Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал шаруашылығы: өсім мен өнім

Мал шаруашылығы: өсім мен өнім

Ғасырлар бойы ұлы даланы мекендеген бабаларымыздың тіршілік тынысы, дүниетанымы мен тұрмыс-салты тұтастай мал шаруашылығымен астасып жатты. «Мал – баққандікі» деген қағиданы ұстанған ата-бабамыз төрт түлікті қадірлеп қана қоймай, оны өмір сүрудің басты кепілі етті. Бүгінде мал шаруашылығы – ел экономикасының әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміз ауылшаруашылық саласында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қамбаға бұрын-соңды болмаған астық құйылып, ауыл шаруашылығы саласының өнімі артты. Оның ішінде аймақта, ауданда атқарылған ауқымды істер бар. Сонымен, саралап көрейік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналу керегін айтып, азық-түлік қауіп сіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан мал шаруашылығының маңызына тоқталған еді. Мал санын көбейту, асылдандыру жұмыстарына байланысты тапсырма бергені де белгілі. Мал шаруашылығы бойынша 2024 жылды 2022 жылмен салыстырғанда облыс бойынша МІҚ – 32,6%-ға, қой мен ешкі 10,6%-ға, жылқы 4,5%-ға, түйе 4,8%-ға артқан. 2025 жылдың 1 қарашасына 414,8 мың бас МІҚ, 760 мың бас қой мен ешкі, 263,9 мың бас жылқы, 65,8 мың бас түйе және 124,7 мың бас құс тіркелген. Осы есепті кезеңде 30,2 мың тонна ет (тірі салмақта), 39,2 мың тонна сүт және 6,7 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, соңғы бір жылда ет өндірісі 4%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа 7,8%-ға артқан. Мал азығын дайындау бойынша 2025-2026 жылдың қысына түсетін 676,8 мың шартты мал басына 958 мың тонна табиғи шөп, 192 мың тонна жем, 157 мың тонна сабан және 7,2 мың тонна сүрлем дайындалған. Сонымен қатар, жем дайындау бойынша өңірдегі күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы күріш жемімен қажеттіліктің 80%-ын қамтамасыз етуде. Қалған жетіспейтін (20%) көлемді республиканың басқа аймақтарынан тасымалдайды. Жалпы аймақта инвестициялық жобалар бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында 2022-2024 жылдар аралығында құны 14,6 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылып, 221 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде балық өңдеу цехы, тауарлы сүт фермасын модернизациялау, қарқынды алма бағын егу, құс фабрикасы және күріш ақтау зауыттары іске қосылды.
Қазалы ауданы бойынша да мал басында өсім бар. Ауданда 56 568 бас ірі қара (33,4%), 58 370 бас жылқы (4,7%), 15 448 бас түйе (5,5%), 98 320 бас уақ мал (7%), 6 656 бас құс (3%) тіркелген. Шаруалар да мал шаруашылығына ден қойып, кәсіптерінің нәсібін көруде.
Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдағы бес жылға арналған мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамытудың Кешенді жоспарларын бекітті. Олар саланы сапалы жаңғыртудың, оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі болады. Үкімет қолжетімді қаржыландыруға ерекше назар аударуда. Тек биылдың өзінде мал шаруашылығын жеңілдікпен ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несиелеу бағдарламаларына 300 млрд теңге бөлінген. Мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті көтеруге және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Үкімет бұдан әрі де заманауи технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыруға қажетті жағдай жасай бермек. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, 3,3%-ға өскен. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар саланы сапалы жаңғыртуды, өндіріс көлемін арттыруды және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көтеруді көздейді. Биыл бұл салаға 300 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында асыл тұқымды мал сатып алуға, айналым қаражатын толықтыруға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» атты жаңа жеңілдетілген несиелік өнімдер іске қосылды. Өнімділікті арттыру мақсатында заманауи көбейту технологияларын қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ынталандырулар енгізілуде. Ветеринарияны дамыту жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында ветеринариялық инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғыртуға, зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, арнайы көліктерді жаңартуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 66 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ салалық мамандардың жалақысын арттыруға және кадрлық әлеуетті дамытуға 22 млрд теңге бағытталады.