Қазақстандағы жасанды жаңбырдың мәнісі тереңде болып шықты
Қазақстан ауа райын басқару технологиясын сынап жатыр: сарапшылар қандай тоқтамға келді?
Фото:ЖИ
Қазақстан аймақта алғашқы болып жауын-шашынды жасанды жолмен шақыру тәжірибесін іске қосқан ел ретінде тарихқа енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алайда бұл "инновациялық" қадам Орталық Азияның онсыз да нәзік экожүйесіне нұқсан келтіруі мүмкін деп, көршілес мемлекеттер, әсіресе Қырғызстан қауіптеніп отыр.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің экс-төрағасы Ақылбек Жапаровтың пікірінше, бір мемлекеттің өз аумағында жауын-шашын көлемін қолдан әрі мәжбүрлі түрде арттыруы аймақтағы басқа елдерде атмосфералық ылғалдың табиғи бөлінісін заңды түрде азайтуы мүмкін. Бішкекті қазақстандық бұл сынақтың бүкіл Орталық Азия үшін тіршіліктің нәрі мен тұщы судың негізгі қайнары саналатын қырғыз мұздықтарына тигізер салдары қатты алаңдатады.
Тіпті Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) да ресми Астанаға қайрылып, трансшекаралық процестерге тікелей әсер ете алатын мұндай ауқымды климаттық жобаларды бастамас бұрын, көршілес елдерді алдын ала хабардар етуді ұсынды.
Дегенмен, құқықтық тұрғыда Астана ешқандай халықаралық міндеттемелерін бұзып отырған жоқ. Себебі, қазіргі халықаралық құқықта жауын-шашынды жасанды жаудыру технологияларын бейбіт мақсатта пайдалануды реттейтін бірде бір бірыңғай тетік әлі күнге жасалмаған.
Табиғи аномальді фронт па, "жасанды" топан су ма?
Халықаралық дауды былай қойғанда, метеорологиялық тосын жайттар қазақстандықтардың да зәресін ұшырып отыр. Әлеужелілерде Ақмола, Қостанай және басқа облыстардың тұрғындары толассыз жауған "түсініксіз" жаңбырға жаппай шағымдануда. Тіпті кейбір ауданда 1 айлық жауын-шашынның мөлшерін 1-ақ тәулікте құйып тастаған!
"Қостанайда маусымның алғашқы онкүндігі аномальді жауын-шашынды болды: бір тәуліктің ішінде бір айлық нормаға жуық жауын-шашын (37,5 мм) түсіп, салдарынан су басу деректері тіркелді. Өңірде құбылмалы ауа райы сақталып тұр. Жаңбыр кей жерлерде найзағай ойнап, бұршақ жауатын ұланасыр нөсерге ұласуда. Ақжауын ауыртпалығын канал-кәріздер әрең еңсеріп жатыр. Облыс орталығына жақын аудандарда ірі бұршақ жауып, салдарынан егін де, қала маңындағы бау-бақша да зақымданды", – деп дабыл қақты Nashkostanay.
Ал, "Наша Газета" басылымы бұл апатты нөсер жаңбыр тағы бір аптаға созылады деген суық болжамды келтірді.
Ақжауын, бұршақ және екпіні 20 м/с-қа жететін дауылды желге душар болған Ақтөбе облысында да жағдай мазасыз көрінеді. Diapazon.kz-тің жазуынша, жергілікті құтқарушылар аймақ тұрғындарын барынша сақ болуға шақырып, көліктерді ағаштар мен тозығы жеткен конструкциялардың астына қоймауды, сондай-ақ қала сыртындағы трассаға шығу кезіндегі қауіптерді мұқият ескеруді өтініп, дабыл қақты.
Бұл суыт хабардың астына ақтөбеліктер 150-ге жуық пікір қалдырып, бұл апатқа климаттық эксперименттерді айыпты деп санайтындарын жеткізді: "Саяжайға баруға қорқамын. Неше күннен бері бірде жаңбыр құйып, бірде жел соғып, бет қаратар емес", "Міне, екі аптадан бері тоқтамай төгіп тұр, табиғатқа қол сұқтық, енді соңы қайырсыз болғаны ма? Бұлай бара берсе, топан су қалаларды шайып кетеді", "Жасанды жаңбырмен ойнаймыз деп асыра сілтеп жібердік-ақ", "Жасанды жаңбырдың нәтижесі болса керек, жерде өсімдік атаулы шіріп жатыр, ал, біз сынақ жасап әлекпіз", – деп ашына бөлісті аймақ тұрғындары.
