша Алаш жұртының Анасы атанған туған жеріміздің ұлт тарихы мен руханиятында алар орны ерекше. Осы ерекшелігіміз неде деген сұраққа төмендегідей қысқаша жауап беруге болады.
– Біріншіден, Сыр өңірінің географиялық орналасуы;
– Екіншіден, аймақта ежелден қала мәдениетінің гүлденуі Сыр өңірінің геосаяси тартымдылығын күшейтті;
– Үшіншіден, діни-ағартушылық жүйенің берік орнығуы Сыр елінде білімге, ғылымға, өнерге, тарихқа, жалпы алғанда мәдениетке деген өркениетті көзқарасқалыптастырып, интеллектуалды дамуға жол ашты;
– Төртіншіден, шекаралас түркі текті халықтарда ұмыт болған және Қазақстан байтағында тек қана Сыр өңірініде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан жыраулық дәстүр мен оны орнықтырған, кәсіби тұрғыдан дамытқан Сыр сүлейлерінің шығармашылығы аймаққа тән өзіндік өнер мектебі, яғни, мәдени құндылық болып қалыптасты;
– Бесіншіден, Сыр өңірін ғана емес, барша қазақ жерін, елін сыртқы жаулардан қорғауда шешуші рөл ойнаған Батырлар институтының орнығуы аймақ мәртебесін асыра түсті. Бұл пікірден батырлар Сыр елінде ғана көп болған және осы төңіректе ғана өшпес ерліктер жасаған екен деген ой тумайды.
Ерекшелігі – батырлық дәстүр институциональды түрде біздің жерімізде орнықты. Қаптаған жаудан қорғануда, жарақты жаумен кескілескен ұрыстар үстінде бұрынғыдай хан-сұлтандардың емес, қалың қазақ ортасынан шыққан Киікбай, Бөгенбай сияқты батырлардың рөлі күшейе бастады. Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы бүкіл қазақтың тұңғыш Құрылтайының 1710 жылы Сыр өңірінде, атап айтқанда, Арал маңында шақырылуы бекер емес.
Батырлар институтының қалыптасқаны, олардың келелі мәселелер жөнінде ой-пікірлерінің үстем болғаны осы «Қарақұм» (Әлімнің бір баласы қаракесектердің жайлауында өткендіктен тарихи әдебиеттерде Қаракесек Құрылтайы деп те аталады) Құрылтайында еді. Осы Құрылтайға бала Киікбай әкесі Құлжаманға еріп барған. Бұл пікірімізді дәлелдейтін ауызекі деректер жеткілікті.
Соңғы зерттеулер бойынша 1726 жылы шақырылған Құрылтайдың Оңтүстік Қазақтан облысының Ордабасы жерінде емес, ол да Сыр топырағында өткені анықталды. Бұл жөнінде жерлесіміз, белгілі өлкетанушы Сабырбаев Әлібек Сейітмұратұлының 2023 жылы «Тұмар» баспасынан шыққан 288 беттен тұратын «Қарақұм Құрылтайы: 1710 және 1726 жыл» атты монографиясы бар. Міне, осы аталған саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани факторлар Сыр өңірінің мемлекет тарихынан алар орнын айшықтап берді.(Ғалым Н.Мыңжастың зерттеуі бойынша)
Ал бұл жиынға Киікбай батыр Әбілхайырдың белді батырларының бірі ретінде қатысып, оның Кіші жүз ханы және біріккен қазақ әскерлерінің сардары болып сайлануына Тама Есет батыр Көкіұлымен екеуі қатты ықпал еткен және Киікбайдың пікірі ескерусіз қалмаған
– Елде алты Алаш баласы түгел мойындаған «Сыр – Алаштың анасы» деген ұғым-императив пайда болды. Бұны өңірімізге тарихтың берген әділ бағасы десек те болады. Шәкәрім қажы Құдайбергенұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасында: «Өткен күн көзге күңгірт, ойға танық, Көрмесе де білгенге бәрі анық. Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл, Қазақтың Сыр бойында жүргені анық» деген дерегі аймағымыздың ұлт тарихындағы орнын нақтылай түседі. Сол қысталаң жылдары көзі қарақты, оң-солын тәуір білетін Киікбай Құлжаманұлы және оның жанына ергендер босқандарды қабылдап, қорғап олардың ел қатарына қосылуына және әскер сапына тұрып, намысы кекке суарылған жаужүректердің келуіне себепші болды. Халық батыры «Жаужүрек мың бала» басшысы Сартай батырдың қосыны да осы сықылды пайда болып, паризандық соғыс жүргізгені бәрімізге аян.
