Қызылордада заңсыз қоқыс орындары толық жойылды
Қызылорда облысында жыл басынан бері қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Искаков мәлімдеді.Жылдың алғашқы алты айында департамент 37 субъектіге бақылау жүргізіп, нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 83 дерегін анықтады. Заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар беріліп, кінәлі тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, өндірістік экологиялық бақылау есебін тапсырмаған 17 табиғат пайдаланушы жауапкершілікке тартылды.
"Есепті кезеңде құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер барысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 6 дерегі анықталды. Ал ғарыштық мониторингтің нәтижесінде облыс аумағынан рұқсатсыз орналасқан 50 қоқыс орны анықталып, олардың барлығы толықтай жойылды. Осылайша Қызылорда бұл көрсеткіш бойынша республикадағы алғашқы өңірлердің бірі болды. Зертханалық бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізілді. Жарты жыл ішінде 265 сынама алынып, 2147 зертханалық зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға әсер ететін бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен қатар, «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, өңірде атмосфералық ауа мен су нысандары бойынша жоғары немесе экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелген жоқ" , - деді Алмас Ілиясұлы.
Өңірдегі ірі өндіріс орындарында қоршаған ортаға эмиссияларды автоматты бақылау жүйелері толық енгізілген. Бұл жүйелер арқылы кәсіпорындардың шығарындылары туралы мәліметтер Ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде беріліп отыр.
"Біздің басты мақсатымыз табиғат пайдаланушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылауды күшейту. Заңсыз қоқыс орындарын толық жою, цифрлық мониторингті енгізу және өндірістік бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі", – деді Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Искаков.
Бұдан бөлек, өңірде «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ» және «Жер сағаты» экологиялық акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ тұрғындарға Telegram-бот арқылы заңсыз қоқыс орындары мен экологиялық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау мүмкіндігі кеңінен насихатталуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі














