Дәрігер аптап ыстықта ішу қауіпті алкогольді сусындарды атады
Фото: pexels.comЭндокринолог Олег Нанкин ыстық ауа райында кез келген алкогольді сусындардың ағзаға ауыр және зиян екенін ескертті. Сондай-ақ дәрігер олардың ішіндегі ең қауіптісін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Маманның айтуынша, алкогольдің ең зияны – тәтті алкогольді сусындар. Оның сөзінше, мұндай сусындар шөлді күшейтіп, ағзаның сусыздануына әкеледі. Сонымен қатар оларды ішу оңай болғандықтан, адам байқамай белгіленген мөлшерден көп ішіп қоюы мүмкін.
Арақ, виски, ром немесе текила сияқты күшті алкогольді ішімдіктерді қолдану да аса қауіпті. Олар салқындық сезімін тудыруы ықтимал, шын мәнінде дененің қызуын арттырады.
"Егер мұндай алкогольді жағажайда, ашық күн астында немесе белсенді демалыс кезінде ішсе, күн өту қаупі айтарлықтай артады", – деп ескертті дәрігер.
Сондай-ақ ол сыраның шөлді баспайтынын атап өтті. Себебі сыра несеп айдайтын әсер береді, соның салдарынан ағза алған сұйықтықтан көбірек мөлшерде сұйықтық жоғалтады.
Дәрігердің айтуынша, ағзаның қызып кету белгілерін алкогольдік масаюмен шатастырып алу оңай. Соның салдарынан адамға дер кезінде көмек көрсетілмеуі мүмкін.
Қауіпті азайту үшін маман күннің ең ыстық уақытында алкоголь ішпеуге, әсіресе, аш қарынға тұтынбауға кеңес берді. Сондай-ақ әрбір стақан алкогольден кейін су ішуді және ішілген алкоголь мөлшерін мұқият бақылауды ұсынды.