Аталған бағыттар бойынша ізденіс жұмыстарының қарқыны қазіргі таңда да бәсеңдеген жоқ, күшейе түсті. Үздіксіз ізденістер нәтижесінде бірнеше монографиялар, энциклопедиялар, жинақтар жарияланып, тақырыптық диссертациялар көптеп қорғалды. Жекелеген дінбасылар, ишандар, ахундар, дамоллалар, имамдар мен сүлейлердің шығармалары өз алдына кітап болып шықты және БАҚ арқылы да халыққа кеңінен насихатталуда. Бұл қуанарлық жағдай. Өкініштісі, биліктің де қоғамның да назарынан тыс қалып немесе одан кешеуілдеп келе келе жатқан Сыр елінің батыры – Киікбайдың ерлік істері.
Сондықтан біз кейінгі тарихи оқиғаларды зерттеудегі жаңа әдіс ауызекі фактілер ел ауызындағы атадан балаға беріліп келе жатқан әңгімелерге ден қоямыз. Қазір бұндай жұмысқа ғылымның өзі де бет бұра бастады.
Расында, ішінара Нұрмұхаммедұлы Жанқожа, Естекбайұлы Бұқарбай, Көкіұлы Есет, Қожамберлі (құйысқансыз) сияқты Сырдың бірнеше ғана батырлар жайында ұрпақтарының қолдауымен, ізденулерімен монографиялар шықты, конференциялар шақырылды. Ал Сырда туып, барша қазақ үшін жандарын пида еткен батырларымыздың басым көпшілігі ұмыт бола бастады. Аяулы есімдері де, ерлік істері де ел үшін жандарын пида еткен басқа да батыр бабаларымыздың есімдері ел ішінде сирек айтылады, БАҚ-та аз жарияланады.
Дана халқымызда «Ел үшін туған ерлердің қалам ұстаған ақында алынбаған ақысы бар» деген қатаң қағида бар. Мұны тура мағынасында елін қорғау жолында шейіт болғандарды ұмытпай, еңбектері мен ерліктерін өскелең ұрпақтың жадында қалдыруды кейінгі саналы қауымға, соның ішінде ақын-жазушыларға, тарихшылар мен шежіреші-өлкетанушыларға жүктелген моральдық борыш деп ұғамыз. Ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінде ғана осы аталған борыш өтеледі деп санаймыз.

ҰЛЫДАН ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ
Сыртқы басқыншыларға қарсы күресте жанын таразыға қойған жаужүрек бабамыздың бірі – Киікбай батыр, әрі би қайраткердің тарихымызда алар орны мен бағасы өте жоғары. Батырдың шығу тегі мен туыстары біздің кеңейте зерттеу нысанымыз болып отырған Қаракесек бірлестігіндегі Шекті тайпасынан екендігін айтуымыз қажет. Олай жасамай , өзіміз білеміз деп ойласақ, «Киелі Киікбай» тұлғасы ашылмайды.
Толығырақ тарқатқанда: Әлім-Жаманақ(Шекті)-Өріс-Есеналы-Кішкене-Құттық-Майдан.
Майданнан Құлжаман, Қожамұрат/Баймұрат – кей деректе Әлімбет, Түгелек. Құлжаманнан Егей және Киікбай. Егейден – Сүгірәлі, Ерәлі. Киікбайдың бәйбішесі Тама Базарқұлұлы Көкінің қызы Тәжі анамыздан және ал екінші әйелі Қаракөзден тараған сегіз ұлдың әрқайсысы бір-бір төбе, одан тарағандардың әрқайсысы бір-бір кітапқа арқау болатындай ерлер.
