Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сананы жаңғырту стратегиясы: ұлттық рухтың заманауи тірегі

Сананы жаңғырту стратегиясы: ұлттық рухтың заманауи тірегі

Қашан да музей ісі – ұлттың рухани негізі саналады. Мемлекет алдында заман талабына сай музейлерді жай ғана жәдігер сақтайтын орын емес, қоғам санасын жаңғыртуға ықпал етіп, цифрлық технологиялар мен ұлттық білім тоғысқан озық институтқа айналдыру бастамасы тұр. Осы бағытта Қазақстанда мемлекеттік деңгейде кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Саяси бағыттың өміршеңдігін Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі қызметі көрсетуде.

РУХАНИ КЕЛБЕТТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Мәдениеті озық елдің рухы әрдайым биік болады», – деген. Музейлер – ұлттық бірегейліктің негізі, мәдени мұраны сақтау мен насихаттау орны. Жас ұрпаққа төл тарих пен салт-дәстүрді терең танытып, одан тағылым алуға көмектесетін тәрбие ошағы.
Көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан мен Орталық Азиядағы жастар қозғалысы ұйымдастырушыларының бірі, ел ертеңдерін білім, қоғамдық белсенділік, елге қызмет етуге үндеген жалынды көшбасшы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ашылғаннан бері өткен мен бүгінді жалғайтын, ұлт жадын жаңғыртып, тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа аманаттайтын рухани кеңістікке айналып үлгерген. Келушілер бұл жердің көне жәдігерлер қойылған орын болуымен бірге, уақыттың үнін сақтаған, тағдырлар мен дәуірлер тынысын сездіретін қасиетті мекен екенін айтады.
Заттай мұралар санатындағы әрбір жәдіргердің өз тарихы, әр құжаттың өз сыры бар. Тұлғаның тұтынған бұйымы, қолжазбасы немесе өмір жолына қатысты деректер өткен дәуірдің куәсі ретінде халықтың тарихи жадын байытып, төл сананы тереңдетуге қызмет етеді. Мемориалдық музейдің құндылығы экспонаттар санымен емес, ұлттың рухани мұрасын сақтап, тарихи сабақтастықты жалғастырудағы миссиясымен өлшенеді.
Өткен ғасырдың 1968 жылы 7 қарашада ашылған мәдени ошақ елеулі тұлғалардың еңбегін ұлықтап қана қоймай, олардың мемлекетшілдік ұстанымы, елге сіңірген қызметі мен азаматтық болмысын кейінгі буынға үлгі етіп келеді.
Музейдің ғылыми қызметкері Ақзира Сармантай алғашында 200 жәдігермен жұмыс бастаған рухани қазына ордасы қоры бүгінде 4790 экспонатқа жеткенін айтады.
Тоғыз экспозициялық және бір көрме залы арқылы Ғанидың балалық шағынан ақтық сапарына дейінгі өмір жолын кезең-кезеңімен тамашалау мүмкіндігі қарастырылған. Музей қорында Ғанидың өз қолымен жазылған хаттары, беймәлім құжаттары, фотосуреттер мен замандастарының естеліктері қамтылған. Деректер музейдің ғылыми-танымдық маңызын арттырып, келушілерге ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ахуалды және Ғани Мұратбаевтың ел тарихындағы орнын кеңінен түсінуге жол ашады.
Тағы бірі ерекшелік, музей ғимараты да тарихи нысан. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған, бұрын орыс саудагерінің үйі музей жұмысын бастағанда ғимарат үшін берілген. Кеңес өкіметі орнаған шақта мұнда алғашқы Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан.
Музейдің іргетасы 1967 жылы Қазалы қалалық кітапханасында ұйымдастырылған мүйіс-көрмеден бастау алады. Бұл игі іске белсенді ұстаздар М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, кітапханашылар С.Төлегенов пен Ж.Төлепова сынды азаматтар атсалысады.
1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істеген Ғани музейі 1981 жылы дербес мәртебе алады. 2019 жылдан бастап ол Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде қызметін жалғастырып келеді.
Музей ғимараты 1981-1984 және 1991-1992 жылдары кеңейтіліп, қосымша құрылыстар салынған. 2023 жылы реэкспозиция жұмыстары жүргізілсе, 2024 жылы тарихи ескерткіштер бөлімі күрделі реставрациядан өткен.
Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100, 120 жылдық мерейтойлары мен музейдің 30, 40, 50, 55 жылдық тойлары республикалық деңгейде тойланған. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеу қаласындағы Ваганьков зиратынан топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылуы – қайраткердің рухына деген терең құрметтің айғағы.
