Өнердің мәңгілік мекені
Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсіп-өркендеуі – елдің де, ұлттың да кемелденуінің көрінісі. Халқымыздың рухани байлығы мен таным көкжиегі де мәдениет пен өнердің өрісінен айқын аңғарылады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өнердің өрісін кеңейту жолында мәдениет ошақтарының алар орны орасан.Шабыттың шамын жаққан шаңырақ
Осындай ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірінде өзіндік орны бар киелі мекендердің бірі – «Ғ. Мұратбаев ауылдық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Мәдениет үйі 1972 жылы типтік жоба негізінде салынып, пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде бұл мәдени ошақ талай өнерпаздың қанатын қатайтып, ауыл мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы жылдар бойы Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас таланттардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар беретін маңызды орталыққа айналды.
Мәдениет үйі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев ауылы, Ғани Мұратбаев көшесі, №7 мекенжайында орналасқан. Ғимарат бір қабатты, 150 орындық көрермендер залы бар. Бүгінде мұнда ауыл тұрғындарына арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, әдеби-сазды кештер, мерекелік шаралар, түрлі байқаулар мен шығармашылық кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Уақыт өткен сайын мәдениет ошағының да заман талабына сай жаңарып отыруы маңызды. Осы мақсатта 2011-2012 жылдары Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат жаңа тыныс алған. Жөндеу барысында көрермендер залы мен сахна толық жаңартылып, қызметтік бөлмелер, инженерлік жүйелер заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған. Бүгінде жаңарған ғимарат ауылдың мәдениетінің өрісін кеңейТетін ортаға айналып отыр.

Өнер – ұлттың рухани болмысын айшықтайтын асыл қазына. Қай кезеңде де халықтың мәдениеті мен рухани деңгейі оның өнерге деген құрметімен өлшенген. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, дәстүр сабақтастығын жалғап, жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіру – мәдениет ошақтарының басты міндеті. Осы тұрғыдан алғанда Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйі елдің рухани өмірін байытып, ауыл мәдениетінің тынысын кеңейтіп отырған маңызды орталықтардың біріне айналған.
Мәдениет үйінде атқарылып жатқан әрбір игі іс ұлттық өнерді дәріптеуге, халықтық мұраны жаңғыртуға және өнер мен өмірдің өзара сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Мұнда ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шаралар ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жас таланттардың қанатын қатайтып, үлкен сахнаға жол ашуға мүмкіндік беріп келеді.
– Бүгінде мәдениет үйі жанынан жеті шығармашылық үйірме тұрақты жұмыс істейді. Атап айтқанда, вокал, домбыра, қобыз, би және өзге де өнер бағыттарындағы үйірмелерге ауылдың балалары мен жастары белсенді қатысады. Бұл үйірмелер олардың бойындағы табиғи қабілетті шыңдап, шығармашылық ізденістеріне жол ашып, сахна мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Сонымен қатар ел ішінде елеусіз қалып жүрген өнерлі жастарды халыққа танытып, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге тұрақты қатысып, түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болып жүр, – дейді мекеме басшысы Ақылбек Сырғалиев.Өнер өрісіндегі биік белестер
«Таланттың тамыры – ауылда» деп жатамыз. Дәл осы сөздің өміршеңдігін Ғ.Мұратбаев ауылының өнерлі жастары жыл сайын дәлелдеп жүр. Өнерге құштар өрендер түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде туған ауылдың мерейін үстем етіп, биік белестерді бағындыруда. Ал олардың қабілетін шыңдап, шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп жүрген мәдениет үйінің ұжымы бұл игі іске зор жауапкершілікпен атсалысып келеді.

Өнерге жанашыр, ауызбірлігі жарасқан ұжымның жүйелі еңбегі бүгінде нақты нәтижесін беруде. Соның айқын дәлелі ретінде Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің 2026 жылдың алғашқы алты айында аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда қол жеткізген жетістіктерін ерекше атауға болады.
Халықаралық деңгейдегі ең алғашқы ірі жетістік Алматы қаласында тіркелді. 1–5 маусым аралығында өткен «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық өнер байқауында мәдениет үйі жанынан құрылған «Қызғалдақ» би тобы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Өнерпаздар облыстық байқауларда да тұрақты түрде табысқа жетіп келеді. 18 сәуір күні Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының «Silk Way Creative Games» XVII Ұлттық жастар Дельфи ойындарының облыстық кезеңінде ән жанры бойынша бақ сынаған Омар Ақниет үздік өнер көрсетіп, ІІІ орын иегері атанды.
30 сәуір күні Қызылорда қаласында ұйымдастырылған XXVIII облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында да ауыл өнерпаздары лайықты нәтиже көрсетті. Вокал жанры бойынша өнер көрсеткен Якуб Аяжан мен Сәбит Інжу Алғыс хатпен марапатталса, аспаптық орындау жанрында Шынболат Құрман да Алғыс хатқа ие болды. Халықтық орындау жанрында бақ сынаған Темір Төремұрат жүлделі ІІІ орынды иеленсе, «Қызғалдақ» би тобы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І орын жеңімпазы атанды.
6 маусым күні Абай ауылында өткен, қазақ халқының бірлігі мен әділдігінің символына айналған тарихи тұлға Өтебас би Әйтекеұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Билік қонған басына» атты облыстық жыршы-термешілер байқауында Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің қызметкері, жыршы Жанболат Өмірзақ ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегі мен жоғары орындаушылық шеберлігі үшін Бас жүлдені жеңіп алды.
30 маусым күні Қызылорда облысының Тереңөзек кентінде Абылай ханның туғанына 380 жыл толуына орай өткен «Отан деген ордам бар» облыстық ән орындаушылар байқауында Омар Ақниет өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды.
Ал 1 шілде күні Жаңақорған ауданында Ұлттық домбыра күніне және қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналған «Домбыра – көненің көзі, бабаның үні» атты облыстық күй орындаушылар байқауында Мадияр Алман шебер орындаушылық қырынан танылып, Бас жүлдені иеленді.
Ауыл өнерпаздарының аудандық байқаулардағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.
19 қаңтар күні белгілі домбырашы, жырау, профессор Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыраудың сөзі – насихат, кешегі мен бүгінге» атты аудандық термешілер фестивалінде Жанболат Өмірзақ арнайы Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