Мәселен, иісі қазаққа белгілі Жанқожаны айтпағанның өзінде, алапат күш иесі Әжі батыр болатын болса, жоңғарлармен ұрыста ерлікпен қаза тапқан Оразақ батырдың әйелі Қожаның қызы Назымханның атымен Сұлутам деген Әйтеке би кентінің алғашқы атауы тікелей байланысты. Тереңге бармай, Киікбай батырдың туыстарының тарихатын тарқатып,әрі қарай таралу кестесін жариялауды ұрпақтарының еншісіне қалдыруды жөн деп есептейміз.( Өйткені оның жауапкершілігі өте үлкен екендігін білесіздер)
Киікбай өз заманының белгілі батырларының бірі және Әбілқайыр ханның сенімді үзеңгілесі болған. Оны біз Әбілқайыр ханның ұрпағы Ермұхамед (Елекей-авт) Қасымұлы сұлтанның Жанқожаға: «Менің атам Әбілқайыр хан болған кезде, сенің атаң Киікбай оның биі және батыры болған. Олар күш біріктіре отырып, Сырдария бойындағы қарақалпақтарды Хиуаға қарай, Ырғыз бен Торғай бойындағы қалмақтарды Қытайға ығыстырды. Осы арқылы біздің ру-тайпаларамызға аталған өңірлерде көшіп-қонуға жағдай жасады...», – деп жазған хатынан да көріп жүрміз.
Ал Киікбай болса, Тама руынан шыққан әйгілі батыр Есет Көкіұлының қарындасы Тәжіге үйленген. Жанқожаның әкесі Нұрмұхамед Тәжіден туады. Бұл айтылғандарға қарап, мынадай қорытынды жасауға болады: атасы Киікбай әрі би, әрі батыр, түп нағашысы тама Есет Ресей тарапынан тархан лауазымын алған айбынды батыр болса Жанқожаның өзі тегін адам болмаған.
Жанқожа батырдың әкесі Нұрмұхаммед кейбір мәліметтерге қарағанда қарапайым адам екен. Нұрмұхаммед ( айтылуы бойынша Нұрымбет) шамамен 1710-1720 жылдары дүниеге келіп, 1792 жылы Хиуа зекетшілерімен қақтығысқа қазаға ұшыраған.
Кейбір мәселелерге тоқталып өтсек, Жанқожа 15 жасар кезінде көші-қонды бөлуде әділетсіздік танытқан Сыр бойындағы беделді ру басшысына қару көтерген. Ол ру басшысының есімі бір мәліметте Қылышбай, тағы бір дерек көзінде Тайым деп берілген. Қарастырып отырған кезеңде Киікбайға қатысты құнды мәліметтерді біз мұрағат құжаттары негізінде жинақталған «Казахского-русские отношения в ХVIII-XIX веках» атты топтамадан көптеп кездестіре алмасақ та, жанама фактілерден, ауызша атадан балаға жеткен оқиғалар желісімен байланыстыра, айқындап дұрыс сараптама жасай отыра баяндау жөн деуіміз орынды.
Патшалы Ресей қазақ даласына ішкерілей еніп, әртүрлі заң жобалары арқылы тамырын жайған сайын қазақ халқының тарапынан қарсылық күрестері де үдей түсті деуге болады. Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресеймен қарым-қатынас орнатқаннан бастап, орыстарға қарсы азаттық күресі етек алды.Оны басқарған, әрине Киікбай, Сырым сынды батыр-билер.
Майдан Құлжаманұлы Киікбай батыр шамамен ХVII ғасырдың аяқ шені 1680 жылдарда дүниеге келген деп топшылайды әуесқой шежірешілер. Негізінде, мен жүргізген жұмыстарға сенсеңіздер, Киікбай батыр Әбілхайыр ханнан жеті жастай кіші. Олай дейтінім, 1774 жылы туған немересі Жанқожа оның айбалтасын 6-8 жасында сұрағаны шын болса, Киікбай сол кезде-ақ сексенді алқымдаған қария болуы керек. Ақиқатқа барынша жақындау батыр бабаның өмір сүрген уақыты шамамен 1701-1781 ж.ж деп айтуға негіз бар. Жанқожа батырдың туған атасы Киікбай өз заманының белгілі батыры болуымен қатар Кіші жүз ханы Әбілхайырдың үзеңгілес серігі болған. Әбілхайыр хан (1693-1748ж.ж) қазақ жасақтарының қолбасшысы-бас сардар болған жігерлігімен, айласымен, батылдығымен атағы шыққан. Киікбай батыры әрі биі ретінде 25 жасында өз қарамағындағы әскерімен 1726 жылы екінші рет өткен Құрылтайға қатысып, бас сардар сайлауында болып қолдаған,әркез Әбілхайырдың қасынан табылған.