Музей тарихында көптеген рухани жинақтар мен басылымдар дүниеге келген. Әр жылдары «Мен – Ғанимын», «Ғани тағылымы», «Ғани» жинақтары, «Қазалы қаласының көшелері», «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» кітаптары, «Ғанидың қара шаңырағы» фотоальбомы оқырман қауымға жол тартқан. Музейдің 55 жылдығына арналған «Ғанидың шырақшысы – Қазалыдағы мұражай» атты арнайы журнал басылымнан шыққан.
Музей тек Қазалы топырағының ғана емес, бүкіл ұлттың тағылым мекеніне айналған. Мұнда Ғанидың жалынды рухына тағзым етушілер еліміздің түкпір-түкпірінен, ТМД елдерінің әр өңірінен де келеді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен өнер адамдары жиі ат басын бұрады.
1986 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде, Сыр бойына жұмыс сапарымен келгенінде, музейге арнайы соғып, қолтаңба қалдырған. Бұл – Ғани Мұратбаевтың ұлт үшін маңызы зор тұлға екендігінің айқын айғағы және музейдің ел тарихындағы орнының биіктігін көрсететін маңызды белгі.
Бүгінде мұнда қадам басқан әрбір жан Ғанидың отансүйгіштік үлгісіне бас иіп, ұлттық рухтың мәңгілігін сезінеді. «Almaty Film Academy» ұжымының жетекшісі Альбина Қапсәлім: «Ғани Мұратбаевқа арналған жаңа жоба үшін музейге келдік. Мұндағы экспозициялар мен қызметкерлердің ықыласы бізді таңғалдырды. Бұл – нағыз мемлекеттік деңгейдегі рухани орталық. Президент саясатының өмірдегі көрінісі», – деп баға берген.
Келушілер туған өлкенің бай тарихы мен рухани мұрасынан да мол мағлұмат ала алады. Экспозициядан ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне бұйымдар, әшекейлер мен тұрмыстық заттар, сондай-ақ халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты құнды жәдігерлер орын алған, халықтық қолөнер бұйымдары молынан ұсынылған. Бұл тарихи мұралар өткен дәуірдің тынысын сезіндіріп, Сыр өңірінің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді.
Сондай-ақ музейдің негізгі, көмекші және жұмысшы қорларында өңірден шыққан ақын-жазушылар, өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттар мен жәдігерлер, Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысына қатысқан жерлестердің ерлігіне арналған материалдар жинақталған.
ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПЕН ЖАУАПТЫЛЫҚ
«Музей» сөзі этимологиясы гректің «museion» – «музалар сарайы» немесе «музаға арналған орын» деген ұғымын білдіреді. Ежелгі Грецияда философтар мен ғалымдар бас қосатын, өнер мен ғылым тоғысатын киелі орындар осылай аталса, қоғам үшін қазір де музей – тарихи сананы қалыптастыратын және адамның мәдениетін байытатын бірегей кеңістік деген бастапқы мақсатынан айнымай, жаңашылдықпен жаңғыруда. Аудандағы ұлт жадының ордасы құнды тарихи, мәдени және табиғи заттарды іздеп тауып, қорға қабылдау, олардың бүлінбей, ұзақ сақталуына жағдай жасап, заттардың тарихы, шығу тегі мен маңызын ғылыми тұрғыдан анықтап, көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырып, тамашалаушыларға тарихи мағлұмат беруде үздіксіз тер төгіп келеді.
Тәжірибелі маман, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Роза Асанова басқаратын мекеменің әр жұмысшы-қызметкері өз ісіне маманданған. Талап пен тәртіп тағылым мен тарихың бүкпесіз бүгінге жетуіне ықпалын тигізгенін аңғару қиын емес.
Әр экспонат лайықты орнында. Әр құжаттың ғылыми негіздемесі, жүйелі тізбесі түзілген. Мұндағылар жауапты жұмыстың саяси-рухани маңызы да айрықша екендігін бойларына терең сіңірген.
Музейің қор сақтаушысы Жұлдыз Ерболқызынан Қазақстанда бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау жүйелілігін, музейлер мәртебесін айқындап, заманауи жетістіктерге иек артқанын естідік.