Ең күрделі әрі апатты жағдай оңтүстікте өршіп тұр. Бұған дейін Түркістан облысының фермерлері қауын өнімінің жаппай шіріп кетуіне жасанды жаңбыр шақыру жобасын тікелей айыптаған болатын. КТК телеарнасының мәліметінше, Жетісай және Мақтаарал аудандарының диқандары ұзаққа созылған жауын-шашыннан қатты зардап шегуде. Олар бұл топан судың адам қолымен жасалғанына сенімді және маңдай тер, адал еңбегін еш кетіріп жатқанына өкінеді.
"Қараңызшы, қауынның жемісі де, тамыры де шіріп кеткен, бұдан енді ештеңе өспейді, өнбейді. Біз қауын егу үшін несие алдық, отбасымыз тоқ болады, табысқа қарық болады деп үміттендік. Енді не істейміз? Кімнен көмек сұраймыз?" – деп мұңын шақты фермер Бақтияр Толбасов.
Диқандардың пікірінше, қауынның барлық сорты жаппай шіріп жатыр. Бұл кесапаттан арнайы препараттар да, ең қымбат тыңайтқыштар да құтқара алар емес. Жарты жылдық бейнет заяға кетті, қаржылық шығын қалтаға жойқын соққы бергелі тұр, дейді егіншілер.
Бастапқыда шенеуніктер "жасанды жаңбыр деген игілік: бұл жаңа технология арқасында өңір су тапшылығын ұмытады!" деп уәде берген еді. Енді егін алқаптарында апат орнағанда, сала мамандары бәріне тек табиғи циклон кінәлі деп бастарын ала қашуда.
"Жаңбырды жасанды жолмен шақыру диаметрі шамамен 5 шақырымды ғана құрайтын қатаң белгіленген аумақта жүргізіледі. Реагенттер нақты нүктелерде және тек қолайлы бұлттар болған жағдайда ғана шашылады. Мына жағдайда нөсерлер – таза табиғи құбылыс", – деп ақталды Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының "Тұран су" ШЖҚ МКК директоры Қазыбек Бедебаев.
Билік өкілдері өнімнің шығын болуы жаппай сипатқа ие емес және бұл мәселені жергілікті деңгейде шешуге болады деп есептейді. Фермерлер бұл уәжге сенбейді: жауапты тұлғалардың шығын көлемін өз көзімен көріп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін алқапқа аяқ баспағанына ренжиді.
Жасанды жауын-шашын климатқа әсер ете ме?
Бір жерде жаңбырды мәжбүрлі түрде жауғызу басқа аймақтарда жаппай құрғақшылыққа соқтыруы мүмкін бе? Бұл маңызды сұраққа Jibek Joly телеарнасының эфирінде Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова жауап берді.
"Жобаның негізгі мақсаты – құрғақшылықтың алдын алу. Өткен жылы Түркістан облысында 8 айдан астам уақыт бойы жауын-шашын болмаған қуаңшылық кезеңдері болды. Бұл фермерлер үшін елеулі қиындықтар туғызды. Біз бірнеше елдің тәжірибесін және халықаралық метеорологиялық ұйымдардың ұсынымдарын зерттедік. Ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибеге сүйеніп, осы жобаны іске қостық", – деп түсіндірді ол.
Сарапшы мұндай технологиялардың әлемде – АҚШ, Қытай, Канада, Еуропа және Таяу Шығыс елдерінде шамамен 50 жылдан бері сәтті қолданылып келе жатқанына екпін түсірді. Әлия Оспанова бұлтты "сауу" механизмін сипаттады.
"Біз аспанда жаңа бұлттар жасамаймыз. Арнайы ұшақ тек қалыптасып үлгерген жаңбыр бұлттарымен ғана жұмыс істейді. Олардың үстіне экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тұз реагенттері шашылады. Бұл ылғалдың кристалдану процесін тездетеді және жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады. Бұл ретте әсер ету аймағы қатаң шектелген және жаңбыр үлкен аумақтарға таралмайды", – деді Оспанова.