1727 жылы Бұланты өзенінің жағалауындағы Қарасиыр деген жерде соққы берген шайқасқа қатысқан. Балқаш маңындағы Итішпес деген жерде бұрын қазақты Сұңқайтқан жерде жоңғарларға қатты соққы беріп, «Сұмқайтты» деген тарихи атты алып берген Әбілхайыр сардар бастаған Киікбайлар бұл.
Соңғы Аңырақай аталған Сорқұдықтағы шешуші шайқас, сол кезде қаза тапқан Болат ханның орнына Ұлы хан сайлана алмай өкпелеп, әскерінің басын бұрып Кіші жүзге кетіп қалған Әбілхайырсыз өтті.
Күші мен саны басым, от қару мен Қарабура зеңбіректерімен қаруланған бірақ үнжырғасы түскен 40 мыңдық жоңғар әскері, жеңістермен, қанаттанып,өз күшіне берік сүйенген 30 мыңдық қазақ қосындарынан тас-талқан болып жеңіліп,аныздап аңырап беті ауған жаққа қашты.Қабанбай, Бөгенбай, Киікбай сынды батырлардың ауызбірлігі көшпенді Жоңғарияның тарих сахнасынан мүлде жойылып кетуінің алғы шарттарын жасады.
Елдің жадында батыр әрі би ретінде ел жадында қалған Киікбай батырдың Қазақ-Орыс қатыныстарындағы дипломатиялық миссиясына тоқталып кетпесек,әділетсіздік болар еді. 1731 жылғы 10 тамыздағы қазақтың 30-ға тарта , нақты айтсақ 26 игі жақсының құрамында 30-дар шамасындағы жас Киікбай батырдың болуы оның Әбілхайыр ханмен сенімге негізделген жақсы қарым-қатынаста болғандығын және оның тек елшілік емес, топтың қауіпсіз аман барып, сау қайтуын да қамтамасыз етуі Ұлы Даладағы беделді адам екендігінің дәлелі.
Алайда 1743 жылы Әбілхайыр хан Ресей императрицасы Елизавета Петровнаға баласын аманаттан қайтару өтінішімен Петербургқа жіберген Шекті Әлібекұлы(Әлімұлы болуы мүмкін) бұл Киікбайға қатысы бар ма ,әлде жоқ па,оның анық-қанығын ажырату болашақтың жұмысы.
Жаужүрек Киікбай бабамыздың ел-жұртының азаттығы жолында жасаған ерлігі, ғибратты ғұмыры көпке аян. Киікбай бабамыздың батырлығына қоса алдын болжағыш, көреген, аруақты адам болғанын қарымды қаламгер, тарихшы-этнограф Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясында (1-том) айтылған мына деректен аңғаруға болады.
«Бір күні Киікбай сәске түстің шағында өз үйіне арнайы келген қонақтары мен ауылдың ер-азамттарын үй сыртындағы төбешіктің басына жинап алып, олармен біраз уақыт әңгіме-дүкен құрған-ды. Ауылға сырттан кәделі қонақ келсе осылайша басқосып, бала-шағадан оңаша жерде, ел қамы жайлы сұхбат жасау қашаннан-ақ қазақ атқамінерлерінің әдетіне айналған үрдіс-ті».
Бүгінгі сұхбатқа себепкер болғандар осы ауылға құдандалы-жекжат, Киікбайдың қандыкөйлек досы, Әбілқайыр ханның батырларының, әрі кеңесшілерінің бірі – Қарасақал руының Сарыбас аталығынан шыққан әйгілі Ақша батыр мен Жақайымның белгілі биі, әрі батыры Жылқайдар болатын. Дегенмен, дұрыс шығар ,осы жерде бірақ хронологиялық тәртіпке де мән беру орынды болар. Оған дәлел, зерттеуші,шежіреші Төлепберген Тілеуқабыловтың нақты дәлелін ұсынайын:
4. 9. Әлім-Айнық (Қарасақал) – Сарыбас – Мырзакелді батыр ұлы –Шағырай батыр, әрі би.(Қармақшы ауд, Қуаңдария ауылының солтүстігінде 20 шақырым жерде бейіті бар) 18 ғасыр-1711-1790 жылдары өмір сүрген;
21. Әлім-Айнық (Қарасақал) – Сарыбас – Итемген батыр ұлы Ақша батыр (Қазалы ауданы, Қызылқұм беткейіндегі Қуаң өзенінің оңтүстігінде 3 шақырым жерде бейіті, мұнарасы бар).18 ғасырдың 2 - жартысы, 19 ғасырдың 1-жартысы-деп жазылған.
