2026 жылы жүктілік және босануға байланысты төлемдердің ең жоғары мөлшері қандай?
2026 жылы жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлемдерді есептеу ережелері өзгергеннен кейін олардың мөлшері де өзгерді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлемнің орташа сомасы былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен болды. Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Балғын Сатбекқызы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Төлемдер жаңаша есептеледі
Спикердің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері шамамен 1,4 миллион теңге болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,6 миллион теңгеге жеткен болатын. Осылайша, төлемнің орташа мөлшері 254,9 мың теңгеге немесе 15,5 пайызға төмендеді.
Сатбекқызының айтуынша, төмендеу заңнамадағы өзгерістерге байланысты. Енді төлемді есептеу кезінде ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайтын орташа айлық табыс ескеріледі, бұл – 595 мың теңге.
"Бұл ретте қорытынды сома жеке есептеледі және ол кейінгі 12 ай ішінде әлеуметтік аударымдар жасалған табысқа, сондай-ақ жүктілікке және босануға байланысты демалыстың ұзақтығына байланысты болады", - деп нақтылады ол.
Балғын Сатбекқызының айтуынша, 2026 жылы жүктілік және босануға байланысты біржолғы төлемнің шекті сомасы 2 миллион 499 мың теңгеден аспайды.
Анықтама: 2026 жылы жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің максималды мөлшері 2 499 000 теңге болады. Егер орташа айлық табыс белгіленген шектен (7 ЕТЖ) асып кетсе, төлем осы лимит негізінде есептеледі. Табыс мөлшері соңғы 12 ай ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түскен әлеуметтік аударымдармен расталады. Егер есептік кезең әртүрлі жылдарды қамтыса, әр ай үшін сол кезде қолданыста болған ЕТЖ мөлшері қолданылады.
Мысалы, егер әйел айына 600 мың теңге алса және 126 күнтізбелік күнге жүктілікке және босануға байланысты демалыс рәсімдесе, оған 2 499 000 теңге көлеміндегі максималды біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалады.
"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Балғын Сатбекқызы.
Фото: ӨКҚЕгер жұмысқа шықса
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер әйел адам жүктілік және босануға байланысты демалысы аяқталмай жатып жұмысқа шықса, төлем сақтала ма деп те сұрады.
"Еңбек қызметі қайта басталған жағдайда, алушы жұмысқа шыққаны туралы мемлекеттік корпорацияны хабардар етуге міндетті. Өтініш негізінде әлеуметтік төлем тоқтатылады", - деп жауап берді Сатбекқызы.
Ол төлем тоқтатылғаннан кейін қайта жаңартылмайтынын айтып өтті.












