Қаржы нарығындағы әйелдердің ықпалы артып келеді

фото: Pixabay.com
Әйелдердің инвестициядағы басымдықтары да өзгеше. Олар экология, әлеуметтік жауапкершілік және басқару қағидалары ескерілетін тұрақты жобаларға көбірек қаржы салады.
DW агенттігінің дерегінше, әйелдер ұзақ уақыт бойы инвестиция және капитал салу саласында айтарлықтай рөл атқарған жоқ. Сол себепті бүгінде қор нарығындағы акциялардың шамамен үштен екісі ер адамдардың иелігінде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әйелдердің инвестиция жасау кезінде әлі де көптеген кедергілерге тап болуының бірнеше себебі бар. Ең бастысы — әйелдердің орташа табысы ерлерге қарағанда төмен, сондықтан олардың инвестициялауға қоятын қаражаты да аз болады. Бұған қоса, көптеген елдерде қыз балалар ерлермен бірдей деңгейде білім алмайды, әсіресе қаржылық сауаттылық жағынан. Соның салдарынан кейінірек қаржы мәселелерінде тәжірибесі төмен болып шығады.
Тарихи тұрғыдан да әйелдердің қаржы секторына қолжетімділігі шектеулі болды. Мысалы, Ұлыбританияда әйелдерге 1970-жылдардың ортасына дейін Лондон қор биржасында сауда жасауға рұқсат етілмеген. Тіпті банк шотын ашу үшін де әкесінің не күйеуінің келісімі қажет болған кездер болған.
Әйелдерге арналған жаңа инвестициялық мүмкіндіктер
Соңғы жылдары инвестиция саласында әйелдер жетекшілік ететін бастамалар көбейе бастады. Онлайн-инвестициялық платформа eToro компаниясының өкілі Стефани Уилкс-Уиффеннің айтуынша, 2025 жылы компания әйелдердің инвестицияға қызығушылығын арттыруға бағытталған Loud Investing атты науқан бастаған. Бұған Ұлыбританиядағы Boring Money зерттеуінің нәтижелері түрткі болған. Зерттеуде инвесторлардың 60 пайызы ер адамдар екені айтылған.
Loud Investing — әйел инвесторларға арналған жалғыз жоба емес. Қазір көптеген онлайн-брокерлер әйелдерге бағытталған жарнамалық науқандар өткізіп, подкасттар шығарып, әйелдер спорт командаларына демеушілік көрсетіп жатыр. Стефани Уилкс-Уиффеннің пікірінше, мұндай бастамалар қанша көп болса, сонша жақсы. Бір жоба әсер етпесе, басқа біреуі қызықтыруы мүмкін.
Әйелдер инвестицияны басқаша жүргізеді
Уилкс-Уиффеннің айтуынша, әйелдердің сабырлылығы мен тәртіпке бейімділігі сияқты артықшылықтарын мойындай білу маңызды. Сондай-ақ әйелдер өздерін еркін сезінетін орта қалыптастыру керек. Мысалы, eToro оқыту бағдарламаларында әйел модераторларды көбірек тартып, алғаш рет инвестиция жасап жатқан әйелдердің психологиялық қиындықтарына назар аударады.
Зерттеулер әйелдердің де мықты инвестор бола алатынын көрсетеді. Қаржы әлемінде көбіне әйелдердің тәуекелден қашатыны және өзіне сенімсіз болатыны айтылады. Бірақ Лондондағы Корольдік колледждің қаржы саласы бойынша доценті Ильва Бэкстром бұл пікірге күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, мәселе керісінше — шамадан тыс өзіне сенімділік инвестиция нәтижесін нашарлатады. Ер адамдар көбіне жоғары тәуекелге барып, қысқа мерзімді шешімдер қабылдап, қаржылық шығынға ұшырайды. Ал әйелдер инвестиция жасағанда жиі жақсы нәтиже көрсетеді. 2018 жылы Warwick Business School жүргізген зерттеуде әйел инвесторлардың нәтижесі ерлерден 1,8 пайызға жоғары болған.
Әйелдердің инвестициядағы басымдықтары да өзгеше. Олар экология, әлеуметтік жауапкершілік және басқару қағидалары ескерілетін тұрақты жобаларға көбірек қаржы салады. Sophia қаржылық білім беру компаниясының негізін қалаушы Кристин Юдің айтуынша, әйелдер ақшаға мүлде басқаша қарайды, бірақ олардың қажеттіліктері қаржы саласында әлі толық ескерілмейді.
Әйелдер ерлерге қарағанда кәсіби қаржылық кеңеске жиі жүгінеді. Әсіресе отбасы жоспарлау, ажырасу немесе жұбайынан айырылу сияқты өмірдегі маңызды кезеңдерде бұл қажеттілік арта түседі.
Әйелдердің қаржылық ықпалы артып келеді
Онлайн-брокерлер үшін әйел клиенттердің көбеюі де тиімді. Сарапшылардың пікірінше, бұл — екі тарапқа да пайдалы жағдай. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметіне сәйкес, қаржы қызметтері саласы әйелдерді көбірек тартса, табысын 700 миллиард долларға дейін арттыра алады.
Болашақта әйелдердің қаржылық жағдайы, әсіресе Азияда, айтарлықтай жақсарады деген болжам бар. Бұған мұрагерлік арқылы капиталдың берілуі әсер етеді. Сондықтан қаржы саласы әйелдерге арналған ұсыныстарын жетілдіруге мәжбүр. Әйтпесе, әйелдер басқа платформаларға кетіп қалуы мүмкін.
Соңғы жылдары әйелдерге бағытталған қаржылық блогерлер мен инвесторлар қауымдастықтары да көбейіп келеді.
Жас буын инвестицияға көбірек қызығады
Мангейм университетінің зерттеушісі Леа Циммерердің айтуынша, жастар арасында гендерлік айырмашылық азайып келеді. 18 бен 30 жас аралығындағы жастар инвестицияға белсендірек қатысады және онлайн-брокерлерге көбірек сенеді. Инфляция, өмір сүру құнының өсуі және болашақ зейнетақыға қатысты алаңдаушылық жастарды өз қаржысын өздері басқаруға итермелеп отыр.
Әйелдер кейін де инвестиция жасауды жалғастыра ма?
Дегенмен сарапшылар асығыс қорытынды жасамауға шақырады. Жас әйелдердің қазір көбірек инвестиция жасап жүргені олардың өмір бойы белсенді инвестор болып қалатынын білдірмейді. Леа Циммерердің айтуынша, 40–50 жас аралығындағы әйелдер сақтық танытады. Өйткені бұл кезеңде олар көбіне отбасы міндеттеріне көбірек көңіл бөліп, қаржысын басқаруға аз уақыт бөледі. Кейін ажырасу немесе жұбайынан айырылу сияқты жағдайларда инвестиция салуға қайта оралатындар көбейеді.
Сондықтан қазіргі жас буын әйелдердің болашақта да белсенді инвестор болып қала ма, әлде алдыңғы буынның жолын қайталай ма — бұл әзірге белгісіз. Ильва Бэкстромның пікірінше, қысқа мерзімді үрдіске ғана сеніп отыру жеткіліксіз. Шынайы теңдік орнату үшін нақты әрі ауқымды өзгерістер қажет.