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин канадалық TELUS Agriculture компаниясының басшылығымен кездескен еді. Тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) цифрландыруға халықаралық жасанды интеллект (ЖИ) көшбасшыларын тарту, өнімділікті арттыру мақсатында ЖИ технологияларын енгізу, сондай-ақ секторды цифрлық трансформациялаудың жол картасын бірлесіп әзірлеу мәселелерін талқылады. Канадалық тарап data-centric (деректерге бағдарлану) моделі негізінде дамып, үш негізгі вертикальға – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және тұтыну тауарларына бөлінген өздерінің цифрлық экожүйе құрылымын ұсынды. Бүгінде компанияның бағдарламалық жасақтамасы мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдері әлемнің 60 елінде шамамен 101 миллион гектар егістік алқабын қамтып, агрономдар мен әлемдегі ең ірі азық-түлік брендтеріне технологиялық қолдау көрсетіп келеді. Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин отандық АӨК алдында дәстүрлі экстенсивті әдістерден заманауи қарқынды технологияларға көшудің стратегиялық міндеті тұрғанын атап өтті: Ет және мал шаруашылығы өнімі – тарихи тұрғыдан халқымыз тұтынып келе жатқан негізгі азық. Бүгінгі таңда ішкі нарықта да, іргелес мемлекеттердің нарығында да сұраныс қарқынды өсуде. Осыған орай, өндіріс көлемі мен тиімділігін сапалы түрде арттыру керек. Басты миссия – Қазақстанға жетекші халықаралық технологиялық чемпиондарды тарту және олардың тәжірибесін тікелей өндірісте тоғыстыру. Қазірдің өзінде цифрлық шешімдерді енгізуге негіз болатын 4-5 өңірлік алаңды анықталды. Олардың қатарында «Қамыстыбас» (Қайбатар) кәсіпорнының 50 мың басқа арналған пилоттық жобасы, сондай-ақ Қарағанды облысында іске қосылған жоба бар. Бұдан бөлек, әр өңірдің ерекшелігі мен жағдайына қарай бірегей технологиялық шешімдерді сәйкестендіру үшін Шығыс Қазақстан облысынан да серіктес қарастырылуда.
Малдың пайдасы көп. Еті, сүті бар, тіпті мініске де жарайды. Алайда көпшілік оның бейнетінен қашады. Адамнан айла артылған ба? Бүгінде жасанды интеллект, жаңа технология мал иесінің де, бақташының да қолын ұзартты. Мал қайтару, шөп шабу, қора тазалаудан қашатын жалғыз қазақ қана емес. Әлем жаңа технологияның қадірін біліп, қолдан келгенін жүйелі түрде шаруашылыққа енгізіп жатыр. Алды малға GPS құрылғысын орнатқан. Жылқы, сиыр болсын қайда жайылып жүргенін үйде жатып біледі. Тіпті бұл технология фермерлерге малдың күйін, мінез-құлқындағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде көрсетіп отырады. Жануарларды сәйкестендіру нарығындағы айналым былтыр 4,94 миллиард доллар болған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,55 миллиард долларға жетуге тиіс. Жылдық өсім қарқыны – 9,6 пайыз. Цифрландыру ісін жүйелі жүргізіп отырған елдердің бірі – Ұлыбритания. 2027 жылдан бастап мұнда барлық бұзауға электронды сәйкестендіру таңбасы тағылады. Бұл малдың бағытын бақылаумен қатар, аурудың таралмауына сеп дейді ауыл шаруашылық мамандары. Электронды жүйе жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Деректер автоматты түрде бірыңғай ұлттық базаға енгізіледі. Бұл Фермерлер үшін де тиімді. Осы секілді бастама елде де қолға алынып жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында жасанды интеллект мал бағады. Буденное ауылында ашылған тауарлы сүт фермасы заманауи технологияларды қолданады. Ірі-қараға құнарлы жем-шөп әзірлеу, денсаулығын бақылау, сиырларды сауу, өнім сапасын қадағалау сынды жұмыс – жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асырылады екен. Фермаға Германиядан 165 бас голштин тұқымды сиыр жеткізілген. Виртуалды маманның көмегімен мал күтімі жеңілдепті. Қалауын тапса, қар да жанады емес пе?
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің мәліметінше, өңірлерге 34,5 мың бас ауыл шаруашылығы малын сатып алуға 43 млрд теңге бөлінген. Дегенмен кейбір облыстарда жобаларды қарау және іске асыру қарқыны баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты министр әр жобаны жеке бақылауға алып, толық дайын емес бастамаларды қаржыландырмауды тапсырды.
Отандық ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығару көлемін ұлғайту – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызды қадам. Терең өңделген сапалы өнімдерді экспорттау арқылы мемлекеттің шикізатқа тәуелділігін азайтып, аграрлық сектордың кірісін еселеуге болады. Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы – ұлттық кодымыздың ажырамас бөлігі ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының кепілі. Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бастамалар мен шаруалардың ерен еңбегі ұштасқанда, бұл сала жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, болашақта еліміздің әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайта түсетіні анық.
Айнұр ӘЛИ
01 тамыз 2026 ж. 27 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31