29 қаңтар күні жерлесіміз, әнші Мәдина Әйімбетованың 85 жылдығына арналған «Қазалы дауысы» аудандық дәстүрлі вокалдық топтар байқауында Мейіржан Мырзағұлов мен Ақниеттен құралған «Жалын» дуэті үшінші орынды иеленді.
10 ақпан күні Қазақстанның өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты аудандық әншілер байқауында Мейіржан Мырзағұлов арнайы Алғыс хатпен марапатталса, Омар Ақниет «Шебер орындаушы» номинациясын иеленді. Ал Жанболат Өмірзақ жүлделі ІІ орынды еншіледі.
20 ақпан күні Кеңес Дүйсекеевтің мерейтойына арналған «Ән қанатында» аудандық жас әншілер байқауында мәдениет үйінің ән үйірмесінің мүшесі Якуб Аяжан жүлделі ІІ орынға, ал Сәбит Інжу арнайы Алғыс хатқа ие болды.
30 наурыз күні өткен XXVIII облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының аудандық іріктеу кезеңінде би жанры бойынша «Қызғалдақ» би тобы, эстрадалық вокал жанрында Сәбит Інжу, Якуб Алина, Якуб Аяжан, аспаптық орындау жанрында Шынболат Құрман, халықтық орындау жанрында Елеусіз Тәңірберген мен Темір Төремұрат өнер көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша «Қызғалдақ» би тобы, Якуб Аяжан, Темір Төремұрат және Шынболат Құрман облыстық кезеңге жолдама алды.
10 сәуір күні өткен «Үйірме – өнер баспалдағы» атты аудандық байқауда көркемсөз жанры бойынша Сәбит Еркеназ жүлделі ІІ орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Домбыра жанрында Райым Сандуғаш ІІІ орынмен марапатталса, Мәлік Ернұр Алғыс хатқа ие болды.
15 сәуір күні ақын Шөмішбай Сариевтың 80 жылдығына арналған «Сырдан басталған жыр жолы» аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауында Сәбит Еркеназ жүлделі ІІІ орынды иемденді.
23 сәуір күні Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Оқитын аудан» жобасы аясында ауыл өнерпаздары Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік – Кебек» пьесасы негізінде сахналық қойылым ұсынып, «Мәңгілік махаббат жыры» номинациясымен марапатталды.

21 сәуір күні Тастайбек Сермахановтың 70 жылдығына арналған «Мен сенің өміріңнің жалғасымын...» атты аудандық әке мен бала сайысында Әбуов Елеусіз бен Елеусіз Тәңірберген тамаша өнер көрсетіп, Бас жүлдені жеңіп алды.
22 сәуір күні Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй толқыны – ұлт рухы» аудандық аспаптық ансамбльдер байқауында ауыл намысын қорғаған «Жас Star» ансамблі жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, Бас жүлдені қанжыға байлады.
Сол күні «Қожабақы ауылдық мәдениет үйі» МКҚК ұйымдастырған Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына арналған «Желтоқсан шежіресі – елімнің мәртебесі» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасында Сапарбекқызы Нұрханым жүлделі үздік үштіктің қатарынан табылды.
27 сәуір күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – рухтың биі» аудандық би ұжымдарының байқауында «Қызғалдақ» би тобы көрерменнің де, қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болып, Бас жүлдені жеңіп алды.
18 мамыр күні «Қазақфильмнің» 85 жылдығына арналған «Өмір кадрлары – сахна сырлары» аудандық драма үйірмелері байқауында Ғ.Мұратбаев ауылындағы №91 мектептің өнерпаздары қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Ал 2 шілде күні Ұлттық домбыра күні аясында Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күмбірле күй, домбыра» атты аудандық күйшілер байқауында Шынболат Құрман жүлделі ІІ орынның иегері атанып, ауыл өнерпаздарының жетістіктер қоржынына тағы бір марапат қосты.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, туған ауылдың абыройын асқақтатты.
Қош, біз әңгіме еткен ауыл мәдениетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Байқағандарыңыздай, бұл ауылда балалардың рухани өсіп-жетілуіне айрықша көңіл бөлінген. Дәстүрлі әннің қадірін арттырып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жыл сайын түрлі байқаулар ұйымдастырылып, сөз өнері де назардан тыс қалмай, жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ерекше мән берілуде. Сондай-ақ елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнері мен өнегесін жас ұрпаққа таныту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Тағылымы мол кездесулер мен әсерлі сұхбаттар, мазмұнды мәдени шаралар да ауыл тұрғындарының басын қосып, рухани дүниесін байыта түсуде. Сонымен қатар жастарға елін сүюді, туған жерін құрметтеуді дәріптейтін патриоттық тәрбиенің де орны ерекше.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