Ғалымдар мен шенеуніктер байламы: "Бұл жай ғана циклон"
Ресми тұлғалар мен жоба авторлары "климаттық соққы" туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығаруда. "Қазгидромет" РМК пилоттық жобаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Ұлттық синоптикалық ведомство бұл бірегей сынақты бірлескен күштер консорциумы: БАӘ Ұлттық метеорологиялық орталығы, Түркістан облысының әкімдігі, Жасанды интеллект министрлігі, "Қазгидромет" РМК және "Қазаэронавигация" жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.
"Жобаның дайындық кезеңі ауқымды болды: ол ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтыды. Сарапшылар 39 метеорологиялық станцияның 2020–2024 жылдар аралығындағы үлкен деректер қорын талдап шықты. Атмосфералық процестер мен жер бедері ерекшеліктерін кешенді зерттеу нәтижесінде дәл осы Түркістан облысы ең перспективалы пилоттық аумақ ретінде анықталды", – деп хабарлады "Қазгидромет".
Оның мамандары бұл технологияның тек табиғи жолмен қалыптасқан, "тік дамыған будақ, жаңбырлы бұлттар" (Cumulonimbus) болған жағдайда ғана қолданылатынын нықтады.
"Бұл ықпал ету шарасы тек жергілікті және қысқа мерзімді сипатқа ие. Ол жаһандық климаттық процестерге әсер ете алмайды немесе ауа массаларының қозғалыс траекториясын өзгертпейді. Пилоттық жоба барысында алынған мәліметтер технологияның тиімділігіне қатаң ғылыми баға беруге және оның өңірдегі су теңгерімін қолдау мен ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғаудағы әлеуетін егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді", – деп қорытты "Қазгидромет".
Экология мен егінге зияны: Экология министрлігінің ұстанымы
Аграршылар арасындағы үрей мен наразылыққа қарамастан, Экология және табиғи ресурстар министрлігі технологиялық сынақтар мен ауыл шаруашылығындағы шығындар арасында еш байланыс жоқ деп табандап отыр.
Журналистер Экология бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевтен Түркістан облысындағы қауын өсірушілердің "жасанды жаңбыр астықтың 80%-ын шірітті" деген байламына қатысты түсініктеме сұрады.
"Бүгінде бұл сынақтар әлі де жүргізіліп жатыр, түпкілікті сараптамалық қорытындылар жоқ. Негізгі оператор – Жасанды интеллект министрлігі. Ал, біздің "Қазгидромет" ғылыми бөлігін қамтамасыз етеді. Әзірге түпкілікті қорытынды жасауға ерте, бірақ оның теріс әсері туралы айтуға негіз жоқ. Қауын өсірушілердің шағымдарына келсек, дәл осы кезеңде аймақ үстінен табиғи найзағайлы фронт өтті. Сондықтан ұзаққа созылған жаңбырлардың сипаты табиғи болды", – деп жауап берді вице-министр.
Оның әріптесі, Экология вице-министрі Мансур Ошурбаев эксперименттің техникалық егжей-тегжейлеріне тоқталып, ведомство тарапынан жұмыс барысын "Қазгидрометтің" қадағалап отырғанына сендірді.
"Жағдайды "Қазгидромет" өз бақылауына алды. Біздің жауапкершілік аймағымыз – нақты метеорологиялық мәліметтерді ұсыну және Түркістан облысының үстінен өтетін бұлттардың сулылығын бағалау ғана. Экологиялық тұрғыдан алғанда, біз жауған жауын-шашынның химиялық талдауын жүргіземіз. Жалпы, әлемдік тәжірибе мұның таза экологиялық өнім екенін көрсетіп отыр. Оның мақсаты – су тасқыны кезінде қажетті су көлемін ала алмаған су қоймаларындағы су шығынын толтыру", – деді Ошурбаев.
Сондай-ақ, бас экологтың орынбасары бір аймақты жасанды жаңбыр басып қалып, екіншісі соның кесірінен құрғақшылықтан зардап шегетін жағдайдың туындауы мүмкін еместігін мәлімдеп, қоғамды тыныштандыруға тырысты.
Экология министрлігі мынадай батыл қорытынды жасады: егер бұл сынақтың барлық кезеңдері табысты аяқталып, нәтижелер экологиялық әрі технологиялық нормативтерге толық сәйкес келсе, онда жауын-шашынды қолдан жауғызу тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне, соның ішінде суға зар болған Қызылорда облысына да таратылып, ауқымы кеңейтіледі.
Инновация мен табиғат заңдылығы тірескен бұл жобаның соңы немен тынары әлі де жұмбақ.










