Қазақстанда геологиялық барлау жұмысына 470 млн долларға жуық қаржы бөлінеді
Жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады

Фото: freepik.com
Премьер-министр Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысты. Жиында Үкімет басшысы Қазақстан болашақта жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаратын өндірістерді іске қосу үшін геологиялық барлау жұмысына инвестиция салып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Бектенов өз сөзінде геологиялық барлау жаңа кен орындарын ашу, минералдық-шикізат базаны кеңейту және болашақ инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін айқындайтынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын дамытуға және елдің ресурстық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта еліміздің аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмысы басталды. Жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан 470 млн долларға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас. Біздің міндетіміз – аумақтың зерттелу деңгейін арттырумен ғана шектелмей, озық технологияларға, цифрлық шешімдерге және халықаралық серіктестікке негізделген заманауи геология саласын қалыптастыру. Дәл осы жаңа кен орындарының ашылуы алдағы уақытта пайдалы қазбаларды өндіру, қайта өңдеу және жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың негізіне айналуы тиіс», – деп атап өтті премьер-министр.