Қор сақтаушы дегеннен шығады, көбіміз түсіне бермегенімен, бұл тарихи-мәдени мұраны келешек ұрпаққа аман жеткізетін жауапты маман міндеті – жәдігерлерді қабылдап алу, есепке тіркеу, ғылыми сипаттама жасау, қордағы әрбір экспонаттың сақталу жағдайын қадағалау және олардың құжаттамасын жүйелі жүргізуден тұрады. Тарихи құндылығы бар заттарды зерттеп, олардың шығу тегі мен тарихын анықтайды, көрмелер мен экспозицияларды ұйымдастыруға қажетті жәдігерлерді іріктеп, ғылыми қызметкерлермен бірлесіп жұмыс атқарады.
Қор сақтаушы – мұражай жұмысының өзегі. Себебі жәдігерлердің бүтіндігі мен сақталуы, ғылыми айналымға енуі және келер ұрпаққа бүлінбей жетуіне жауапты. Қазіргідей ғылыми жүйеге негізделген бағдарламалар жоқ кез, өткен ғасырда сол кездегі музей ісінің майталман маманы Ирина Галиулина барлық дерек дәйектерді біріздендіріп, республикадағы өзге әріптестеріне үлгі болған. Тарихи тізбек әлі тінін үзбегенін байқадық.
ЖЫЛ ЖЕМІСТІ ЖАЛҒАСУДА
Өткені – өрісіті, келешегі – келісті ұжымның бүгіні де көңіл қуантарлық.
Жыл басынан бері 4450 келуші музейді тамашалап, 315 экскурсия жасалуы – тек статистикалық көрсеткіш емес, ұлттық санаға сіңген отансүйгіштіктің нақты нәтижесі.
«Мемлекет басшысының музейлерді сананы жаңғырту орталығына айналдыру туралы тапсырмасы – басты бағдар. Ғанидың жалынды рухы бізге әрдайым күш береді. Биылғы жылы біз тек жәдігер сақтаумен шектелмей, цифрландыру, интерактивті экспозициялар мен музейлік жобаларды дамыттық. Жас ұрпақ туған жердің тарихы, тұлғалардың танымын тек кітаптан емес, тірі тарих ретінде тануы үшін бар күшімізді саламыз», – дейді музей меңгерушісі Роза Шорақызы.
Музейліктер ауданның рухани-мәдени шараларына да белесенділік танытып, оны өз істерінің негізгі бағытына айналдырғанын аңғардық.
Ғылыми қызметкер Ақерке Бердібай атқарылған ауқымды істердің біршамасын тілге тиек етті.
Ғани мұрасын ұлықтаудан бөлек, қолға алған шаралар келуішілер назарын көптеп аударуға ықпал еткен.
«Төрдегі сөз» жобасы аясында өткен сұхбаттарда сүбелі ойлар қозғалып, ел дамуындағы елеулі тақырыптар талқыланған. Музей қызметкерлері ел жадында сақталған естеліктерді цифрлық форматта насихаттауға да ерекше көңіл бөлген. Түсірілген сұхбаттар музейдің YouTube арнасына жүктеліп, қалың көрерменге жол тартқан. Бұл бастама тарихи-танымдық контенттің қолжетімділігін арттырып, ұлттық мұраны кеңінен дәріптеудің заманауи тетігіне айналған.
Цифрлық платформаларды тиімді пайдалану музейдің ақпараттық кеңістіктегі белсенділігін күшейтіп, жас ұрпақтың тарихи мұраға қызығушылығын арттыруға ықпал еткен. Осылай өткен мен бүгінді сабақтастырған тың жобалар музейдің ағартушылық қызметін жаңа деңгейге көтеріп, рухани құндылықтарды көпшілікке насихаттаудың аясын кеңейте түскен.
Аудан тұрғындары мен музей жанашырларының қорға жаңа экспонаттар тапсыруы – ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі.
Музей жанындағы «Өнегелі» қоғамдық бірлестігі мен «Жас ғанитанушылар» үйірмесі ісі де белсенді ұйымдастырылған. Бұл орайда іздемпаз жастар, орта буын өкілдері мен өнегелі өмір иелері – ел ақсақалдары басын бір арнаға тоғыстарып, өлке тарихын, елдің мәдени-әдеби әлеуетін арттыру істерін ілгерілету жұмыстарын жолға қойылған.
Жыл басында музей қорын толықтыруға үлес қосқан азамат Ербол Балтабековтің табыстауымен «Ғани» этноауылы жасақталған.
«Музей түні – 2026» жобасы, «Ашық есік» күндері, «Бір күн музей қызметкері» акциялары ұйымдастырылған.
