Ыстықта көлікте қалдыруға болмайтын қауіпті заттар тізімі
Жазғы аптап тек жүргізушілер мен жолаушылар үшін емес, сонымен қатар көлікте қалған заттар үшін де қауіпті болуы мүмкін. Мұның кезекті дәлелі әлеуметтік желілерде пайда болды: салондағы жоғары температура салдарынан полироль құйылған шағын құты жарылып кеткен. Қысымның әсерінен ол алдыңғы әйнекті тесіп, кептеліп қалған, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Видео авторының айтуынша, оқиға кезінде көлікте ешкім болмаған, сондықтан ешкім зардап шекпеді. Дегенмен, бұл жағдай жаз мезгілінде автокөлік салонының өте жоғары температураға дейін қызатынын тағы бір мәрте еске салды.
Неге бұлай болды?
Тіпті сыртта 35–40 градус жылы болса да, күн астында тұрған көліктің ішіндегі температура жарты сағаттан кейін-ақ 60–70 °C-тан асуы мүмкін, ал аспаптар панелі, рөл немесе торпедо сияқты жекелеген беттер бұдан да қатты қызады. Рөлді немесе беріліс қорабының тұтқасын ұстау мүмкін болмай қалатын сәт бәріне таныс шығар?
Мұндай жағдайлар әдеттегі ауа райында салонда жататын кейбір заттар үшін қауіпті болуы мүмкін. Олар кеңейе бастайды, ериді немесе қаптаманың ішінде артық қысым тудырады, бұл өте жағымсыз салдарға әкеп соғады.
Жазда көлікте қалдыруға болмайтын 9 қауіпті зат
Аэрозоль құтылары
Ауа хош иістендіргіштер, полирольдер, бояулар, тазартқыштар, монтаждау көбігі және басқа да аэрозольдер жоғары қысымда болады. Қатты қызған кезде құты бұзылуы немесе тіпті жарылып кетуі мүмкін.
Газ оттықтар
Жоғары температурада корпустың ішіндегі газ кеңейеді. Нәтижесінде оттық жарылуы немесе одан да жаманы, тұтанып кетуі мүмкін.
Пауэрбанктер және қосалқы литий аккумуляторлары
Литий-ионды батареялар қызып кетуге өте бейім. Күн астында ұзақ тұру олардың тозуын тездетеді, ал кейбір жағдайларда өртке әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан оларды күн сәулесі тікелей жерлерде қалдырмаған жөн.
Электрондық құрылғылар
Смартфондар, планшеттер, ноутбуктер, бейнетіркегіштер мен камералар да жоғары температурада ұзақ тұруға арналмаған. Жарылыс бола қоймас, бірақ қызып кету - электрон құрылғылар үшін өте зиян.
Ол аккумуляторларды тез істен шығарады, экрандар мен электрониканың өзіне зақым келтіреді.
Батареялар
Сілтілі (AA, AAA) және басқа да тұрмыстық батареялар ұзақ уақыт қызуға төзімсіз келеді. Жоғары температурада олар сыйымдылығын тез жоғалтады, ал кейбір жағдайларда олардан сұйықтық ағуы мүмкін. Егер батареялар шамның, пульттің, ойыншықтың немесе басқа құрылғының ішінде болса, аққан электролит электрониканы зақымдауы мүмкін.
Әсіресе, салпыншақтарда (брелок), көлік кілттерінде және басқа электроникада қолданылатын литий батареяларын (мысалы, CR2032) ыстық салонда қалдыру өте қауіпті.
Дәрі-дәрмектер
Дәрі-дәрмектерді ыстық жерде сақтауға мүлдем болмайды. Мысалы, инсулин, антибиотиктер, кейбір көзге тамызатын дәрілер және басқа да препараттар белгілі бір температурада сақтауды талап етеді.
Қызып кеткеннен кейін олар өз тиімділігін жоғалтуы мүмкін.
Су құйылған пластик шөлмектер
Шөлмектің өзі жарылмайды, бірақ күн сәулесінің әсерінен пластиктен зиян заттар бөлініп, кейін ол ағзаны улауы мүмкін.
Сонымен қатар, күн астында қалған мөлдір шөлмек сирек жағдайларда линза ретінде әсер етіп, белгілі бір нүктенің қатты қызуына себеп болуы ықтимал.
Парфюмерия және косметика
Жоғары температура әтірлердің, кремдердің және сәндік косметиканың қасиеттерін нашарлатады. Бүріккіші бар құтыларда да артық қысым пайда болып, жарылыс көзіне айналуы мүмкін.
Газдалған сусындар
Ішкі қысымның артуына байланысты газдалған сусындар құйылған жабық банкалар мен шөлмектер кейде деформацияланады немесе өздігінен ашылып кетеді.
Бұл өмірге қауіпті емес, бірақ салонды қымбат химиялық тазалаудан өткізуге тура келуі мүмкін (әсіресе сусын тәтті немесе бояғышы бар болса).
Аптапта көлік пен заттарды қалай қорғауға болады: 3 қарапайым ереже
Әрине, ең алдымен күн сәулесі тікелей түсетін тұрақтардан аулақ болған жөн. Көлікті жерасты тұрағына қойған немесе ағаш көлеңкесіне тоқтатқан дұрыс. Төтенше жағдайда қорғаныс жамылғысымен жауып қойыңыз.
Бірақ көлікті бәрібір күн астында қалдыруға тура келсе:
- алдыңғы әйнектің астына күннен қорғайтын жабындарды қолданыңыз;
- салонда аэрозольдерді, оттықтарды және литий аккумуляторларын қалдырмаңыз;
- жолға шықпас бұрын салонды желдетіп алыңыз немесе көлікті қашықтан оталдыру мүмкін болса, климат-бақылауды алдын ала қосыңыз.
Тіпті зиянсыз болып көрінетін шағын заттың өзі аптапта күрделі мәселелерге себеп болуы мүмкін. Полироль құтысының жарылуына қатысты оқиға жоғары температураның әсерінен кәдімгі автохимияның қауіпті снарядқа айналуы мүмкін екенін көрсетті.