Яғни,бұл Киікбай бабамен тұстас Ақша батыр емес, Шағырай батыр Мырзакелдіұлы екендігіне ешкімнің таласы жоқ екендігінің дәлелі.
Ал көркем әдебиетте басқаша әдіспен баяндалып,өзінен30-40 жас кіші Итемгенұлы Ақша батырды Киікбаймен замандас не досы қылып қоюы автордың қиялы мен шеберлігі.
Ескерту: Мырзакелдіұлы Шағырай батырды көп адамдар Жанқожа батырдың өмірінің соңына дейін қызмет жасайтын Жақайым Шағыраймен шатастырып жүргендігін атап өтсем артық болмас.
Сол романда:
– Ау, ол өзіңіздің жақсы көретін немереңіз Жанқожа емес пе?! Кеше қолыңыздағы мына айбалтаны сұраған боқмұрын сол ғой.
– Солай де. Бәсе-бәсе, анау-мынау бала атасының қолындағы қаруын сұрай ма?! Асылы, елдің еңсесін көтеретін, халықтың қамын ойлайтын, жел жағына пана болатын азаматтар сондай боқмұрындардан шығады, әлі-ақ, – деген сөйлемдер Киікбай батырдың бойындағы тылсым қасиеттен сыр шерткендей-деп жазылып, біртуар тұлғаның ерекшелігі ашыла түседі. Бұл тұспен әбден келісуге болады
Арада уақыт өте Киікбай Құлжаманұлының немересі, Нұрмұхаммед Киікбайұлы батырдың баласы Жанқожа бабамыздың аты аңызға айналғаны тарихтан мәлім. Сайын даланың азаттығы мен халқының тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен батыр бабаларымызды ұлықтау ұрпақ парызы. Осы орайда Киікбай Құлжаманұлы батырдың есімін жаңғыртып, ерлік жолын толыққанды зерттеп, тарихи тұлғалар тізбесіне енгізсе баба аруағы алдындағы борышымызды өтегеніміз болар еді. «Ер жігіт туар елі үшін» деп бекер айтылмаса керек. Бұл тақырып әлі де терең, кең көлемде терең зерттеліп, зерделеніп өз бағасын алуы үшін баршамыз жүйелі жұмыс жасауымыз қажет-ақ. Қазіргі біздің қаракетіміз теңізге тамған тамшы ғана.

КҮРМЕУІ КҮРДЕЛІ КИІКБАЙ БАТЫР
Осы жолдарды жаза отырып, оқырман қауымнан алдын-ала кешірім сұрауды жөн көрдім. Қай уақытта да алғашқы тырнақалды туындының кемшілігі мен қателігі, әттеген-айы, маңызды нәрселердің қалып қоюы,аты-жөнінде, тегінде қателіктер болуы заңдылық.Себебі, ел тарихында өзіндік орны бар, көптен бері көлеңкеде қалып қойса да,көңілдің қаперінде жүрген Киікбайдай батыр, би, елші, батагөй, көзі қарақты болған тұлғаға қарай тыңнан жол салу күрделі мәселе.
Далалықтар арасындағы жер, жесір дауы мәліметтерге қарасаң, Киікбай би тұсында оңынан шешілген. «Жер қыстағандікі, жайлау жайлағандікі, аң ұстағандікі, бәрінің иесі, несібеңді беріп қойған бір Алла», – деп дала демократиясына өзіндік үлес қосқандығы ұрпақтарына мәлім. Бабаның той жиындар мен басқосу, кеңестерде айтқан әңгімелері мен өсиет-болжамдары ел жадынан көмескі тарып ұмытылып барады.
