Қазақстанда халық саны азаятын өңірлер белгілі болды

Фото:El.kz
Energyprom сарапшылары БҰҰ мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамдарын талдап, Қазақстандағы демографиялық ахуал алдағы ондаған жылда айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сарапшылардың бағалауынша, тіпті ең қолайлы сценарийдің өзінде елдегі туу көрсеткіші төмендеуін жалғастырады. Соның салдарынан 2050 жылға қарай Қазақстанның 20 өңірінің 12-сінде халық саны азаюы ықтимал. Жалпы ел бойынша туу коэффициенті 1,8-ге дейін төмендеуі мүмкін.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, ең үлкен демографиялық құлдырау Солтүстік Қазақстан облысында байқалуы мүмкін. Бұл өңірдегі халық саны қазіргі деңгейден екі есеге дейін қысқарады деген болжам бар. Сонымен қатар Абай, Жетісу және Қостанай облыстарында тұрғындар саны шамамен үштен бірге азаюы ықтимал. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да халық саны төрттен бірінен астамға кемиді деп күтіледі.
Астана мен Алматыда халық саны көбейеді
Сонымен қатар елдегі ірі қалалардың халқы керісінше өседі. Сарапшылардың есебінше, 2050 жылға қарай Астана тұрғындарының саны 4 миллионнан асады. Алматыда халық саны 3,6 миллионнан, ал Шымкентте 2 миллионнан артуы мүмкін. Бұл коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені күшейтеді.

Өсім күтілетін өңірлер қатарында Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Атырау және Түркістан облыстары бар. Жалпы алғанда, 2050 жылға қарай Қазақстан халқы шамамен 20 пайызға өсіп, 24,1 миллионнан асады деген болжам жасалған.
Туу деңгейі өлім-жітімнен жоғары болуы мүмкін
Алайда демографиялық құрылым өзгере бастайды. Сарапшылардың пікірінше, туу көрсеткіші халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін деңгейден төмендеп, Қазақстан көптеген дамыған мемлекеттерге тән демографиялық кезеңге аяқ басады.
БҰҰ болжамы біршама оң болғанымен, ол да ұзақ мерзімде туу қарқынының бәсеңдейтінін көрсетеді. Соған қарамастан, 2100 жылға қарай Қазақстан мен Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтағы туу деңгейі өлім-жітімнен жоғары болып қалатын екі елдің қатарында болуы мүмкін.
Мамандар қазіргі таңда елдегі балалар санының көп болуы халықтың күрт азаюын біраз уақыт тежейтінін айтады. Олар еңбек нарығына қосылып, жаңа отбасылар құрған сайын жалпы халық санының төмендеу үдерісі баяулайды. Дегенмен ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан да әлемдегі көптеген мемлекеттер сияқты халықтың қартаюы мен туу көрсеткішінің төмендеуі мәселесіне тап болады.