Мәдени мұра ортасына «Дала мұрасы» экспедициясы арқылы 96 жаңа экспонат қабылданған. Қор цифрландырылып, E-museum порталы арқылы мемлекеттік каталог жүргізілу ісі қолға алынған. «Қазақтың жарық жұлдызы», «Алпамыс баба мұрасы», «Бірлік. Достық. Береке» атты жылжымалы көрмелер ұсынылған.
Сондай-ақ мерейтойлық мазмұнды шаралар да көпшілік көңілінен шыққан. Олардың қатарында Б.Тәжімбетовтің 85 жылдығына арналған көрме, Е.Бозғұловтың 95 жылдығына орайландырылған экспозиция, М.Дүйсенұлының 75 жас мерейтойына орай өткен тағылымды шаралар бар. Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдар мен қолөнер көрмелері көрсетіліп, «Шапағат» орталығының бүлдіршіндеріне арналған мерекелік бағдарлама, облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткен. Ғани Мұратбаевтың туған күніне орай, 2004 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан кіші футбол жарысы биыл да жалғасын тапқан. «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәрасын жиырма жылдан бері тұрақты өткізіп, оған қатысқан ақындар өлеңдерін кітапқа жинақтау дәстүрге айналған.
Халықаралық ескерткіштер және тарихи орындарды қорғау күніне арналған «Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі» атты танымдық іс-шарада Қазалы қаласындағы тарихи ескерткіштерге экскурсия ұйымдастырылып, музей қорындағы сирек жәдігерлерден «Сақталған сыр» көрмесі көпшілікке көрсетілген.
Музейдің ағартушылық бағыттағы жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асқан. Соның бірі – «Ұжыммен музейге» жобасы. Аталған бастама аясында ауданның мекеме-ұжымдары музейге арнайы келіп, тарихи-танымдық экскурсияларға қатысқан.
Көпшілік назарын аударған қызықтырған бізді де тәнті етті.
2024 жылы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие музей ғимаратына ауқымды реставрациялық жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай келген жерасты бөлмелері қайта жаңғыртылып, жаңа музейлік экспозициялармен толықтырылған. Мұнда ХХ ғасыр басындағы орыс көпесінің тұрғын үйі тарихи шынайылықпен бейнеленіп, сол дәуірдің тұрмыс-тіршілігін көз алдына әкелетін ерекше көрме жасақталған. Сонымен қатар келушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында заманауи үлгідегі интерактивті қорқыныш бөлмесі ашылған.
Ізденісі мол ұжым музей көрмелерін жаңа мазмұнмен толықтырған. Соның айқын көрінісі – «Қазалы базары: өткен ғасырдың тынысы». Мұнда ХХ ғасырдағы өңірдің сауда-саттық, қолөнер кәсібі мен халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі музей қорындағы бірегей жәдігерлер негізінде жан-жақты бейнеленген.
Жаңа форматтар – жаңа мүмкіндіктерге иек артқан рухнаят қазынашылары дәстүр мен инновацияны, тарих пен цифрды, ағартушылық пен қоғамдық белсенділікті үйлестірген. Ғылыми-зерттеу бағытында да жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Қызметкерлердің өлке тарихы мен тарихи тұлғаларға арналған зерттеу мақалалары республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда тұрақты жарияланып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар музей мамандары түрлі деңгейде ұйымдастырылатын ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарларға қатысып, ғылыми баяндамалар жасап, әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді. Аудан тарихына арналған кітаптар мен ғылыми жинақтарды әзірлеу ісіне де белсене араласады. Архив қорларындағы құжаттар мен музейде сақталған құнды материалдарды ғылыми айналымға енгізіп, зерттеушілер мен авторларға қажетті тарихи деректер ұсынады. Осындай ізденістердің нәтижесінде өңірдің өткені жаңа деректермен толығып, тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу мен оны келер ұрпаққа жеткізу ісі жүйелі жалғасын табуда.
2027 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына – 125 жыл. Осы айтулы дата қарсаңында музей түрлі бағыттағы ізденістерін қазірден қызу бастап кеткен. Қатарында аудан, аймақ, республикалық шаралар мен мақсатты жұмыстар барын білдік.
Тарихқа тағзым ету – болашаққа деген байыптылықтың көрінісі. Ал мемориалдық музейлер осы жауапкершілікті ұрпақ санасына сіңіріп, елдік рухты асқақтататын орда. Біз алдағы уақытта да жаңа жобалар, экспедициялар және цифрлық платформалар арқылы ұлттық мұраны кеңінен насихаттау жалғасатынын білдік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 шілде 2026 ж. 40 0

Азияда атой салды

18 шілде 2026 ж. 15

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031