Соның бірі:
«Қызыңа жүрегіңнің әрін бер,
Балаңа көңіліңнің нәрін бер,
Немереге қолдағының бәрін бер»-деп ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтқан екен. Әйелдер мен қыздар, аналар мен әжелер туралы . олардың қоғамдағы орны мен ролі туралы:
«Қызың – періштең аруың,
Жарың – емің, дәруің,
Анаң- қорғаның, қаруың», – деседі көнекөздер.
Бір әңгімелерде:
«Шегінгенің жеңілгенің емес,
Сөзге тоқтағаның кемігенің емес.
Ағайынмен араздасқаның ұтылғаның,
Ата жаумен ауыз жалассаң тұтылғаның.
Көргенім жоқ бұл фәниде осылардың
Сүйекке түскен таңбадан құтылғанын», – деген қанатты сөздері осы кезге дейін мағынасын жойған жоқ.
Құрметті оқырман, жіберілген олқылықтарды алдағы уақытта, Сіздердің ескертпелеріңіз арқылы толықтыруға және түзеуге болады. Бабалар мұрасына адалдық танытып, тарихына қалам тартып, кітап жазып, БАҚ бетіне жариялаған замандастарымыз бен ағаларымыздың: Өмірзақ Ахметов, Шарафадин Алтынбай, Жұмабек Табынбай, Бәйменов Серік,Төлепберген Тілеуқабыл, Құдайберген Смағұл, Мұрат Сыдықұлы, Шамша Айтуғанов, Қадырбек Бекетов т.б газет бетіндегі мақалаларын мүмкіндігінше пайдаландым. Сондай-ақ, ел тарихын зерттеуге едәуір үлес қосқан ,бабалар мұрасын молайтқан Молдахмет Қаназов, Әбдісаттар Оспанов, Сардарбек Қожағұлов, Зейнолла Шүкіров, Әлмәмбет Әлішов, Жетіскен Мәкенәлі, Рүстем Жанаев ,Нұрлыбек Мыңжасов сынды елге белгілі қаламгерлердің шығармаларындағы қажетті сәттер тақырыпқа тиек етілді.
Ең бастысы Мемлекетіміздің басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда ұлтымыз бен еліміздің тарихын тиянақтап, екшелеу туралы айтқан тапсырмалары мен ұсыныстары басты назарда болғанын жеткізгім келеді. Бабалар рухы жар болсын!

«Киікбай бабам – киелім, рухыңа бас иемін» атты танымдық-тәрбиелік
шараның өту барысында қабылданатын ұсыныстар
ЖОБАСЫ

ҚР тәуелсіздігінің 35-жылдығы аясында Халық батыры Жанқожа батырдың атасы,қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен Әбілхайырдың ханның сенімді серігі болған Құлжаманұлы Киікбай батырдың 325-жылдығын атап өту арқылы ұрпаққа бабалардың азаттық жолындағы еңбегі мен ерлігін паш ету мақсатында төмендегідей мазмұндағы тоқтам қабылдап жұртшылық назарына ұсынды
1. Киікбай батыр Құлжаманұлының өмірі мен қызметін зерттеп –зерделеу мақсатында ғалымдар мен зерттеушілерден тұратын топ құру;
2. «Жанқожа баба» қоғамдық қоры арқылы зерттеу-зерделеу тобын қаржыландыратын қаржы көздерін қарастыру үшін демеушілер тарту ;
3. Киікбай батыр атын ұрпақ санасында қалдыру мақсатында Қазалы ауданындағы елді мекендердің бірінен көше, сквер, жер-су атауларын беруге ұсыныс жасау;
4. Жастарды патриотизмге баулып, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу мақсатында садақ ату спортынан Киікбай батыр атындағы облыстық турнир өткізу үшін аудандық спорт бөлімінің жоспарына енгізу;
5. Баба кесенесінің маңын ұрпақтар күшімен абаттандыру, өркейту –көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу;
6. Батыр баба және оның үзеңілестері туралы топтамалар шығару, БАҚ беттерінде жариялау;болашақ кітап шығару жұмыстарына дайындық жасау;
7. Ұрпақтар арасында 2-тамыз «Киікбай баба» күні болып белгіленіп, әрбір бес жыл сайын мерейтойын бұқаралық шара ретінде дәстүрлі түрде кесене маңында атап өтулі қолға алу.

Болат ЖОЛТАЕВ

31 шілде 2026 ж. 82 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31