Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы – «Үздік перинаталдық орталық» атанды

Медицина қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты шарада Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы жоғары кәсіби жетістіктері үшін «Үздік перинаталдық орталық» номинациясының жеңімпазы атанды.
Мәртебелі марапатты орталықтың бас дәрігері Олег Ким денсаулық сақтау министрінің қолынан алды.
Бұл жоғары марапат – перинаталдық орталық ұжымының ана мен бала денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбегі мен кәсібилігінің, сондай-ақ заманауи медициналық қызмет көрсетудегі жоғары сапасының айқын дәлелі.
Бүгінде орталық мамандары тәулік бойы қызмет көрсетіп, мыңдаған сәбидің өмірге аман-есен келуіне және аналардың денсаулығын сақтауға сүбелі үлес қосып келеді. Заманауи технологиялар мен білікті кадрлардың үйлесімді жұмысы өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау ісінің сапалы деңгейде жүзеге асуына мүмкіндік беруде.
Аймақ медицинасының мерейін үстем еткен бұл жетістікпен Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының барша қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, кәсіби табыстарыңыз арта берсін!












