Зейнетақының жеткілікті шегі қалай есептеледі: 20 жастағыларға неге 6 млн теңгеден астам жинақ керек?
20 жастағы азаматтың зейнетке шығуына шамамен 40 жыл уақыт бар. Осы мерзім ішінде оның жинақтары инвестициялық табыс әкеліп, болашақтағы зейнетақы төлемдерінің негізін қалыптастыруы қажет.

фото:baq.kz коллажы

фото:baq.kz коллажы
Қазақстанда 20 жастағы азаматтар үшін зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) 6 миллион теңгеден асатыны көпшілікті таңғалдырады. БЖЗҚ мұның себебі зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді сипатына байланысты екенін түсіндіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қордың ақпаратынша, әлемнің көптеген елінде азаматтар зейнетақы жинақтарын еңбек жолы барысында, яғни 30-40 жыл бойы қалыптастырады. Сондықтан ерте жаста жеткілікті көлемдегі зейнетақы капиталын жинау іс жүзінде мүмкін емес. Бұл халықаралық тәжірибе мен актуарлық есептеулер арқылы дәлелденген.
Сонымен қатар еңбек қызметінің бастапқы кезеңінде аударылған зейнетақы жарналары ең ұзақ уақыт бойы инвестицияланып, «күрделі пайыз» қағидатының арқасында жоғары инвестициялық табыс әкеледі. Осыған байланысты жас кезінде зейнетақы жинағын пайдалану болашақтағы жинақ көлемінің айтарлықтай азаюына алып келуі мүмкін.
Ең төменгі жеткілікті шегі азаматтың қазіргі жалақысына емес, болашақта алуы тиіс зейнетақысының мақсатты мөлшеріне қарай есептеледі. Яғни белгілі бір жаста зейнетақы шотында қанша қаражат болуы керектігі анықталады. Бұл сома салымшы кейін жарна аударуды тоқтатқан жағдайда да, қартайғанда жеткілікті деңгейде зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беруі тиіс, - деп түсіндірді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
Мысалы, 20 жастағы азаматтың зейнетке шығуына шамамен 40 жыл уақыт бар. Осы мерзім ішінде оның жинақтары инвестициялық табыс әкеліп, болашақтағы зейнетақы төлемдерінің негізін қалыптастыруы қажет.
БЖЗҚ мәліметінше, қандай да бір себеппен жас азамат зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, шотында 6 миллион теңгеден астам қаражат болса, инвестициялық кірістің арқасында ол зейнеткерлік жасқа жеткенде ең төменгі зейнетақы стандартына сәйкес келетін төлемдер алуға мүмкіндік беретін жинақ қалыптастыра алады.
Бұл тәсіл зейнетақы аннуитеттерін есептеу қағидатымен де сәйкес келеді. Өйткені өмір бойы төленетін аннуитет құны сақтандыру компаниясы тарапынан азаматтың жасына немесе табысына қарай төмендетілмейді. Сол сияқты ең төменгі жеткіліктілік шегі де болашақта қажетті деңгейдегі зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін белгіленген есептік мөлшерден төмен болмауы тиіс.
Белгілі болғандай, Қазақстандықтар соңғы 5,5 жылда зейнетақы жинағынан 5,8 трлн теңге шешіп алған.










